Президент Тоқаевтың БҚО-дағы тапсырмалары орындалды ма?

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Батыс Қазақстан облысына 2019 жылдың 13 мамыры күні жұмыс сапарымен барды. Бұл аталған облыстағы алғашқы әрі әзірге жалғыз жұмыс сапары. Инсайдерлердің айтуынша, 2021 жылдың желтоқсан айында жұмыс сапары күтілуде. Облыс басшылығы қараша айында келеді деп біраз әзірленген. Егер Президент шынымен де келсе, бұл – Ғали Есқалиев әкім болғалы алғашқы сапары болмақ.

13 мамыр, 2019 жыл. Сурет авторы: Т.Токмамбетов

Президент 2019 жылғы алғашқы сапарын облыс орталығы Орал қаласында жұртшылықпен кездесуден бастап, бірнеше әлеуметтік нысанды аралаған еді. Қасым-Жомарт Тоқаев Президент ретіндегі алғашқы сапарында  Батыс Қазақстан облысына «Географиялық жағдайы өте қолайлы, табиғи байлығы мол, өндірістің әлеуеті зор, қарқынды дамып келе жатқан өңір» деп баға берді.

Әлемдегі ең ірі мұнай кенішінің бірі Қарашығанақ орналасқан, елімізде өндірілетін мұнайдың 14%, ал көгілдір газдың 36% тиесілі өңірдің басшылығына қандай тапсырмалар жүктеген еді? Еске түсіріп, санамалап көрейік.

  1. Президент облыс басшылығына инвестиция тарту міндетін жүктеді. «Орал қаласында индустриалды аймақ құрылысын жеделдетуді тапсырамын» деген еді.
  2. Президент жүктеген екінші міндет – ауыл шаруашылығы кешенін дамыту. Өңірде ет экспорттауда ілгерілеу болғанмен, бұл салада еңбек өнімділігі тым төмен.
  3. БҚО-да бизнестің дамуы біркелкі емес. Бұл жайлы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Шағын және орта бизнестің 90% астамы, сонда қамтылған халықтың 80% Орал қаласы мен Бөрлі ауданына тиесілі. Неліктен өзге аудандардың әкімдері шағын бизнестің дамуын өздерінде ынталандырмайды? Бұл – сұрақ. Тұрғындар мемлекет беретін мүмкіндіктер туралы біле ме? Бұл – таяу уақытта жауап берілуі тиіс басқа сауал. Әкімдік тұрғындарды кәсіпкерлік бағдарламасына көбірек тартып, бизнес негіздеріне оқытып, шағын несие беруді кеңейту керек. Ел бойынша шағын және орта бизнеске беретін жаңа мүмкіндіктерді пайдалануы тиіс» деп нақты тапсырма берген болатын.
  4. Ауыз су. 2019 жылы БҚО-дағы ауыл тұрғындарының тек 45% ғана орталықтандырылған су ішетін еді. Президент бүгін бұл мәселені түбегейлі шешуді тапсырды. Қосымша оқу үшін мақала: БҚО-да 186 ауылға таза су жетпеген
  5. Жол. Қасым-Жомарт Тоқаев: «Өзекті мәселенің бірі – жол. 70% жайы мәз емес. Бұл – үлкен проблема. Мұндай жағдайды сын көтермейді деп санаймын. Бұл азаматтардың тек күнделікті өміріне ғана кері әсер етіп қоймай, өңірдің экспорттық-транзиттік әлеуетін де төмендетеді. Қазір Орынбор трассасы мен Казталовка, Жәнібек, Бөкей ордасы секілді үш оңтүстік ауданда жолды қайта жаңғырту жұмыстары жүріп жатқанын білемін. Үкімет пен әкімдікке бұл жұмыстарды 2021 жылдың соңына дейін аяқтауды тапсырамын. Аталған мәселе менің жеке бақылауымда болады» деп нақты айтқан-ды.

2021 жылдың соңына дейін санаулы күндер қалды. Президент тапсырмасы қаншалықты шешімін тапты? Мемлекет басшысы жүктеген 5 тапсырма қанша пайыз орындалды?

Жуырда бұл жайлы sarapshy.info ақпарат агенттігінің сараптамасынан оқитын боласыздар.

Әлеуметтік желілер арқылы бөлісуді ұмытпаңыз

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған