Мәслихат депутаттарының ІІІ республикалық форумында президент қазақ тілінің мәртебесіне қатысты айтылып жүрген пікірлерді «саяси құралға» теңеді.
Естеріңізге сала кетейік, биыл 20 қаңтарда өткен Ұлттық құрылтайда Конституцияға өзгеріс енгізу туралы сөз қозғалды. Конституция комиссиясының отырысы 24 қаңтарда басталды. Комиссия Ата заңның 84%-ына өзгеріс енгізді.
Конституциядағы мемлекеттік тіл туралы бап қоғамда қызу талқыға түсті. Жаңа Конституцияның 9-2-бабында «Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен қатар қолданылады» делінген.
Сонымен қатар Тоқаев орыс тілінің мәртебесі төмендейді деген пікірге жауап берді.
«Жаңа Конституция жобасында орыс тілінің мәртебесін төмендетіп жатыр-мыс деген күңкіл әңгімеге қатысты да осыны айтуға болады. Бұл жайында жазылған мақалаларды оқудың өзі қызық. Стилистикалық және грамматикалық қателерден аяқ алып жүре алмайсың. Жарияланым авторлары орыс тілі үшін қам жейді, бірақ өздері оны дұрыс меңгермеген», — деді ол.
Айта кетейік, Конституция референдумына бюджет қаражатынан 20 млрд 777 млн теңге жұмсау жоспарланған. Референдум 15 наурызда өтеді.
фото: Ақорда

