Жалған ақпарат үшін жаза сөгіс жариялаудан бір күндік жалақысынан айыруға дейін қарастырылған.
Құрылтай төрағасының орынбасары Дания Еспаева депутаттық әдеп талаптарын бұзған, соның ішінде шынайы емес ақпарат айтқан депутаттарға қандай жаза қолданылатынын түсіндірді. Бұл жөнінде «Время» жазды.
«Депутат өз сөзінде және жауаптарында тексерілген әрі шынайы ақпарат беруі керек деген талап енгіздік. Егер депутат қандай да бір мәселе орындалмай жатқанын айтып, бірақ келтірген мәліметтері шындыққа сәйкес келмесе, бұл да депутаттық әдепті бұзу болып саналады», — деп түсіндірді Еспаева.
Мұндай жағдайларды арнайы Депутат этикасы жөніндегі кеңес қарайды. Оған азаматтар да, ұйымдар да шағымдана алады. Егер заңбұзушылық расталса, алдымен депутатқа сөгіс жариялануы мүмкін. Мұндай жағдай қайталанса, жаза қатаңдатылады.
«Екіншісі — депутат көпшілік алдында кешірім сұрауы керек. Үшіншісі — Құрылтайдың бір отырысында сөз сөйлеуге тыйым салынады. Одан кейінгі жаза — үш отырыс бойы сөз бермеу. Бұдан әрі депутатты бір немесе үш отырыстан шығару қарастырылған. Соңғы шара — бір күндік жалақысынан айыру», — деп түсіндірді Еспаева.
Тағы да оқыңыз
Қазақстанда журналистер, блогерлер мен азаматтық белсенділерді Қылмыстық кодекстің 274-бабымен қудалау жиі кездеседі — көрінеу жалған ақпарат таратты деген айыптың жазасы да ауыр. 456-2 деген әкімшілік баппен, яғни жалған ақпаратты орналастыру, тарату бабымен жауапкершілікке тартып, қомақты айыппұл төлету немесе қамауға алу да қалыпты жағдайға айналды. Көбінесе мұндай айыптау негізсіз болып шығады. Factcheck.kz редакциясы сөйлескен сарапшылар жалған ақпарат жөніндегі заңдар белгілі бір жағдайда қолданылады, ал жалпы ҚК және ӘҚБтК баптары көзқарасты өзгертуді және нақтылауды қажет етеді деген қорытындыға келіп отыр.
Дереккөз Factcheck.kz

