Орал қаласындағы ескірген жылу магистраліне күрделі жөндеу жүргізіледі. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.
Премьер-министр Олжас Бектенов қол қойған қаулыға сәйкес Батыс Қазақстан облысының әкімдігіне Орал қаласындағы 3,9 шақырымдық жылу құбырын қайта жаңарту үшін 2,5 млрд теңге бағытталады.
Реконструкциялау жұмыстары 2025-2026 жылғы жылыту маусымы басталғанға дейін толық аяқталады.
«Жоба тозған жылу жүйелерін өңдеуге, ыстық су беру жылдамдығын арттыруға және пайдалануға кететін шығындарды қысқартуға мүмкіндік береді», — делінген мәлімдемеде.
Жөндеу жұмыстары №2 жылу магистралі мен ЖЭО (жылу электр орталығы) коллекторынан бастап «Сити Центр» сауда үйі маңына дейінгі аралықты қамтиды. Бұл учаске алғаш рет 1987 жылы пайдалануға берілген. Содан бері құбырлар мен темірбетон тіректер, арматуралар едәуір тозған.
Орал қаласындағы магистралдық жылу желілерінің ұзындығы — 249 шақырым. Олардың көпшілігі 1970-1980 жылдары салынған.
Осы себепті қалада инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстарына аса көңіл бөлініп отыр.
Естеріңізге сала кетейік, 2025 жылдың 1 тамызынан бастап БҚО-да ыстық су, электр энергиясы мен сұйытылған газдың бағасы көтерілді.
фото: freepik.com

