Орта Азия елдері Қазақстанға 11 млрд текше метр су жіберуге келісті

Орта Азия елдері өкілдерімен келіссөздер жүргізген Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Қазақстан 2025 жылдың сәуір айына дейін Сырдария өзені арқылы шамамен 11 млрд текше метр су алатынын мәлімдеді.

Мемлекетаралық су шаруашылығын үйлестіру комиссиясының (МСШҮК) 87-отырысы Түркіменстанның Ашхабад қаласында өтті. Кездесуге Тәжікстан, Түркіменстан және Өзбекстанның су шаруашылығы ведомстволарының басшылары және Қырғызстан елінің өкілдері бақылаушы ретінде қатысты.

Отырыстың соңында 1 сәуірге дейін Шардара су қоймасына 11 млрд текше метр су келеді деп айтылды.

«Биыл келіссөздер мен бірлескен жұмыстың нәтижесінде біз Сырдария өзені бассейнінде суды тиімді бөлуге қол жеткіздік. Сондай-ақ, 86-шы отырыс қорытындысы бойынша бірлесіп атқарылған жұмысқа оң бағамды бергім келеді. Атап айтқанда, Қырғызстанмен су-энергетикалық ынтымақтастық туралы келісімдер жүзеге асырылды, сондай-ақ биыл суару маусымында «Бахри-Точик» су қоймасының жұмыс кестесін үйлестіру бойынша іс-шаралар қабылданды», – деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.

Биыл жыл басынан бері трансшекаралық Іле өзені арқылы Қапшағай су қоймасынан Балқаш көліне 13,5 текше шақырым су жіберілгенін жазған едік.

Сондай-ақ Қырғызстаннан да Шу және Талас өзендеріне 534,3 млн текше метр су келген. Нақтырақ айтқанда, Талас өзені арқылы 394,3 млн текше метр су, бұл жоспарланған көлемнен 14,3 млн текше метрге артық. Ал Шу өзені арқылы бүгінде 140 млн текше метр су алынды. Бұл туралы министрлік хабарлады.

Су дипломатиясын — басым бағыттың бірі деп көрсеткен министрлік 2024 жылы жоспарланған көлемнен артық су тартылғанын айтады. Сондай-ақ 1 сәуірден бері Өзбекстан Сырдария өзені арқылы елімізге 4 млрд текше метрден астам су, ал Тәжікстан 1 маусымнан бастап Қазақстанға мемлекетаралық «Достық» каналы арқылы 488,6 млн текше метр су жіберді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 40 млн, ал биыл жоспарланған көлемнен 45 млн текше метрге артық су келгенін көрсетеді дейді министрлік.

Cурет: syrboyi.kz

 

Әлеуметтік желілер арқылы бөлісуді ұмытпаңыз