Жапония мен Ресей арасындағы қарым-қатынас бірнеше себептен айтарлықтай тереңдеп кетті. Путиннің Курил аралдарына сапары, Хабаровскідегі ескерткіш дауы және Украинадағы соғысқа байланысты экономикалық санкциялар. Осылардың бәрі бір-бірімен тығыз байланысты.
Жапония «мүлдем қолайсыз» деп бағалаған Путиннің сапары
Владимир Путин билік басына келгелі алғаш рет Жапония да меншігін талап ететін, Тынық мұхиттағы Ресей билейтін архипелагқа биылғы 13 тамыз күні арнайы сапармен барды. Путин Итуруп аралында балық өңдеу зауытын, ауруханасын және мектебін аралап, жергілікті тұрғындармен әңгімелесіп, Сахалин облысының губернаторымен кездесті.
Путиннің бұл сапарын Токио тарабы айыптады. Себебі Курил аралдарының мәртебесі — Жапония мен Ресей арасындағы ең көне және шешілмеген дау. 1951 жылы қол қойылған Сан-Франциско бітімшартында Жапония Курил аралдарына қатысты барлық құқығы мен талабынан ресми түрде бас тартты. Дегенмен құжатта бұл аралдар нақты кімге тиесілі болатыны айқын көрсетілмеген — Кеңес Одағының атына тікелей берілмеген. Осылайша Жапония аралдардан бас тартқанымен, оларға Кеңес Одағының егемендігін мойындаған жоқ, ал Мәскеу болса іс жүзінде төрт оңтүстік аралды өз билігінде ұстауын жалғастырды.
Дәл осы құқықтық анық еместік екі елдің арасында терең түсінбеушілік тудырды. Нәтижесінде Токио мен Мәскеу Екінші дүниежүзілік соғысты ресми түрде аяқтайтын толыққанды бейбіт келісімшартқа 80 жылдан астам уақыт бойы қол қоя алмай келеді — аралдардың мәртебесі жайлы келісімге келу мүмкін болмай отыр.

Дегенмен 1956 жылы екі ел бірлескен декларацияға қол қойды. Бұл құжат толыққанды бейбіт келісімшарт емес еді, бірақ соғыс жағдайын заңды түрде тоқтатып, дипломатиялық қатынастарды қалпына келтірді. Осылайша қазіргі жағдай парадоксалды күйде қалып отыр: Жапония мен Ресей формалды түрде соғыс жағдайында емес, бірақ соғысты толық аяқтайтын келісімшартқа да әлі қол жеткізген жоқ — аралдар мәселесі осы аралықта ілулі тұр.
Жапония премьер-министрі Санаэ Такаичи Путиннің сапарын «мүлдем қолайсыз» деп бағалады, ал Токио Ресей елшісін шақыртып алды. Мәскеу тарапынан жауап та қатаң болды: Кремль өкілдері Жапонияның реакциясын «Ресейге қарсы саясаттың» көрінісі деп сипаттап, аралдардың Ресей аумағы екенін тағы да қайталады.
Сарапшылардың пікірінше, Путиннің бұл сапарының уақыты кездейсоқ емес. Ол Жапония 2026 жылғы қорғаныс «ақ кітабын» жариялағаннан бірнеше күн өткен соң орын алды. Бұл құжат маңызды — өйткені онда Жапония соғыстан кейінгі тарихында тұңғыш рет Қытай мен Ресейді елдің қауіпсіздігіне тікелей қатер төндіретін елдер деп ашық атап, АҚШ-пен қорғаныс саласындағы ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуді жоспарлап отыр.
Соғысты зерттеу институтының (ISW) талдаушылары мұны кездейсоқтық емес, Кремльдің саналы қадамы деп есептейді. Олардың пайымдауынша, Путин Жапонияның «ақ кітабына» жауап ретінде әрі премьер-министр Такаичидің елдің қорғаныс қабілетін нығайту жөніндегі бағытын әлсіретуге тырысу мақсатында Курил аралдарына барған. Яғни бұл сапар — жай ғана өңірге сапар емес, Токиоға бағытталған саяси белгі ретінде қарастырылады.
Ресейдегі жаңа ескерткіш неліктен Токионың шамына тиді?
4 қыркүйекте Ресейдің Қиыр Шығысындағы Хабаровск қаласында Совет одағының Екінші дүниежүзілік соғыста Жапонияны жеңуіне арналған ескерткіш ашылды. Ескерткіш Жапония империясының символын — жапондардың әлі күнге дейін ұлт таңбасы ретінде дәріптейтін хризантеманы мылтық дүмімен бұзып жатқан Қызыл армия жауынгері бейнеленген.

