Түркістан қалалық соты «Жасыл аймақ» КММ-нің бұрынғы басшысы И. Бегасиловқа қатысты үкім шығарды. Ол 14,9 млн теңге бюджет қаражатын жымқырғаны үшін 2 жыл 6 айға сотталды.
Оның сыбайластары — басшының орынбасары А. Ерназаров, заңгер М. Айнабекова және кәсіпкер И. Муслимовтың әрқайсысы 2 жылға бас бостандығынан айырылды.
Антикордың мәліметінше, олар техникалық ерекшелікке және қойылатын сапа талаптарына сәйкес келмейтін арзан пестицидтер мен гербицидтерді сатып алу арқылы 14,9 млн теңге сомасында бюджет қаражатын жымқырғаны үшін кінәлі деп танылды.
Сотталғандар өмір бойы мемлекеттік және квазимемлекеттік секторда жұмыс істеу құқығынан айырылды. Үкім заңды күшіне енген жоқ.
«Жасыл аймақ» — Түркістан облысының табиғат пайдалану және табиғи ресурстар басқармасына қарасты мекеме. Ағаш отырғызу, көгалдандыру, өңірдің экологиялық жағдайын жақсарту мақсатында жұмыс істейді.
Түркістан облысында сыбайлас жемқорлыққа қатысты 2025 жылдың қаңтарында білім саласында 2,4 млрд теңге көлемінде бюджет қаражатын жымқыру фактісі анықталды.