Неліктен БҚО-да табиғи газ Атырау облысынан 4 есе қымбат?

Бұл мәселе БҚО-дағы бейбіт митингтерде үнемі көтерілетін мәселе. БҚО-ның Атырау облысы территориясына жақын аудан-ауыл халқы жергілікті биліктің есеп беру жиындарында тариф айырмашылығын үнемі айтады. Газ бағасын кім белгілеп отыр? Бұл облыстар газды қайдан алады? Ішкі нарықтағы пайда қандай? 

1 ақпаннан бастап Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитеті «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ тұтынушылары үшін бөлшек бағаларды төмендетіп белгіледі. Оған сәйкес ҚҚС-ты есепке алмағанда халық үшін газдың текше метріне соңғы баға Атырау облысында 4,72 теңге және Батыс Қазақстан облысында 16,96 теңге деңгейінде белгіленді. Яғни, енді Батыс Қазақстан облысының халқы ҚҚС-пен бірге 18,99 теңге төлейді. Одан бұрын тариф 19,29 теңге болатын, сонда бар болғаны 30 тиынға арзандады.

 

БҚО мен Атырау табиғи газды қайдан алып отыр?

Батыс Қазақстан облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Мержан Нұртазиевтің айтуынша, Атырау облысының тауарлық газға қажеттілігі меншікті газ өңдеу зауытында қайта өңделетін жергілікті жер қойнауын пайдаланушылардың есебінен өтеледі. Осыған байланысты, аталмыш облыста газдың өзіндік құны салыстырмалы түрде төмен.

Ал Батыс Қазақстан облысының тұтынушылары үшін жеткізілетін газдың негізгі көзі – Қарашығанақ кен орны. Бірақ ол Орынбор газ өңдеу зауытында өңделеді. Яғни, Қарашығанақ кен орнынан кеткен шикізатымыз өзімізге газ болып қымбаттап қайтады.

Табиғи газ БҚО-ға Орынбор-Новопсков газ құбырының тармағынан келеді. Аталған газ құбыры ресейлік «Газпромға» тиесілі.

 

Баға айырмасы неден?

Батыс Қазақстан облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Мержан Нұртазиев Батыс Қазақстан облысы үшін газды қайта өңдеу Ресейдің Орынбор газ өңдеу зауытында жүзеге асырылатындықтан газдың өзіндік құны мен оған арналған тариф жоғары дейді. Ресми жауап – осы.

Сала мамандарының айтуынша, Ресей зауытында өңделіп келетін газдың сапасы жоғары – 97 пайызы метан. Ал Атырау облысы пайдаланып отырған мұнай өңдеуден шыққан ілеспе газдың құрамында метаннан бөлек пропан, бутан бар. Бірақ салалық мекемелер газ бағасының айырмасының басты себебі сапасында емес, тасымалда деп отыр.

 

Газ бағасын кім бекітеді?

Қазақстан Республикасы Энергетика Бірінші вице-министрі Мұрат Жөребековтің бізге берген мәліметінше, тауарлық газды көтерме саудада өткізудің шекті бағалары газдың өзіндік құнынан, табиғи монополиялар саласындағы уәкілетті орган бекіткен газды магистральдық газ құбырлары арқылы тасымалдау тарифтерінен құралады.

Газдың бағасы Қазақстан Республикасының өңірлерін газбен жабдықтаудың экономикалық және әлеуметтік жағдайларын ескере отырып, әрбір облыс, республикалық маңызы бар қала, астана үшін жеке белгіленеді екен. «Газ және газбен жабдықтау туралы» ҚР Заңына сәйкес Энергетика министрлігі Ұлттық экономика министрлігімен келісе отырып, тауарлық газды көтерме саудада сатудың шекті бағаларын бекітеді.

Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2021 жылғы 3 маусымдағы № 188 бұйрығына сәйкес Қазақстан Республикасының ішкі нарығында тауарлық газды көтерме саудада өткізудің 2021 жылғы 1 шілдеден бастап 2022 жылғы 30 маусымды қоса алған кезеңге арналған шекті бағалары, оның ішінде газдың мың текше метрі үшін баға: Батыс Қазақстан облысы үшін 12 122 теңге, Атырау облысы үшін 7291 теңге, Маңғыстау облысы үшін 14 435 теңге деңгейінде бекітілді.

 

Көтерме баға жеткізу құнынан төмен

Қазақстан Республикасы Энергетика Бірінші вице-министрі Мұрат Жөребеков ішкі нарықта бекітілетін көтерме баға газдың жеткізу құнынан төмен екендігін, сондай-ақ газ және газбен жабдықтау саласындағы ұлттық оператор «QazaqGaz» ҰК» АҚ қызметі үшін залалды екенін атап өтті.

Оның айтуынша, 2015-2021 жылдар аралығында «QazaqGaz» ҰК» АҚ-ның ішкі нарықта тауарлық газды сатудан болған залалдар сомасы шамамен 590 млрд. теңгені құрады.

ҚР Кәсіпкерлік кодексінің 124-6-бабына сәйкес тұтынушылар үшін тауарлық газдың шекті бөлшек бағаларын Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитеті реттейді және белгілейді. Сондай-ақ Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2017 жылғы 1 ақпандағы № 36 бұйрығымен бекітілген Қоғамдық маңызы бар нарықтарда баға белгілеу қағидаларына сәйкес бөлшек баға тауарлық газды тұтынушылар топтары бөлінісінде бекітіледі.

Қорыта айтқанда, екі облыстағы газ бағасының 4 есе айырмасы жақын арада теңеспейтінге ұқсайды. Былай қарасақ, екеуіндегі газ да Қазақстанның жер қойнауынан шыққан. Алайда, арзаны – өзімізде өндірілгені, қымбаты – Ресей өңдеп бергені. БҚО-да мұнай өңдейтін зауыт болмағандықтан еліміз мұнайдың пайдасынан қағылып отыр.

 Нұрлыбек Рахманов, 

sarapshy.info

 

 

 

 

Әлеуметтік желілер арқылы бөлісуді ұмытпаңыз

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған