2025 жылдың қаңтарынан маусымына дейін Ресей аумағынан Қазақстанға Жайық өзені арқылы 6,43 миллиард текше метрден астам су келіп түсті. Бұл туралы Су және ирригация министрлігі мәлімдеді.
Жайық – трансшекаралық өзен. Оның су ағысының шамамен 80%-ы Ресей аумағында қалыптасып, Каспий теңізіне құяды.
Қытай және Ресеймен су саласындағы ынтымақтасты нығайту бөлімінің басшысы Нағима Әжіғұлованың айтуынша, өзен суының бөлінуі екі ел арасындағы келісімге сай жүзеге асады:
«Өзен суының бөлінуі 1996 жылғы 20 маусымда бекітілген Жайық өзені бассейнінде трансшекаралық су нысандарын бірлесіп пайдалану және қорғау, су шаруашылығы қызметін үйлестіру туралы хаттамаға сәйкес реттеледі. Құжатта Ресей Қазақстанға ай сайын жіберетін су көлемі нақтыланған», – деді ведомство өкілі.
Бұл хаттама Қазақстан мен Ресей арасындағы су ресурстарын тиімді әрі әділ бөлісуге, сондай-ақ Жайықтың экожүйесін сақтауға бағытталған.
Биыл наурызда Орынбор облысының Ирикла су қоймасынан Жайық өзеніне 201 м³/с жылдамдықпен су жіберіліп, су көлемі 253 см болды.
фото: gov.kz

