Ақ маржанымен аты шыққан Қызылорда облысының күріш өсіретін дихандарын мазалайтын мәселенің бірі: ағын су тапшылығына байланысты күріш алқабының көлемін қысқарту. Себебі кезінде арнасынан асып-тасып жататын Сырдария өзенінің су қоры азайып барады. Жаздың аптап ыстығында су тапшылығы айқын сезіледі. Дихандар су тапшылығына қарсы қандай амал жасап жатыр, күріш алқабын қысқарту мәселенің шешімі бола ала ма, ғалымдар не дейді? Beineprokz шығармашылық тобы «Сусырау» медиажобасы аясында осы сауалдардың жауабын білді.
«Ерте пісетін күріш сорты су үнемдеуге сеп»
Қызылорда қаласында Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты бар. Өткен ғасырдың 30-жылдарында негізі қаланған институт өңірде ағын су тапшылығын ескере отырып күріш өсіру жөнінде де зерттеулер жүргізеді.
Институттың бас ғылыми қызметкері, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, Ұлттық аграрлық ғылымдар академиясының академигі Құрманбек Бәкірұлы 120 күнде пісетін күріш сортының орнына 90-100 күнде пісетін сортты егіп, мерзімін қысқарту арқылы ағын суды үнемдеуді ұсынады.
«Күріш – суды өте қажет ететін дақыл. Бізде қазір «Сыр сұлу» деген сорт бар. Ол басқа сорттарға қарағанда он шақты күн ерте піседі. Бұл сорттан 70 центнерге дейін өнім алуға болады, сапасы жақсы. Шетелден сұраныс бар. Мысалы, «Сыр сұлуын» Қырғызстан көп алып жатыр. Ұзын дәндіге жататын «Айсара» деген сорт шығып жатыр. 100 күнде піседі. Институтымызда зерттеп, мемлекеттік сынаққа бердік. Рұқсат аламыз деген үмітіміз бар. Міне, осындай өнім сапасы жақсы, отандық және шетелдік ерте пісетін күріш сорттары су үнемдеуге сеп болады» – деді Құрманбек Бәкірұлы.
«Басқа дақылға көшу көп қаржы мен зерттеуді талап етеді»
Қызылордалық дихандар суды аз қажет ететін бау-бақша өнімдері мен дәнді-дақылдарды егу арқылы ағын суды үнемдемек. Техника ғылымдарының докторы, профессор Серікбай Өмірзақов «басқа дақылға көшу көптеген қаржы мен зерттеуді талап етеді» деді.
— Біздің аймақтың жері күрішке бейімделген, оған техника алынған, адамдар мамандандырылған. Өзінің сату нарығы қалыптасқан, көптеген ірі зауыт бар. Күріш екпей, басқа дақылға көшу дегеніміз – ауыстыра салатын үстіңдегі костюм немесе үйдегі жиһаз емес. Бұл үлкен қаржы мен зерттеуді қажет етеді, — деді ол.
Су арналарының барлығы күрішке қажетті су көлемін жіберуге есептеп салынған соң, басқа дақылдарды еккенде де түрлі мәселеге тап болуымыз мүмкін деп есептейді.
«Егер біз басқа дақыл ексек, оны 10 рет суару керек болады. Сонда магистралдық каналды 10 рет толтырып, 10 рет су жібермесек, су бармайды. Сонда кім ұтады, кім ұтылады деген сұраққа жауап іздеуіміз керек».
Ғалым тамшылатып суару мен жаңбырлатып суару технологиясы көп дақылға тиімді болғанымен күріш егуге тиімсіз екенін айтып, «Барлық топыраққа жаңбырлатып, тамшылатып суару келе бермейді. Оларға арнайы қысымы бар жүйе керек. Олардың арнайы құрылғылары керек» деді.
Серікбай Өмірзақов пен институттағы басқа ғалымдар ерте көктемде жерді тегістеу арқылы 30 пайызға дейін суды үнемдеуге болатынын да айтты.
