Жамбыл облысының Отар ауданындағы Гвардейск гарнизонында мерзімді қызметін өтеп жүрген сарбазға қатысты күш қолдану фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Сарбаз Есбол Қапардың жақ сүйегі мен мұрны сынған. Оның әпкесі Аида Бейсбаеваның айтуынша, Есбол 2025 жылдың 28 мамырында Отардағы 21450-12 бригадасына аттанған. Әскери қызметінің аяқталуына төрт ай қалғанда үш сержант Есболды соққыға жығып, темірмен ұрған.
Туыстарының мәліметінше, ол екі апта бойы қысым көріп, кейін Алматыдағы №5 қалалық ауруханаға жеткізілді. Әскери бөлімшеден ауруханаға дейінгі жолды сарбаздың өзі төлеген. Есболға құны 300 мың теңге болатын ота қажет болды: операция сарбаздың қаражатына жасалды. Кейін ол еш медициналық бақылаусыз 16 күнге үйқамаққа жіберілген.
Биыл 29 қаңтарда Есболдың хабар-ошарсыз кеткеніне алаңдаған туыстары Отарға барған. Рота командирі Иманмади Дүйсенбекұлы сарбаздың үйқамақта отырған жерін көрсетеді. Кейін медициналық тексеру барысында жақ сүйегіне жасалған операцияның дұрыс орындалмағаны анықталды.
«Аталған факт бойынша материалдар сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіміне тіркелді. Тергеу барысында күдіктілердің әрекетіне, сондай-ақ олқылықтар туралы дер кезінде баяндамаған және медициналық көмек көрсетпеген тұлғалар жауапқа тартылады», — деп мәлімдеді Бас әскери полиция басқармасы.
Сарбаздың туыстары әділ тергеуді талап етіп отыр. Олардың айтуынша, бұған дейін қозғалған іс тоқтатылған, ал әскерилер тарапынан татуласу туралы құжатқа қол қоюға қысым жасалған.
фото: istockphoto.com