Ескерткіш ашылардан бір күн бұрын Жапонияның бас консулдығы шұғыл өтініш айтып, мемориалға өзгеріс енгізуді сұраған. Ал 4 қыркүйекте ескерткіш ашылғаннан кейін Жапонияның Сыртқы істер министрлігі бүкіл мемориалды алып тастауды талап ететін өткір мәлімдеме жасады, оны «аса өкінішті» деп атады. Жапония Сыртқы істер министрі Тосимицу Мотэгидің мәлімдемесінде де осы пікір қайталанды: хризантема герб белгісі Жапонияны білдіретін нышан ретінде кеңінен танылады, оны құртып жатқан бейнесі бар мүсінді орнату жапондық ұлттық сезім тұрғысынан қолайсыз және аса өкінішті деп есептеледі.

Ескерткіштегі шытынаған жапон императорының таңбасы -16 жапырағы бар хризантема гүлін қазір де жапондар символ ретінде пайдаланады және ел азаматтарының төлқұжатында да сол бейнеленген.

Екі елдің экономикалық қатынасы: санкциялар мен сауда шектеулері
Экономика жағынан алғанда, Ресейдің 2022 жылы Украинаға басып кіруінен кейін Жапония Ресейге қарсы санкцияларды бірте-бірте күшейтіп келеді. Бұл шаралар G7 елдері, Еуропалық Одақ және АҚШ-пен бірлесіп жүргізіліп жатыр: Ресей активтерін мұздату, төлемдерге шектеу қою, Ресеймен байланысты компанияларға инвестиция салуға тыйым салу, сондай-ақ белгілі бір тауарлар мен технологияларды сатуға тыйым секілді қадамдар қолданылуда. 2022 жылдың соңында Жапония Ресей мұнайына баға шегін орнатып, осы шектен асатын мұнай тасымалы мен төлемдерге тыйым салды.
Санкциялар тізімі жыл сайын кеңейіп келеді. Мысалы, 2025 жылдың басында ғана Ресеймен байланысты 42 компания мен ұйым қосымша қара тізімге енгізілді — олардың арасында Қытай, Біріккен Араб Әмірліктері, Армения, Қазақстан және Қырғызстандағы, санкцияны айналып өтуге көмектесетін делдал компаниялар бар. Бұл — Орталық Азия елдері үшін де маңызды мәселе, себебі Жапония бұл өңірдегі кейбір компанияларды Ресейге тыйым салынған тауарларды жеткізуге делдал болды деп есептейді. Ережені бұзғандарға жаза да қатаң: жеке тұлғалар түрмеге отыруы немесе үлкен айыппұл төлеуі мүмкін, ал компанияларға 500 миллион иенге дейін айыппұл салынуы ықтимал.
Дегенмен екі ел арасында ресми экономикалық байланыс мүлдем үзілген жоқ — сауда-экономикалық мәселелер бойынша үкіметаралық комитет деген алаң әлі күнге дейін бар. Бірақ соғыс жағдайында бұл механизмнің іс жүзінде жұмыс істеп жатқаны күмәнді, өйткені саяси қатынас мүлдем тоқырауда.
Қорытынды
Осылайша, Жапония мен Ресей арасындағы қатынас бір-бірімен тығыз байланысты үш бағытта шиеленісуде. Біріншіден, аумақтық дау — Путиннің Курил аралдарына тарихтағы тұңғыш сапары мәселені «жабық» деп көрсетуге бағытталған саяси сигнал ретінде қабылданды. Екіншіден, тарихи-символдық қақтығыс — жапон императорлық гербінің қиратылу бейнеленген Хабаровскідегі ескерткіш. Бұл ХХ ғасырдағы ескі жарақатты қайта тірілтіп, дипломатиялық дағдарысты тереңдетті. Үшіншіден, экономикалық оқшаулану — Украина соғысынан бергі санкциялар режимі Жапонияны Батыс коалициясының бір бөлігі ретінде Ресейден толығымен алшақтатып, екі ел арасындағы ресми сауда диалогын қиындата түсті.
Бұл үш тарапты шиеленіс екі елдің 1956 жылдан бері шешілмей келе жатқан бейбіт келісімшарт мәселесін жақын арада шешу мүмкіндігін одан әрі алыстатып барады.

