Маңғыстау облысында екі бірдей әкім орынбасары есірткі қылмысымен ұсталды. Бұл жөнінде Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі мәлімдеді.
«Маңғыстау облыстық полиция департаментінің қызметкерлері өңір әкімдігінің қолдауымен есірткі қылмысына қатысы бар деген күдікпен Мұнайлы ауданының үш тұрғынын ұстады. Күдіктілердің қатарында Мұнайлы ауданы әкімінің орынбасары мен Атамекен ауылдық округі әкімінің орынбасары бар», — деп хабарлады әкімдік.
Әкімдік ақпаратына сүйенсек, бұл дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу басталған. Қазіргі таңда аудан әкімінің орынбасары уақытша ұстау изоляторына қамалды. Ал өзге күдіктілерге қатысты бұлтартпау шарасы қарастырылып жатыр. Тәркіленген заттар сараптамаға жіберіліп, тиісті тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
«Арнайы операция Маңғыстау облыстық полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы жүргізіп жатқан «Қарасора-2025» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында өтті. Маңғыстау облысы әкімдігі мемлекеттік қызметшілер арасында сыбайлас жемқорлық пен заңсыз әрекеттерге мүлде төзбеушілік саясатын жүйелі түрде жүзеге асырып келеді. Заң талаптарын бұзғандарға қолданыстағы заңнамаға сәйкес ең қатаң шаралар қолданылады. Мемлекеттік қызмет қатарын адал емес қызметкерлерден арылту – әкімдіктің басты басымдықтарының бірі», — делінген хабарламада.
Айтып өтелік, мемқызметкерлер арасында ауыр қылмыс деңгейі өсті. 2025 жылдың алғашқы жартысында Қазақстанда мемлекеттік қызметкерлер 249 құқық бұзушылық жасаған. Аталған істердің 236-сы – қылмыс, 13-і – әкімшілік құқық бұзушылыққа жатады.
Биыл елде жеті ай ішінде есірткіге қатысты 4 655 қылмыс анықталды. Оның 2 100-і ауыр және аса ауыр қылмыстар санатына жатады.
Есірткі жасырушылардан бастап есірткі бизнесін ұйымдастырушыларға дейінгі қылмыстық схемалар ашылды.
Сондай-ақ есірткі саудасында криптовалюта ретінде 70 млрд теңге төленген.
Фото: Freepik.com

