Киік мәселесі: Парламент депутаттарына манипуляция жараса ма?

Жуырда Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі Әлихан Смайыловқа Мәжілістегі «Ауыл» партиясы фракциясының депутаттары сауал жолдады. Оны Парламентте депутат Аян Зейнуллин оқып берді. Толық мәтіні Парламент сайтында, түрлі БАҚ-та жарияланған хатқа талдау жасап көрейік.

Біріншіден, депутаттар келтірген сандар ешбір негіздемесіз, сілтемесіз айтылған. Мәтінде «Соңғы мәліміттерге сәйкес, киік саны 2 миллионнан асқан. Оның 90 пайызы Қазақстанның батысында. Негізінде салалық министрліктің есебі бойынша, киіктердің саны 750-770 мыңнан аспауы керек еді» делінген. Биылғы санақта киік саны 1 млн 915 мың деп, соның ішінде БҚО-дағы киік 1 млн 130 мың, Бетбақдала популяциясы 745 300 дарақ, Үстірт популяциясының саны 39 700 деп жарияланды. Бұл деректі 15 сәуір мен 5 мамыр аралығында әуе санағын жүргізген «Охотзоопром» ӨБ» РМҚК, Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің аумақтық инспекциясының мамандары, Қазақстандағы биоалуантүрлілікті сақтау қауымдастығының ғылыми қызметкерлері жариялады. Ресми мәлімдемеден елдегі киіктің 59% ғана БҚО-ны мекендегенін көреміз. Ал депутаттар тобының «киіктің 90% БҚО-да» деуі деректі әдейі бұрмалап, мәселені әсірелеп көрсету деп бағалауға болады. Себебі БҚО-дағы киік саны жасырын ақпарат емес, мұны абайсызда бұрмаланған ақпарат дей алмаймыз.

Ал «750-770 мыңнан аспау керек» деген тұжырым қайдан шықты? Батыс Қазақстан облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Қуанышқали Есімов жуырда министрлік өкілдері қатысқан жиналыста «киіктің БҚО-дағы оп­тималдық саны 500 мың бастан аспауы керек» деді. Бұл дерекке ғылыми негіздемені жергілікті ғалымдар беріп отыр. Ал ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің мәліметінше, БҚО-да соңғы 15 жылда ауыл шаруашылық мақсатындағы жерлер 3 есе ұлғайған. Ал ресми дерек бойынша 2007-2015 жылдар аралығында БҚО-дағы киіктің өрісі 5 есе қысқарды. 2015 жылдан бері қаншаға қысқарғаны жайлы ресми ақпарат жоқ. Киік қорғау аймағындағы жерлердің оңды-солды таратылып кеткенінен министрлік те, тіпті облыс басшылығы да хабарсыз. Ал ол жерлерді үлестіріп тастаған аудан әкімдіктері фермерлердің жағына шығып, барлық мәселені киік туғызғандай қылып жеткізуге тырысуда.

Екіншіден, депутаттық сауалда «жайылымдық жердің өзін айтпағанда, шаруа қожалықтары маңдай терімен еккен егістіктерді киіктер тобы бір таптап өткенде-ақ миллиондаған қаржылары желге ұшады. Қазақстанның солтүстігінде жылына 150 мыңдай гектар егін алқаптары бүлінеді, орта есеппен 1 гектардан 10 центнер өнім зая кетсе сол өңірдің шаруалары 14 млрд.теңге шығынға ұшырайды» делінген. Ал өздері айтқандай «киіктің 90 пайызы мекендеген» БҚО-дағы егістіктердің киіктен зардабы көрсетілмеген. Бұл есептелмеген болуы да мүмкін, себебі БҚО-дағы киік ареалында егістік өте аз. Өздері 90% киік БҚО-да деп отырып, киік сирек мекендеген Қазақстанның солтүстігінің шығынын мысалға келтіруі қаншалықты дұрыс? Депутаттар Қазақстанның солтүстігінде деп Ақмола облысын меңгеп тұрғанын байқауға болады. Себебі Солтүстік Қазақстан облысында киіктен дәл мұндай зардап расталмады. Ал Ақмола облысында 2022 жылы 142 мың гектар егістікке ақбөкендер кірген. Ресми ақпаратқа сүйенсек, есептелген шығын 14 млрд. емес,  8,1 млрд теңге. Ақмола облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, облыста 4 720 000 гектар егістік болса, киік кіріп кеткен 142 мың гектар жалпы облыстағы егістіктің 3% ғана. Бұл өте аз көрсеткіш, бірақ өтеуі жоқ екені рас.

