Ақтөбе облысының Хромтау және Мұғалжар аудандарындағы мектепке дейінгі мекемелерде 240 млн теңгеден астам бюджет қаражатын талан-таражға салу фактілері анықталды.
Белгілі болғаны, бюджет қаражаты қызметкерлерге бюджеттік өтінімдерді негізсіз жоғарылату арқылы қосымша сыйлықақы ретінде берілген.
«Бақылаусыз өзгерістер енгізіліп, оның ішінде басшыларға сыйлықақы беру туралы бұйрықтарға сомаларды асыра көтерген. Иемденіп алу схемалары жалақыны белгіленген нормадан тыс аудару, аударымдарды қайталау, жалған іссапарлар арқылы жүзеге асырылған. Сонымен қатар есепшілердің бірі кейбір қызметкерлерге жоғарылатылған жалақы, қосарланған еңбек демалысы мен іссапар төлемдерін заңсыз есептеу арқылы жалпы көлемі 24 млн теңгеден астам қаражатты иемденген. Аталған қаржы ешқандай негізсіз есепшінің немесе балабақша меңгерушісінің жеке есепшоттарына аударылған. Аудан прокуратураларымен аудандық білім бөлімінің бұрынғы басшыларына, үш бала-бақша меңгерушісі мен төрт есепшіге қатысты ҚК-тің 189-бабының 4-бөлігінің 2-тармағымен (аса ірі мөлшерде cенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу) сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды», — деп хабарлады Бас Прокуратура.
Қазіргі уақытта Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметі сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіп жатыр.
Сурет: pixabay.com