Батыс Қазақстан облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Талғат Арыновтың ұлы есірткі сатқаны үшін 10 жылға бас бостандығынан айырылды.
Ақтаудағы сот 26 жастағы Нұржан Арыновқа үкім шығарды. Ол есірткіні таратты деп айыпталып отыр. Тергеу барысында Арыновтың синтетикалық есірткі заттарын жерге көміп таратқаны анықталған.
Одан 33 пакет психотроптық заттар, екі пакет мефедрон, жеті пакет басқа синтетикалық есірткі, сондай-ақ электронды таразы, металл қасық, жабыстырма және фольга табылған.
Белгілі болғаны, ұсталған азамат – Батыс Қазақстан облысы полиция департаменті бастығы орынбасарының ұлы.
Айтып өтелік, бұл Арыновқа қатысты алғашқы сот үкімі емес. Осы жылдың мамырында ол осы қылмысы үшін ақталған. Алайда бұл оқиға қоғамда үлкен дау туғызғаннан кейін, полицияның ұлына қатысты ақтау үкімі жойылды.
21 қазан күні Маңғыстау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында алқабилердің қатысуымен қылмыстық іс қаралды. ҚР Қылмыстық кодексі 297-бабы 3-бөлігінің 1, 3 және 5-тармақтары бойынша (адамдар тобының алдын ала сөз байласуы, аса iрi мөлшердегі психотроптық заттарды, электрондық ақпараттық ресурстарды пайдалану арқылы заңсыз өткізу мақсатында сақтау) Арыновқа айып тағылды. Оған 10 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.
«Сотталушының іс бойынша қылмыстық жауаптылығын жеңілдететін және ауырлататын мән-жайлар болған жоқ. Алқабилердің үкімімен ол осы қылмысты жасағаны үшін кінәлі деп танылды. 10 жылға бас бостандығынан айыру тағайындалды. Үкім заңды күшіне енген жоқ», – деп хабарлады сот.
Сурет: freepik.com