БҚО-дағы кадр дағдарысы: соттасқан орынбасар, тергеудегі шенеуніктер, жемқорлық дауы

Бүгін ОКҚ брифингінде журналистер БҚО әкімі Ғали Есқалиевтен пандемия кезінде денсаулық басқармасының басшысыз болу себебін сұрады.

 -Денсаулық басқармасының басшысы тамыз айында сотталды. Соттың шешімі қыркүйек айында ғана күшіне енді. Жылдың аяғына дейін жаңа басшыны тағайындаймыз, – деді Ғали Есқалиев.

Екі ауданның – Теректі мен Тасқала аудандары әкімінің орны екі ай бос тұрып, осы брифингке екі күн қалғанда тағайындалған болатын.  Бір жылдан бері бірнеше облыстық басқарманың басшысы жоқ. Сондай-ақ облыс әкімінің екі орынбасарының да орны бос тұр. Бірі қарауындағы қызметкер пара алып, сотталғаны үшін қызметінен кетсе, енді бірі жол құрылысын қадағаламағаны үшін Президент сынына ұшырап, орнын босатты. Облыс әкімінің тағы бір орынбасары Аманжол Алпысбаевтың ісі қазір Жоғарғы сотта қаралып жатыр. Мемлекеттік қызмет істері департаменті шенеуніктің кәсіпкерлікпен айналысқанын анықтаған. Тілшілер облыс әкімінінен өз орынбасарын әлі де қызметінен шеттетпеу себебін сұрады.

-Ол кісі қазір Жоғарғы сотқа шағымданды. Өз құқығын қорғау үшін. Бұл – бір. Яғни, біз сот шешімін күтіп отырмыз. Екіншіден, мен арнайы тексеріс жүргіздім. Салық инспекциясының қорытындысы бар. Білмеймін, 10 әлде 15 жыл бұрын компания ашқан, сол жерде директор болған. Ол компания бір күнде жұмыс істеген жоқ. Қаржылық операциялар болған жоқ. Яғни ол сол жерден ешқандай табыс өзіне тапқан жоқ. Сондықтан ол меніңше мемлекеттік қызметке қайшылықты ештеңе жасамайды, ол сол жерден жалақы да алған жоқ. Дивидент алған жоқ, – деді Ғали Есқалиев (сөзі өзгеріссіз берілді).

-Облыста спорт саласына қарасты бір мекемелердің бірінде басшылық қызметке бұрын сотты болған адамды тағайындаған екен. Жұмысқа алған басқарма басшысы неге әлі де орнында отыр? – деп тілшілер облыстағы кадр мәселесіне қатысты тағы бір сауал қойды.

-Ол жерде де сот шешімін күтіп отырмыз. Өз құқықтарын қорғау үшін сотқа жүгінді. Ол жерде де меніңше таза мына заңмен құқықтық-нормативтік қарама-қайшылық бар. Алдымен соттың шешімін алып алайық, сосын шешім қабылдаймыз, – деді облыс әкімі (сөзбе-сөз өз сөзі).

«Мемлекеттік қызмет туралы заңға» сәйкес, облыс әкімінің орынбасары, аудан әкімдері мен басқарма-департамент басшылары 3 айдың ішінде тағайындалуы тиіс.

-Жуырдағы брифингтердің бірінде Орал қаласының әкімі «өз жұмысыңызды қаншалықты тиімді деп санайсыз?» деген сауалға «Менің жұмысымды облыс әкімі бағалайды» деп жауап берген. Сіз баға бердіңіз бе? – деген тілші сұрағына Ғали Есқалиев: «Бағаны жыл қорытындысы бойынша шығарамыз», – деп жауап берді. «Сіздің де, қала әкімінің де жұмысына жергілікті халық баға беруі керек деп санамайсыз ба?» деп тілші сауалын нақтылай түсті. «Қала әкімі заңдық жағын меңзеген шығар. Жергілікті халық бағалайтын стандартталған бағалау форматы болса, қарастырар едім» деп жауап берді. «Қала әкімі бойынша кадрлық шешімдер қабылдайсыз ба?» дегенде: «Тағы да қайталап айтамын, жыл қорытындысы бойынша» деді Ғали Есқалиев.

-Облыстық денсаулық басқармасы басшысының сотталуы мен қалалық құрылыс бөлімі басшысының пара алды деп күдікке ілінуі имиджге нұқсан келтірді. Сыбайлас жемқорлықпен күрес қалай жүзеге асуда? – деген сұрақ қойылды.

-Өкінішке қарай, мұндай деректер бар. Алдын алу шаралары – стандартты. Шілдеде жалақы өсті, мұның өзі ең жақсы шара. Мен әрдайым ашықпын. Мемлекеттік органдарда жемқорлық деректері жайлы өзіме тіке жазуға болады. Менің ұялы телефон нөмірім бәрінде бар, өзім қарап, өзім оқимын, – деді әкім.

Облыстық әкімдіктің бөлім басшысының ұсталуы да назардан тыс қалмады. Заңсыз субсидиялар берілуі де тілге тиек болды. «Антикор жарты жылда БҚО-да 30 қылмыстық істі анықтаған. Тек бес лауазымды тұлғаға қатысты сот шешімі шыққан. Орынбасарыңыздың ісі Жоғарғы сотта қаралуда. Неліктен облыс жиі коррупциялық істермен атышулы болуда?» деген сауал қойылды.

-Кіммен салыстырғанда жиі? Қолыңызда барлық өңірмен салыстырған талдау бар ма? – деп жауап берді әкім. –Денсаулық сақтау басқармасы басшысы былтыр ұсталды. Иә, қалалық әкімдікте биыл анықталды. Менің міндетім – ашық күресу, жасырмау.

Президент Тоқаев қарамағындағылар сыбайлас жемқорлықпен ұсталса мемлекеттік орган басшылары қызметінен кетуі керек деген болатын. Сыбайлас жемқорлық агенттігі Орал қаласындағы құрылыс бөлімінің басшысы 170 млн.теңгеден аса пара алды деген күдікке ілінгенін мәлімдеді. Егер кінәсі дәлелденсе сіз жұмыстан кетуге өтініш бересіз бе? – деген сауалға облыс әкімі: «Заң бойынша сотпен кінәсі дәлелденсе тікелей басшысы отставкаға кетуі керек. Мен ол кісінің тікелей басшысы емеспін» деп жауап берді.

Имидждік іс-шараларға қанша қаражат жұмсайсыз? Мемлекеттік ақпараттық тапсырысқа БҚО бюджетінен қанша қаражат бөлінеді? – деген сауал болды.

-Менің білуімше, соңғы 3-4 жылда мемлекеттік тапсырыс көлемі көбейген жоқ. Шамамен 300 млн.теңге құрайды. Бірақ осы 300 млн.теңгенің ішінде маған қатысты ешқандай имидждік тапсырыс жоқ. Әкімді немесе әкім орынбасарларын имиджін нығайту, жақсарту бойынша, – деді Ғали Есқалиев (сөзі өзгертілмей берілді).

Нұрлыбек Нұрланұлы,

Sarapshy.info

Әлеуметтік желілер арқылы бөлісуді ұмытпаңыз

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған