Дональд Трамп өзінің сайлауалды бағдарламасында заңсыз еңбек етіп жүрген мигранттарды елден шығаратынын мәлімдеген еді. АҚШ–тағы Қазақстан елшілігі Америкадағы миграция саясатының қатаңдағанын Қазақстан азаматтарына ескертті.
«Шекара қауіпсіздігін нығайтуға және заңсыз миграцияны азайтуға бағытталған шаралар елге заңсыз келген шетелдіктерге (визасыз келген және тұрақты тұруға рұқсаты жоқ азаматтар) және АҚШ-та заңсыз жүрген мигранттарға қатысты болып отыр. Қамауға алу және елден шығару сынды мәжбүрлеу шараларымен қатар, АҚШ-қа қайта кіруге шектеулер енгізіліп, сондай-ақ әлеуметтік көмек, жұмыс істеуге рұқсат беретін құжаттар мен басқа да әлеуметтік жеңілдіктерді жою қарастырылуда», — деп көрсетілген хабарламада.
АҚШ билігі қазір елде заңсыз жүрген шетел азаматтарына (құжаты жоқ, жарамсыз виза мен тұрақты тұруға рұқсаты (Грин Карта) және басқа құжаттар болмауы) өз еркімен кетуге мүмкіндік беріп отыр.
Сонымен қатар Қазақстан елшілігі хабарламасында АҚШ-тағы бірқатар өзгерісті атап өтті.
Миграциялық саясаттағы негізгі өзгерістердің бірі – «Мексикада қалыңыз» саясаты. Саяси баспана сұрайтындар мен мигранттар сот процесі аяқталғанға дейін Мексикада қалуға міндетті.
«Мексикада қалыңыз» саясаты (Migrant Protection Protocols немесе MPP) негізгі мақсаты – шекарадағы миграциялық жүктемені азайту, баспана сұрау жүйесін ретке келтіру және заңсыз миграцияны шектеу.
Мексика – АҚШ-тың оңтүстігіндегі көрші ел. Латын Америкасы мен Орталық Америкадан келетін мигранттардың көбі алдымен Мексика арқылы өтеді. Мексика мигранттар үшін транзиттік мемлекет саналады. Сондықтан АҚШ бұл саясатты жүзеге асыру үшін Мексика билігімен келісім орнатқан.
Қазақстан азаматтары әдетте Мексика арқылы емес, АҚШ-қа визамен кіреді. Бірақ егер қазақстандықтар заңсыз жолмен АҚШ-қа өтпек болса, олар сот шешімін күту үшін Мексикада қалуға мәжбүр болады.
Келесі өзгеріс «Ұста да жібер» шарасының тоқтатылуы болды. Заңсыз шекара асқандар істері шешілгенше қамауда болады немесе бірден өз еліне қайтарылады.
Осыған дейін «Ұста да жібер» (catch and release) – саясаты бойынша шекараны заңсыз кесіп өткен мигранттар ұсталғаннан кейін сот процесі басталғанға дейін уақытша босатылатын. Яғни мигранттарды қамауда ұстамай, оларды сотқа келу туралы міндеттеме алып, еркін жіберетін.
Бұл шара мигранттарға уақытша АҚШ аумағында қалуға мүмкіндік берсе де, олардың көбісі сотқа қайта келмей, елде заңсыз қалып қоятындықтан, қазір ол тоқтатылған.
«CBP One» қосымшасы жұмысын тоқтатты. АҚШ-тың Кеден және Шекара Қызметі (Customs and Border Protection, CBP) ұсынған мобильдік қосымша. Баспана сұраушыларға алдын ала тіркелуге, құжаттарды цифрлық түрде тапсыруға және шекарадағы тексерулер үшін кездесуге жазылуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, коммерциялық жүк тасымалы мен туристер үшін кедендік рәсімдерді жеделдетуге арналған функциялар бар.
Соңғы 5 жылда АҚШ-қа 11 млн мигрант кіруге рұқсат сұраған.
Сурет: Ашық дереккөзден