Орал әуежайын сатып алған кімдер?

Орал әуежайын сатып алған құрылтайшылардың акция көлемі бұған дейін жазылып келгендей болмай шықты. «Орал Менеджмент» ЖШС-ның үлесі 49% емес, 2% екен, деп хабарлайды sarapshy.info ақпарат агенттігі.

Әуежайды сатып алған қазақстандық кәсіпкер Дәулетхан Қилыбаев сауалдарымызға жауап берді.

Әуежайды кім сатып алды?

 Орал қаласының әуежайы 1994 жылы жекешелендіріледі. ««Ақ жол» халықаралық әуежайы» АҚ құрылып, сервис пен терминал жекенің қолына өтті.

Әуежай 2022 жылы БҚО-дағы жер қойнауын пайдаланушы Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг б.в. компаниясының өңірді дамытуға бөлген әлеуметтік аударымдары есебінен 6,6 млрд теңгеге толықтай жаңғыртылды.

Бұған дейін әуежайдың иесі «Bek Air» авиакомпаниясының лицензиясынан айырылған «Беркут аэропорт» ЖШС болды. Оның екі үлескері болды, бірінде – 60%, екіншісінің үлесі – 40%. Екеуінің жалпы 100% үлесін, яғни «Орал» халықаралық әуежайы» ЖШС-ын  «Орал Аэропорт Холдингі» ЖШС сатып алған. Бұлар – әуежайдың төртінші иесі.

«Орал Аэропорт Холдингі» ЖШС құрамында бірнеше құрылтайшы бар. Бұған дейін таралған ақпаратқа сүйеніп қазақстандық «Орал Менеджмент» ЖШС-ның үлесі 49% деп келдік. Сөйтсек қазақстандық жеке кәсіпкер Дәулетхан Килыбаев үлесі 49%, «Орал Менеджмент» ЖШС-ның үлесі 2% екен. Үшінші құрылтайшы ресейлік «Ретранс» АҚ («Аэропорты Регионов» БК) үлесі – 49%.

 

Неге ресейліктер таңдалды?

 Біз жеке кәсіпкер Дәулетхан Қилыбаевтың өзімен сөйлестік. Алғашқы сұрағымыз «Құрылтайшы болып неге ресейліктер таңдалды?» болды.

– Мен Орал әуежайынан бұған дейін іске асырылмаған үлкен потенциал көріп, сатып алуды ойладым. Барлық бизнесіме 100% өзім иелік етемін. Ал бұл жағдайда олай ету мүмкін болмады. Әуежай саласы кез келген бизнесмен кірісе кететін оңай сала емес. Бұл қызмет түріне арнайы лицензия керегі өз алдына, Үкіметтің арнайы рұқсаты – қаулысы қажет. Ол үшін Үкіметтің көптеген талабы бар. Соған сай құжат тізбесін ұсынасың. Осы қызметті атқара алатыныңды дәлелдеуің, яғни меншігіңде техника, сертификатталған персонал болу керек. Өзім бизнесмен болсам да әуежай саласының маманы емеспін. Сондықтан серіктестер іздедім. Қазақстаннан, Түркиядан, Еуропадан таппадым. Ресейден іздеп, «Аэропорты Регионов» басқарушы компаниясы иелік ететін «Ретранс» компаниясын таптым. Мен оларға өзім 51%, олар 49% пайыз акцияға иелік етуді ұсындым. Ресейде 14 әуежайға иелік ететін олар «біз әуежайларды кәсіби басқарушымыз. Мысалы, лоукостер ұсынсақ сен келіспеуің мүмкін. Жетілдіруді ұсынсақ, тағы бас тартуың мүмкін» деп менің 51 пайыз үлеске ие болуыма келіспеді. Мен олардың 51 пайызды иеленуін қаламадым. Сөйтіп арбитр ретінде үшінші тарапты тартуға келістік. Келіспеушілік бола қалғанда төрелік етіп, үшінші тарап дауыс берген шешім қабылданады. Үшінші тұлға ретінде қазақстандық бизнесмен танысым Сергей таңдадым. Оған 2% үлесті сатып алуды ұсындым. Ол «Орал Менеджмент» ЖШС-ын құрып, сол екі пайызға үлескер болды. Содан кейін ресейліктер серіктес болуға келісті, – дейді Дәулетхан Қилыбаев.

 

Санкция салынған ресейлікпен қандай байланыс бар?

 Халықтың алаңдауына негіз болған сұрақтың бірі – халықаралық санкция салынған ресейлік бизнесмен Виктор Вексельберг есімінің аталуы. Бұл жайлы да Дәулетхан Қилыбаевтың пікірін білдік.

– «Ретранс» АҚ-ның меншік иелері – Владимир Резер (акциясы 90%) және тағы 4 адамнан құралған «Аэропорты Регионов» менеджменті (акциясы 10%).

«Аэропорты Регионов» басқарушы компаниясының акциясы 100% «Ретранс» АҚ-ға тиесілі. «Аэропорты Регионов» 14 әуежайды басқарады. Соның төртеуі жеке өздерінікі. Одан бөлек жеке 8 әуежай мен «Реново» бизнес-тобының әуежайлары бар. «Реновоға» басшылық ететін миллиардер Виктор Вексельберг. Яғни «Аэропорты Регионов» басқарушы компаниясы Вексельбергтің әуежайларын басқарады, бірақ Вексельбергтің меншігі емес. Сондықтан санкция салынуға заңдық негіз жоқ. Мен де патриотпын, еліме қиындық туғызғым келмейді.

Менің ойымша, миллиардердің әуежайын «Аэропорты Регионовқа» басқаруға беру себебі – үлкен әуежайдан гөрі жолаушылар ағыны аз шағын әуежайды басқару қиын. Себебі оның жұмысын дұрыс ұйымдастырмаса, пайда әкелмейді. «Аэропорты Регионов» басқарушы компаниясын менің таңдауымның бір себебі осы, – деді Дәулетхан Қилыбаев.

 

Әуежайдың қай бөлігіне иелік етеді?

 Әуежай тақырыбына арналған брифингте  стратегиялық маңызы бар нысандар мемлекеттің меншігінде екені, атап айтқанда ұшу-қону жолағы – ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Азаматтық авиация комитетінің, ал жолаушылар терминалы (әуежай ғимараты) БҚО әкімдігіне қарасты «Aqjaiyq» ӘКК» АҚ теңгерімінде екені айтылды. Заңды сұрақ туындайды – «Орал Аэропорт Холдингі» ЖШС нені сатып алды?

«Орал Аэропорт Холдингі» ЖШС – әуежай терминалына арендатор іспеттес. Қарапайым тілмен айтқанда, мемлекет ұшу-қону жолағы мен әуежай ғимаратын салып берді. Ал бұл жұмыстарды басқаруды – тазалап-күтіп ұстау, жөндеу, жолаушыларға қызмет көрсету сияқты жұмыстарды біреуге атқартады.

«Орал Аэропорт Холдингі» ЖШС-ның меншігіне не жататынын Дәулетхан Қилыбаевтың өзінен білдік.

-Біз әуежайдың қосалқы бөліктеріне ғана иелік ете аламыз. Стратегиялық бөлігіне араласа алмаймыз. Қызмет көрсетуден ғана пайда көреміз. Сондықтан біздің меншікке жолаушыларды таситын автобустар, техникалар жатады. Әуежайдағы жолаушыларды тіркеу, тексеру аймақтары, кафе-ресторандар, қонақүйлер – біздің бизнес. Әуежайдағы қауіпсіздік – күзету біздің міндет, – дейді бизнесмен.

 

Мақсаттары қандай?

 Әуежай тақырыбына арналған баспасөз брифингінде Батыс Қазақстан облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысы Айдар Менеев әуежайға нақты қандай инвестиция салынатыны, әуежайды дамыту жоспары әлі нақтыланбағанын айтып еді. Біз Дәулетхан Қилыбаевтан әуежайды сатып алудағы мақсатын, болашақ жоспарын, қайда инвестиция салатынын сұрадық.