Үшіншіден, «өліп жатқан киіктер түрлі ауру ошағына айналады. Шаруалардың малы сол жерде жайылатындықтан оларға ауру жұғып, эпизоотиялық ахуал ушығады» деген де ешбір дәйексіз тұспал. Ақбөкеннің орташа өмір сүру ұзақтығы 4 жыл болғасын далада өлген киіктер болады. Сондықтан киік өлексесінің бәрін ауру ошағы деп қабылдау қате. Мысалы, былтыр өлген бір топ киікті «найзағай соққан» делінді. Өлексені «Охотзоопром» қызметкерлері жинап, жойып отырады. Өлген киіктен ауру анықталған жағдайда да оған аурудың қайдан жұққаны жайлы ресми деректі бұған дейін көрмедік. Ал соңғы кезде жиі айтыла бастағандай, «малға аурудың киіктен жұғуына» қатысты нақты сараптама жоқ. Киік пен малдың аурулары жайлы жалпы зерттеулер бар, ал қайсысынан қайсысына жұққаны, яғни таратушы нақты қайсысы екені жайлы дәлелі бар зерттеуді кездестірмедік. Мәселен, халықаралық сарапшы Штефан Михель шаруалардың малда кененің көптігіне киікті кінәлауына негіз жоқ екенін айтты. «Кене сияқты паразиттер күн сайын қораға қамалып, бір-бірімен жанасатын, бір жерде өте тығыз шоғырланатын малда болған және бола да береді. Ал ол паразитті далада еркін жүрген, тар жерге қамалмайтын, бір-бірінен бөлек жүретін киіктен малға жұқты деу негізсіз. Иә, жабайы жануарда паразит болады. Оны адам дәрімен өңдей алмайды. Бұл – паразит пен жануардың арасында табиғи бәсекелестік, қайсысы жеңсе сол тірі қалады. Жабайы жануарларда паразитке қарсы жылдар бойы қалыптасқан иммунитет болғандықтан ауру, әлсіз, кәрі жануардан басқасы паразиттен өлмейді. Яғни, табиғи сұрыпталу» деді NABU Герман табиғатты қорғау ұйымының өкілі, халықаралық сарапшы Штефан Михель.

Төртіншіден, депутаттық сауалда жоғарыда көрсетілген деректердің ашық бұрмалануынан бөлек жасырын манипуляция белгілерін де көруге болады. Ол тұстарды төменде біз ерекшелеп көрсеттік.

«Түрлі себептермен өліп жатқан киіктер де көп кездесуде. Ен далада қараусыз тегін жатқан дүниеге ауыл жұртының қызығушылығы артатыны заңдылық. Кәдеге жаратпаса да қабырғаны безендірермін деген оймен өліп жатқан киік мүйізін кесіп алғандар сотталып жатыр, оның ішінде білместік жасаған жасөспірімдер де бар. Бұл жерде заң бұзушыларды жақтап жатқанымыз жоқ. Мәселені осындай деңгейге дейін жеткізбеу керек.

…Бұл жерде киіктің емес, адамның обалына қалатын сияқтымыз, әрине бұл жақсы емес.

…Қазақстанның ең бірінші байлығы – халқы! Осы ретте дәл қазір киікті қорғаймыз ба, әлде киіктен адамды қорғаймыз ба?

…Тез арада киік популяциясын реттеп, мүмкін оны өндірістік жолға қойып, мүйізін, етін, терісін дұрыс пайдаланып, кәдеге жаратқан дұрыс шығар?

Егер, Үкімет киік қарғысынан қорқатын болса, шаруалардың шығынын толық өтеп беру механизмін енгізу керек».

Әдетте манипуляция адамдарды сендіру үшін, алдын ала ойластырылған сценарий үшін белгілі бір шешімді тықпалап, соған көпшілікті көндіру үшін, қоғамдық пікірге ықпал ету мақсатымен жасалады. Манипуляция жасалғанда оқиғаның мәнін арттыру үшін шынайы дерек жасырылып, тиімді тұсы ғана үзіп алынады. Бұл – манипуляцияның анықтамасы.

Әрине, «Ауыл» партиясы болғасын ауыл халқының ұсыныс-тілегін жеткізуі керек шығар. Бірақ мәселеге біржақты қарап, ауыл халқының бәрі киіктен зардап шегіп жатқандай көрініс қалыптастыруға тырыспауы тиіс. Шөлейт өңірдегі шөп шығымының азаюына киікті ғана кінәламай, қуаңшылықты, шаруашылықтардағы мал басының көбеюіне қатысты жердің құнарсыздануын, экологиялық апаттың белгілерін де кешенді айтқан әділ болар еді. Өзім киік санын ғана мәселе ретінде көрмей, оның өрісінің тарылуын, ішер суы қалмағасын ауыл жағалап жүргенін Парламент мінберінен айтып, осы мәселелердің шешілуіне үлес қосатын, нақты ұсыныстар тастайтын депутат қашан шығар екен деп күтіп жүрмін.

Депутаттық сауалды Мәжіліс отырысында «Ауыл» партиясы фракциясының мүшесі Аян Зейнуллин оқыса, оған сол фракциядан Жигули Дайрабаев, Анас Баққожаев, Серік Егізбаев, Қарақат Әбден, Николай Арсютин, Ерболат Саурықов, Таңсауле Серіков қол қойған. Олардан басқа партиялардың депутаттары да, бір мандаттық депутаттар да қолдаған. Ал бұл кісілердің ішінде Ақпарат саласының экс-вице-министрі, Президент сайлауында президенттікке үміткер болған екі тұлға, бұрынғы ұлттық холдинг пен ет комбинатының басшысы, бұрынғы ректор, қазіргі ірі қожалық басшысы бар. Барлығы да жауапты орындарда басшы болғасын ақпаратты тексеріп барып қолдарын қойды деп сенейік.

Нұрлыбек Рахманов,

Батыс Қазақстан облысы

Әлеуметтік желілер арқылы бөлісуді ұмытпаңыз

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған