Батыс Қазақстан облысында жыл басынан бері 108 адам қызылша жұқтырған. Оның ішінде қаңтар айында 25, ақпанда 83 жағдай анықталған. Науқастардың 90,7%-ы — 14 жасқа толмаған балалар. Бұл туралы облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысы Нұрлыбек Мұстаев хабарлады.
Орал қаласында екі айда 84 адамнан вирус анықталды. Бәйтерек ауданында 9, Бөрлі ауданында 8, Теректіде 4, ал Казталов, Қаратөбе және Шыңғырлау аудандарында бір-бір жағдайдан тіркелген.
Қызылша жұқтырғандардың арасында бір жасқа толмаған 29 сәби, 1-4 жас аралығындағы 53 бала және 5-14 жас аралығындағы 16 науқас бар. Қалған 10 жағдай 18 жастан жоғары азаматтар арасында анықталған.
Айта кетейік, ақпан айының ортасында науқастардың ішінде бір жасқа толмаған 19 сәби болған.
фото: freepik.com