-Біріншіден, менің ойымша Орал әуежайының әлеуеті пайдаға асырылмай тұр. Орал қаласының халқы 350 мың болса, әуежайдағы жолаушы легі жылына 280-300 мың. Ал Алматы қаласында 2 млн тұрғын болса, әуежайдағы жолаушылар легі 7 млн. Салыстырмалы түрде алсақ, Орал әуежайындағы жолаушы легі жылына 1,2 млн болуы тиіс. Потенциалын 4 есе күшейтуге болады. Мүмкіндігі пайдаланылмаған себебі – ұшақ билеті қымбат. Себебі бәсекелес авиакомпаниялар келмеген. Біздің мақсатымыз – әуе маршрутын үлкейту. Лоукостер компанияларды әкелеміз. Мысалы, Оралдан Алматыға ұшу билетін ертерек алсаң барып-қайту – 120 мың теңге, ұшар сәтте алсаң миллионға жақындайды. Бұл – өте қымбат. Менің ойымша, барып-қайту әрі кетсе 40 мың теңге шамасында болуы тиіс. Ұшақ билеті теміржол билетімен шамалас болса, халық ұшақты таңдар еді. Жолаушылар легін осылай арттыруды жоспарлаймыз. Мүмкін еліміздің лоукостерлерімен қатар ресейдің арзан билет ұсынатын авиакомпанияларын шақырып көреміз.

Екіншіден, карго-жеткізуді дамытамыз. Яғни, әуе арқылы жүк тасымалын арттыру. Орал әуежайы шағын болғандықтан, жүк тасымалының табысын жалпы әуежай табысының 40 пайызына жеткізуді жобалаймыз. Үш ірі компаниямен келісім бар. Ұшақтар жүгін Оралға түсіріп, оны осы жерден сұрыптап, әрі қарай көлік тасымалына жалғастыруға мүмкіндік мол. Себебі – қала тоғыз жол торабында орналасқан. Карго-терминал салсақ, оған теміржол тартсақ, тек бізге емес, транспорттық хаб ретінде өңірге үлкен пайда келеді.

Үшіншіден, сервисті дамыту. Әуежайды кішкентай бір кафемен шектемей, бәсекелес бірнеше тамақтану орнын ашу керек. Сонда баға төмендеп, жолаушының жайлылығы үшін жағдай жасалады. Жолаушылар легі артса, сервис түрін көбейтуге мүмкіндік болады. Тіркеу, тексеруді жетілдіріп, мүгедектерге амбулифт орнатып, телескопиялық трап (рукав) ұсыну керек. Автобустарды жаңартамыз. Vip-билет иелерін Газельмен тасымалдамай, төлеген ақшасына лайықты vip-микроавтобус ұсынғымыз келеді.

Төртіншіден, әуежайға қызмет көрсететін техниканы жаңалау. Мәселен, әуежай территориясында өрт сөндіру депосы бар. Онда 1962 жылғы өрт сөндіретін көлік тұр. Әуежай күзетіне де көлік керек.

Бесіншіден, әуежай персоналын халықаралық стандартқа сай қызмет көрсетуге үйрету. Серіктесім «Аэропорты Регионов» компаниясы әуежайларды кәсіби басқаруда халықаралық Skytrax рейтингінде бес жұлдызды иеленген. Қызмет аясын кеңейте алсақ, әуежай қызметкерлерінің жалақыны көбейте аламыз, – дейді Дәулетхан Қилыбаев.

 

Әуежайдың жаңа иелері еліміздің әуе кеңістігіне билік жүргізе ала ма?

 Орал әуежайының территориясында тағы бір ғимарат тұр. Ол – «Қазаэронавигация» мекемесінің ғимараты. «Қазаэронавигация» республикалық мемлекеттік кәсіпорны – Қазақстан Республикасындағы ең ірі аэронавигациялық қызмет провайдері. Кәсіпорын ҚР Көлік және коммуникация министрінің №133 бұйрығымен 1995 жылғы 22 маусымда құрылған.

Олардың жұмысы – Қазақстанның әуе кеңістігіндегі қозғалысты ұйымдастыру және оған қызмет көрсету, әуе кеңістігінде ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету, ұшуды радиотехникалық қамтамасыз ету және байланыс құралдарын пайдалану, Қазақстанның әуе кеңістігі пайдаланушыларын аэронавигациялық ақпаратпен қамтамасыз ету. Тіпті ұшақ экипаждарын, соның ішінде  іздестіру-құтқару қызметтерінің әуе кемелерін ауа райы мәліметімен – метеорологиялық ақпаратпен де қамтамасыз етеді.

Қазақтың әуе кеңістігі Азаматтық авиация комитеті, «Қазаэронавигация» мекемесінің, әскери ұшақтарға қатысты болса Қорғаныс министрлігінің құзырында. Еліміздің аспан кеңістігі осы мекемелердің иелігінде. Әуежайға кім қонады, кім ұшады – бәрін шешетін осылар. Әуежай территориясында орналасқан «Қазаэронавигация» мекемесі әуежайдың иелеріне тәуелді емес. Әуежай иелері аталған органдардың рұқсатсыз ешқандай ұшаққа қонуға не ұшуға рұқсат бере алмайды.

 

Неге Үкімет әуежайларды жеке меншікке беруде?

 Қазір Қазақстанда барлығы 21 әуежай бар. Оның 8-і жеке меншікке өткен.

Былтыр Үкімет былтыр 2023-2025 жылдары жекешелендірілетін әуежайлардың тізімін жариялап, мемлекеттік мүлік реестрі веб-порталына орналастырды. 2023 жылы Абай облысының орталығы Семейдің әуе қақпасы, 2024 жылы Өскемен және Павлодар әуежайы, Хиуаз Доспанова атындағы Атырау әуежайы және Қостанай халықаралық әуежайлары жекенің қолына көшпек. Ақтөбедегі «Әлия Молдағұлова халықаралық әуежайының» 2024 жылы желтоқсанда сату құқығымен сенімгерлік басқаруға беру арқылы жекенің қолына беру жоспарланған. Бірнеше рет саудаға шығарылып, қоғам мен Парламент депутаттары тым арзанға бағаланды деп сынаған соң кейінге ысырылды.

Еліміздің әуежайлары Еуропаны Азиямен жалғайтын әуе жолының бойында тұр. Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ICАО) стандарттарына сай келетін 18 әуежайға халықаралық рейстерге қызмет көрсетуге рұқсат етілген. Халықаралық әуе транспорты ассоциациясының (IATA) дерегінше, Қазақстан аумағы арқылы 70-тен астам халықаралық әуе дәлізі өтеді. Сол себепті халықаралық әуе қатынастарын кеңейтуге мүмкіндік бар.

Бұрын әуежайларымыз талапқа келмейді дейтін. Қазір еліміздегі 18 ұшу-қону жолағы мен 13 терминалға қайта жаңғырту жүргізілді. Бірақ авиация саласында шешімін таппаған біраз мәселе бар. Әуе кемелері паркінің ескіруі, әуежайлардағы арнайы техниканың, тексеріп қарау жабдығының, коммуникацияның тозуы, қызмет көрсету сапасының төмендігі мен білікті кадрлардың тапшылығы мәселелерін айта кеткен жөн.

Елімізде авиакеросиннің құны жоғары болуы мен тапшылығы мәселесі өзекті. Сондықтан шетелдік тасымалдаушылар бізден гөрі Өзбекстан мен Әзербайжанға қонуды тиімді санайды. Авиакеросиннің жылдық қажеттілігі 1 млн тонна болса, отандық зауыттар 700 мың тонна қажеттілікті ғана өтеп отыр.

Халық санының аздығы, халықаралық рейстердің дамымауы, жүктерді тасымалдау көлемінің төмендігі салдарынан әуежайлардың шығыны көп. Әсіресе өңірлік әуежайлардың экономикалық тиімсіздігі көбірек айтылады. Мемлекет әуежайларды толық қамтамасыз етіп ұстай алмағандықтан біраз акция пакетін сатуда. «Мемлекет – нашар менеджер» деп сол себепті айтылса керек.

Нұрлыбек Рахманов,

sarapshy.info ақпарат агенттігінің бас редакторы

Біздің Instagram және Telegram арнамызға жазылуды ұмытпаңыз

 

*Көшіріп жариялағанда гиперсілтеме қою міндетті.

Коллаж: sarapshy.info 

 

 

 

 

Әлеуметтік желілер арқылы бөлісуді ұмытпаңыз

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған