Заңсыз полигондарды жою жұмысын үйлестіре алмаған оннан астам аудан және қала әкімінің орынбасары әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұл жөнінде Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің төрағасы Ерболат Қожықов айтты.
«Қалдықтарды басқару саласындағы экологиялық талаптарды бұзғаны үшін, оның ішінде заңсыз полигондарды жою бойынша жеткіліксіз жұмыс үшін 87 лауазымды тұлға, оның ішінде оннан астам аудан және қала әкімінің орынбасары жалпы сомасы 12,4 млн теңгеге әкімшілік жауапкершілікке тартылды», — деді ол.
Ерболат Қожықовтың сөзінше, соңғы жылдары анықталған заңсыз полигондар санын азайтуда оң үрдіс байқалады. 2020 жылы 8 884 полигон анықталса, 2024 жылы оның саны 4 886-ға дейін азайған.
Биыл ғарыштық мониторинг деректері бойынша 2 707 қоқыс үйіндісі тіркелген. Бұл өткен жылдармен салыстырғанда айтарлықтай аз. Бірақ полигондарды жоюда проблема бар. Әсіресе, Абай, Жетісу, Ақмола, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан облыстары мен Шымкент қаласында заңсыз полигондарды жою көрсеткіші төмен.
Ал Алматы, Қызылорда, Павлодар және Қостанай облыстарында заңсыз қоқыс алаңдарын жою жұмысы жоғары деңгейде жүргізіледі.
Еске салсақ, бұған дейін Орал полигоны 95%-ға толғанын жазған едік. Экологтар полигондағы қоқыс көлемі мөлшерінен асып кеткенін айтып дабыл қағады.
Қоқыстың жиі өртенуі салдарынан қала тұрғындары зардап шегіп отыр.
Фото: Pixabay.com

