Тұрақты жұмыспен қамту көрсеткіші төмен

Халықты жұмыспен қамту – ел үкіметі үшін өзекті мәселе. Былтыр Қазақстанда қоғамдық жұмысқа тартылған азаматтардың 32%-ы ғана тұрақты жұмысқа орналасқан. Бұл жөнінде 2021 жылғы жұмыс қорытындысы мен 2022 жылға арналған жоспар бойынша өткізілген кеңейтілген алқа отырысында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов айтты. Алқа отырысына ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов, ҚР Парламентінің депутаттары, ҚР Президенті әкімшілігі, ҚР Премьер-Министрі кеңсесі, Стратегиялық жоспарлау және реформалар жөніндегі агенттігі, орталық мемлекеттік органдардың өкілдері, облыстар мен республикалық маңызы бар қалалар әкімдерінің орынбасарлары, Кәсіподақтар федерациясы, «Атамекен» ҰКП, халықаралық ұйымдар, ҮЕҰ өкілдері қатысты.

– 2021 жылы 180 мыңнан астам адам субсидияланатын жұмыс орындарына жіберілді. Бұл құрал халықты жұмыспен қамту үшін қажет. Алайда қажетті тәсілдерді қайта қарастыру қажет. Өйткені уақытша жұмыс аяқталғаннан кейін барлық қатысушы тұрақты жұмысқа орналаса бермейді. 2021 жылдың қорытындысы әлеуметтік жұмыс орындарынан соң қатысушылардың 78%-ы, жастар практикасынан кейін 62%-ы, ал қоғамдық жұмыстардан кейін тек 32%-ы тұрақты жұмысқа орналасты. Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында тұрақты жұмыс орындарына орналасу көрсеткіші ең төмен. Тағы бір мәселе, жекелеген жұмыс берушілер өз штаты болмаса да, субсидияланатын жұмыс орындарын пайдалануда. Субсидияланатын жұмыс орындарына жолдама беру жұмыссыздық мәселесін шешпейді. Жұмыс берушілермен жұмыс атқару қажет. Әлеуметтік жұмыс орындары кейіннен жұмыссыздар үшін тұрақты жұмысқа орналасуға трамплин іспетті болуы тиіс, – деді Серік Шәпкенов.

Еңбек министрлігі қатаң шарттары бар қағидаларды бекіткен. Біріншіден, құрылатын субсидияланатын жұмыс орындарының саны ұйымның штат санына байланысты болады. Екіншіден, қатысушылардың жалақы мөлшері ұлғайтылды, қатысу мерзімдері, субсидияланатын жұмыс орындарына қатысушылар контингенті қайта қаралды. Үкімет жұмыссыздар санын азайту үшін Жұмыспен қамтудың жол картасын белсенді жүзеге асырып жатқаны белгілі. Жол картасы аясында жүзеге асатын жобаларға Ұлттық қордан қаржы бөлінуде. Бірақ барлық өңір жоспарланған мақсат-міндет үдесінен шыға алмаған. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің айтуынша, 2021 жылы Алматы облысында 16 құрылыс жобасы жүргізілген. Соған сәйкес 2,5 мың адам жұмысқа орналасуы тиіс еді. Бірақ Алматы әкімдігі 519 адамның екі қолына бір күрек тапқан. Яғни карта бойынша жоспарлы көрсеткіштің 21,3%-ын ғана орындаған. «Бүгінде біз ақпараттық жүйе арқылы жобаларға жұмысқа орналасқан адамдардың міндетті зейнетақы жарналарының болуын толық қадағалай аламыз. 2021 жылдың қорытындысы бойынша Батыс Қазақстан облысында (76,8%) және Алматыда (81,5%) МЗЖ бойынша төмен көрсеткіштер бар», – деп атап өтті Еңбекмині басшысы.

Нұртай ТЕКЕБАЙ

 

 

 

 

Әлеуметтік желілер арқылы бөлісуді ұмытпаңыз

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған