БҚО-да бірнеше компания заңсыз жолмен астық импортын ұйымдастырған. Одан кейін Қазақстанның өз өнімі ретінде Орталық және Оңтүстік Азия елдеріне экспортталған. Бұл жөнінде Қаржы мониторингі агенттігі хабарлады.
Тергеу мәліметтері бойынша Қазақстан аумағы арқылы жалпы құны 11,2 млрд теңге болатын шамамен 130 мың тонна астық экспортталған. Өзбекстанға, Ауғанстанға және Тәжікстанға темір жол арқылы тасымалданған.
Алаяқтық жоспары бойынша алдын ала жалған басшылардың атына коммерциялық ұйымдар тіркелген. Кейін бұл компаниялар мен отандық шаруа қожалықтары арасында астық сатып алуға қатысты жалған шарттар түзілген. Осылайша астық сату үшін Қазақстанда өндірілген өнім маркасы, ал тасымалдау кезінде жеңілдетілген тариф қолданылған.
Атап айтқанда, «Bakery Nan», «KazGrano», «Perfect Seed», «Weizen» және «Golden Grain Kazakhstan» ЖШС-лары жасырын схема тәсілдерін қолданған.
Транзиттік тарифтің төленбеуі салдарынан «ҚТЖ – Жүк тасымалы» ЖШС-на 1 млрд теңгеден аса көлемінде залал келтірілген.
«Сонымен қатар күдіктілер салық берешегін мәжбүрлеп өндіріп алудан және кредиторлар алдындағы міндеттемелерін орындаудан жалтару үшін өздерінің бақылауындағы экспорттаушы компаниялардың шоттарынан үлестес ұйымдардың шоттарына ақша аударып, кейін банкроттық туралы талап арыздар берген», — деп хабарлады ҚМА.
фото: fitaudit.ru

