БҚО-да 97 мектепте спорт зал жоқ, 52 директордың орны бос

Бұл деректі білім беру ұйымдарының жаңа оқу жылына дайындығын тексеру кезінде БҚО білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаменті анықтады.

Оқу-ағарту министрі Аймағамбетовтің мектептердің  дайындығын талдау туралы тапсырмасына сәйкес, ғимараттардың жай-күйі, жөндеу жүргізілуі, материалдық-техникалық базасы, тіпті интернет жылдамдығы мен бейнебақылау орнатылуы да қамтылуы тиіс болатын.

БҚО білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Бұлбұл Күзембаеваның айтуынша, БҚО-дағы 97 бастауыш және шағын жинақты мектепте спорт зал жоқ. Сондай-ақ көптеген мектепте спорт құралдарының жетіспеушілігі байқалады.

 

Мектептердің жабдықталуы сын көтермейді

– Облыстағы 118 мектептің интернет жылдамдығы 10 мбит/секундтан төмен. Бұл облыстағы барлық мектептің 30 пайызы. Компьютерлердің 29 пайызы ескірген, интерактивті тақталардың 12 пайызы жұмыс жасамайды. Мектептердің 70 пайызы жаңа модификациялы кабинеттермен қамтылған. 50 пайызында ғана лабораториялар бар, алайда бар кабинеттердің 64 пайызы тозған, – дейді білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы.

Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында барлық мектептерде ішкі, сыртқы бейнебақылаулар орнатылған. Бірақ Ішкі істер министрлігінің 2019 жылғы 23 қаңтардағы №49 бұйрығы мен Білім және ғылым министрлігінің №32 бірлескен бұйрықтарымен бекітілген талаптарына сәйкес келмейді. Көпшілігінде қосымша камералар орнатуды қажет етеді.

 

6 мектеп апатты жағдайда

Департамент басшысының келтірген деректеріне сүйенсек, облыста үш ауысымда оқытатын мектептер саны 10-ға жеткен. Олардың 8-і Орал қаласында болса, 1 мектеп Теректі ауданының Подстепное ауылында және 1 мектеп Бөрлі ауданындағы Ақсай қаласында.

-Қазір облыста 6 мектеп апатты жағдайда. Оның 4-еуі Казталов ауданының орталығы Казталовка мен сол аудандағы Жұлдыз, Сарықұдық, Қоныс ауылдарында. Ақжайық ауданындағы Атамекен ауылы мен Ақсай қаласында бір мектептен бар. Биыл бюджет есебінен 3 апатты мектептің, оқушы саны артық 2 мектеп пен үш ауысымды бір мектептің мәселесін шешу үшін 6 мектепте жөндеу жоспарланған,- дейді Бұлбұл Күзембаева.

Бұл мектептерде 1800-дей бала оқиды.

 

«Әкімдік пен мәдениет үйінде оқып жатқан оқушылар бақылауға алынады»

Біз бұған дейін облыстың 12 мектебінде күрделі жөндеу жұмыстары әлі де аяқталмағасын сабақ ол ауылдардағы әлеуметтік нысандарда – мәдениет үйі, әкімшілік пен интернатта өткізіліп жатқанын хабарлаған болатынбыз. «Бұл мәселе білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаментінің бақылауында болады. Ол жерлердегі оқу процесінің ұйымдастырылуына мониторинг жүргіземіз» деді департамент басшысы Бұлбұл Күзембаева.

 

52 мектеп директорының орны бос тұр

Биыл білім беру мекемелерінің бірінші басшыларын тағайындау, ротациялауды облыстық білім басқармасы жүргізді. Жыл басынан бері БҚО-да 23 мектепке директор тағайындалған.

-Алайда ротациялауды ұйымдастыру кезінде хабарлама беру рәсімінің бұзылуы, біліктілік санаты туралы ақпараттың болмауы секілді  кемшіліктер анықталды. Конкурсты ұйымдастыру процедуралары, хабарландыру беруден бастап, үміткерлердің біліктілігінің сәйкестігі, конкурс хаттамаларының рәсімделуі, бағалау парақтарының толтырылуы, қойылған баллдардың есептелуінде кемшіліктер жіберілген,- дейді білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Б.Күзембаева.

Қазір облыста 52 мектеп директорының орны бос тұр. Директордың міндетін атқару орынбасарға жүктелген. Бос орындар әсіресе Ақжайық, Жаңақала, Теректі, Казталов, Қаратөбе, Бөкей ордасы аудандарында көбірек екен.

 

Нұрлыбек Рахманов, Батыс Қазақстан облысы

Әлеуметтік желілер арқылы бөлісуді ұмытпаңыз

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған