БҚО-да 42 миллион теңгеге жөнделген көпір жарты жылда қирап жатыр (ВИДЕО)

Батыс Қазақстан облысының Шыңғырлау ауданына қарасты Ақтау ауылдындағы көпір өткен жылы жөнделген. Бұл ауылға барған Sarapshy.info ақпарат агенттігінің тілшісі көпірдің екі шетіне төселген бетонның қирап, топырақтың опырылып жатқанын көрді. Облыстық бюджеттің 42 млн теңге қаржысына жөнделген көпірдің көп бөлігін биылғы көктемгі тасқын су шайып кеткен.

Бір қызығы, былтыр көпірге жөндеу жұмыстарын сол ауылда көң-қоқыс шығарумен айналысып жүрген «Нурышева» жеке кәсіпкерлігі жүргізген. Олардың жасаған жөндеу жұмыстарына бір жылға дейін кепілдігі болса да, биыл су шайған көпірді қалпына келтіру үшін қайтадан бірнеше миллиондаған қаржы бөлінгелі жатыр. Ал аудан басшылығы нақты қанша қаржы бөлінетінін айтпады.

Аудан орталығы Шыңғырлау мен Ақтау ауылының арасы 65 шақырым. Ақтау ауылдық округіндегі жеті жүздей тұрғын үшін ауданмен арадағы жалғыз көпірдің маңызы өте зор. Басқа жол жоқ.

Аты-жөнін көрсетпеуді сұраған құрылыс саласының маманы әрі осы ауылдың тұрғынының айтуынша, былтырғы жөндеуде бұрынғы көпірдің екі шетіне топырақ пен бетон төсеген және су ағатын төрт құбыр салған.

 

-Көпірдің жөндеу жұмыстарына 42 млн теңге кеткен жоқ. Бұл – әрі кеткенде 10-15 миллионның жұмысы. Одан аспайды. Мысалы, қараңыз: Бір қатарға төрт құбыр (кольцо) салған. Қалғаны баяғыдан тұр. Оны Ақтөбеден алдырған. Өткен жылы Ақтөбедегі бір танысымнан дәл осындай құбырдың бағасын сұрағанымда біреуі 150-200 мың теңгенің айналасы деді. Тіпті бір кольцоны 200 мың теңгеге сатып алған күннің өзінде төртеуі 800 мың теңге болады. Тасымалы шамамен 250 мың теңгеге шығады. Көпірдің айналасына бетон құюға үш «Камаз» қиыршықтас (щебень) кеткен. Қиыршықтастың бір тоннасы 8 мың теңге тұрады. 20 тонналық «Камазбен» үш рейс қиыршықтас 480 мың теңгедей болады. Топыраққа да қыруар қаржы кетпегені анық. Қалған темір-терсектеріне миллиондаған қаржы кетті дегенде де бәрібір 42 млн. теңгенің жұмысы болмайды,-дейді есімін атамауды өтінген тұрғын.

Ол көпірдің жөндеу жұмыстары стандартқа сай емес екенін айтады. «Пәленбай миллион қаржы жұмсалған көпірдің жұмысы өте сапасыз. Қалай болса солай салынған. Топырақты әкеп төге салған, үстіне бетонды құя салған, болды. Топырақ тығыздалмаған. Басқа да сапасыз жұмыстары жетіп артады. Егер көпірдің жөндеу жұмыстары дұрыс жүргізілгенде екі шетін су шаймас еді,-дейді.

Ал Ақтау ауылдық округінің әкімі Руслан Тасименов көпірдің жөндеу жұмыстары сапасыз жүргізілген дегенге келіспейді.

– Сапасыз салынған деп айта алмаймын. Көпірдің екі шетін су шайып кетуі – табиғи апат. Жөндеу жұмыстары жүріп жатқанда ауылдың ақсақалдары ақылдарын айтып қарап жүрді,-деді қысқа пікір білдірген ауыл әкімі.

Шыңғырлау аудандық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Темірхан Байғалиев болса, «көпірдің су шайып кеткен жерлерін қалпына келтіруге қанша қаржы бөлінетінін білмеймін» деп отыр.

-Өткен жылы төтенше жағдай бойынша облыстан 42 млн теңге қаржы бөлініп, осы көпірге жөндеу жұмыстары жүргізілген болатын. Енді биыл көпірдің екі шетін су шайып кетті. Оны қалпына келтіруге қаржы бөлінеді. Бірақ нақты қанша екенін айта алмаймын. Өйткені білмеймін. Жобалық-сметалық құжаттама жасақталып жатыр,-деді Темірхан Байғалиев.

«Нурышева» жеке кәсіпкерлігінің басшысы Қуаныш Нұрышев Темірхан Байғалиевтің сөзін терістеп отыр. Ол жобалық-сметалық құжаттаманы алғанын айтады.

-Осы жақында электрондық вариантын жіберді. Бірақ әлі ашып қарамадым,-дейді Қуаныш Нұрышев.

Темірхан Байғалиев көпірге жөндеу жұмыстарын жүргізген «Нурышева» жеке кәсіпкерлігі арасында кепілдік хаттың бар-жоғын да «білмейтін» болып шықты.

суретте Темірхан Байғалиев

-Кепілдік хат бар сияқты. Әлде жоқ па екен? Нақты айта алмаймын,-деген Темірхан Байғалиев бөлімдегі басқа қызметкерге хабарласып, «кепілдік хат бар ма?» деп сұрады. «Бар екен. Бірақ сонда да қаржы бөлінеді. Өйткені бұл – төтенше жағдай. Шайып кеткен жерлер кепілдік хатқа жатпайды»,-деді шенеунік.

Қуаныш Нұрышев жөндеу жұмыстарын өткен жылдың қыркүйек айында бастап, қазан айында тапсырғанын айтты. Құрылыс жұмысын жүргізуге лицензиясы жоғын да мойындады. Сөзінше, оған көпір «салуға» аудан әкімдігі мен тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі ұсынған.

«Маған өздері осы жұмысты берді. Мен істеп бердім. Осыған дейін ешқандай құрылыс жұмысына араласқам жоқ. Лицензия да жоқ,-деді Қуаныш Нұрышев.

Ол көпір құрылысына нақты қанша қаржы жұмсағанын айтпады. Су шайып кеткенге кінәлі еместігін, жұмысты сапалы істегенін алға тартып отыр.

Шыңғырлау ауданының әкімі Мұрат Өмірәлиев көпір мәселесін біресе білемін десе, біресе білмейтінін айтты.

суретте Шыңғырлау ауданының әкімі Мұрат Өмірәлиев

-Бұл ауданға әкім боп тағайындалғаныма 20 күннен асты. Көпір мәселесін сізден естіп отырмын,-деді аудан әкімі алғашында.

«Сіз осы ауданға әкім боп күні кеше келдім деп отырсыз ғой. Бірақ осы уақыт ішінде орынбасарларыңыздан, бөлім басшыларынан ауданда қандай мәселе барын, шешімін таппай жатырған қандай проблемалар бар екенін сұрамадыңыз ба? Немесе сізге айтпады ма? Ауылдарды араламадыңыз ба?»- деп тілші сұрақ қойған.

Бұл сауалға Мұрат Өмірәлиев «Маған ешкім айтпады» деп жауап берді. Кейін ауылдарды аралап жүргенін, Ақтау ауылында да болғанын айтты. Бір қызығы, аудан әкімі Ақтау ауылына барғанда, екі шетін су шайып кеткен көпірді «көрмеген».

-Мен басқа жолмен бардым. Көпірді көргем жоқ. Ауыл тұрғындары көпір мәселесін айтты,-дейді Мұрат Өмірәлиев.

«Сіз ауылға барып тұрып, көпірді көрмедіңіз ба сонда? Сосын, Ақтау ауылына апаратын бір-ақ жол ғой өзі. Ол жаңағы көпір арқылы өтесіз. Басқа жол жоқ» деп тілші және сұрақ қойған.

Бұл жолы Мұрат Өмірәлиевтің жауабы тіптен қызық болды. «Көпірдің үстімен өттім. Бірақ шайып кеткен жерлерін көргем жоқ» деді.

Шенеуніктің беріп отырған жауабы түсініксіз әрі екіұшты болған соң тілші: «Сонымен, көпірмен өттіңіз ба, өтпедіңіз ба? Өтсеңіз, шайып кеткен жерлерін көрдіңіз ба?» қайта деп сұрады. Аудан әкімі Мұрат Өмірәлиев соңында «көргенін» айтты.

суретте тілші Есенжол Елекенов мақалада айтылған көпірдің жанында

Батыс Қазақстан облысында көп жылдан бері жол мәселесін көтеріп жүрген облыстық қоғамдық кеңестің мүшесі Азамат Мусилов көң-қоқыс шығарумен айналысатын жеке кәсіпкерлікке көпір салғызу тіптен дұрыс емес екенін, бұл жерде жемқорлық фактісі болуы мүмкін екенін айтты.

-Көпір құрылысын жеке кәсіпкерлікке беру – үлкен қателік. Көпір салуға талап бар. Яғни құрылыспен айналысатын мердігердің, я болмаса жеке кәсіпкерліктің құрылыста тәжірибесі болуы керек. Оны кез келген адам салуға болмайды. Жалпы, көпірдің екі шетін көтеру, топырақ тасу, бетон-плита төсеу сияқты айналасындағы жұмысы әрі кеткенде 3,5 миллион теңгеге шығады. Сіз айтып отырған көпірдің бірнеше фотоны көрдім. Өте сапасыз істелген. Біріншіден, құбырларының (кольцоның) аралық шовтары өңделмеген. Екіншіден, отмостка есебінде құйған цементте пластификатор жоқ. Пластификатор – климаттық өзгеріске, судың әсеріне барынша тосқауыл болатын қоспалар. Үшіншіден, бетонда тығыздық жоқ және жанындағы топыраққа да тығыздау жұмысы жүргізілмегені көрініп тұр. Сондықтан 42 млн. теңге тұрмақ, оның жартысының да жұмысын көріп тұрғаным жоқ. Бұл жерде жемқорлық фактісі болуы әбден мүмкін. Сосын, қалпына келтіруге қайтадан қаржы бөлінуі тіптен қате. Кепілдік хат бар жерде ешқандай қаржы бөлінбеуі тиіс. Жемқорлықпен күрес қызметі тексеріс жүргізуі қажет,-деді Азамат Мусилов.

Есенжол Елекенов,

сурет пен видео авторы Еркебұлан Ғапуов

Әлеуметтік желілер арқылы бөлісуді ұмытпаңыз

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған