Қазақстанда бірқатар қара шай маркаларын әкелуге және сатуға тыйым салынды. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігінің Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті хабарлады.
Анықталған заңбұзушылықтарға байланысты елде бірқатар шай түрлерін сатуға тыйым салынды. Олардың қатарында «Апамның шәйі Premium gold», Al-Hayat Golg, «БАЛҚИЯ Premium Gold», Sultan Suleyman, Pakistan tea, Aje Onim, Al-Jannat Premium, Alfarah және өзге де маркалар бар.
Тексеру барысында бұл өнімдердің құрамынан E110, тартразин (E102) және понсо 4R (E124) бояулары табылған. Бұл қоспаларды Кеден одағының техникалық регламенттеріне сәйкес шай құрамында қолдануға жол берілмейді. Сонымен кейбір шай қаптамаларында өндіріс пен қаптау орындарының мекенжайлары дұрыс көрсетілмеген.
Айта кетейік, жақында қара шай әлеуметтік маңызы бар тағам санатына кіруі мүмкін. Тиісті заң жобасын Сауда және интеграция министрлігі АШЫҚ НҚА порталында жариялады.
фото: freepik.com