«Күріштегі суару технологиясын жетілдіру – суды үнемді пайдалану үшін атыз бетін жоғары деңгейде лазерлік тегістегішті пайдалана отырып, қалыптастыру. Осы су үнемдегіш технологияның ең оңтайлысы. Жер тегістелсе, күн сәулесі тез өтеді. Біз тәжірибе жасап көрдік. Тегістелмеген жерге бір апта бұрын күріш егілді, тегістелген жерге бір апта кейін егілді.
Сонда тегістелген жердегі күріш бір апта бұрын пісіп шықты. Бұл үлкен жетістік. Қазір шаруалар осы бағытқа бет бұрып жатыр. Су үнемдеуді қарапайым сөзбен, ұранмен, патриоттық сезіммен жүзеге асыра алмаймыз. Біз тікелей кадрды, құрал-сайманды, заңдылық жүзінде ұйымдастырсақ, су жетеді. Суды тек қана бөлу, пайдалану, есеп жүргізу өте маңызды», – деді Серікбай Өмірзақов.
«Ағын су есепсіз кетіп жатыр»
«Ер-Әлі» шаруа қожалығының басшысы Әліби Бекжанов 22 жылдан бері күріш егеді. 20 гектар жерден бастаған ол бүгінде күріш алқабын 3500 гектар жерге жеткізген. Мамандығы инженер-гидротехник болған соң су жүйесін жақсы біліп, су үнемдеу үшін шетелдіктермен тәжірибе алмасып, сол жақтың технологияларын енгізіп, үнемі жаңашылдыққа ұмтылған.
«2003 жылдан бастап күріш егемін, содан бері су тапшылығының зардабын тартып келемін. Өйткені егіндік жеріміз каналдың аяғында орналасқан. Сол үшін барынша үнемдеу жолын іздедім. Су жолын тазаладық. 2013 жылдан бастап аймақта бірінші болып, дән себердің алдында лазерлік жер тегістеу тәсілін қолдана бастадым. Былтырдан бастап аустралиялық «Rubicon Water» компаниясының суаруды автоматтандыру және есепке алу құрылғысын да бірінші болып орнаттық. Мысалы биыл құрылғыны күріш атыздарына су деңгейін 10 см жобасында белгіледік.
Су деңгейі 10 см-ден түсіп бара жатса, құрылғы автоматты түрде ашылып, су жібереді де 10 см болғанда жабылады. Келесі жылға біз 10 см емес, 5 см-мен де күріш өсіруге болатын шығар деп жоспарлап отырмыз. Күрішке суды көп жіберетін дихандар да бар. Бірақ көп суғару — мол өнім алуға кепіл емес. Әр сорттың ерекшелігіне де байланысты. 23 жыл бұрын 1 гектардан 25 центнер өнім алсақ, қазір үнемі ізденіс пен жаңа технолиялардың нәтижесінде өнім көлемін гектарына 101 центнерге дейін жеткізіп отырмыз, — деді Әліби Бекжанов.
«Ер-Әлі» шаруашылығының мамандары осылайша аймақта алғашқылардың бірі болып шетелдік қондырғы арқылы егістікті суару арнасына қабылданған судың әр литріне дейін есептеп отыр.
«Былтыр 35 гектарға сынақ жасап, бір гектарға 24 мың текше метр су пайдаландық. Ал биыл 6 гектар жерге 17 мың текше метр су пайдаландық. Өнім екеуінде де 90 центнердің үстінде шықты. Жалпы суды есепке алу, автоматтандыру шаруашылыққа ғана емес, мемлекетке қажет нәрсе. Өйткені Қырғызстан, Өзбекстан елдері бізге қандай су беріп жатыр, қалай беріп жатыр деген нақты мәлімет жоқ. Анау сағадан бастап құрылғы орнатып, автоматтандырып, нақты цифрға көшу керек. Сонда ғана нәтиже болады, көп шаруа суды үнемдейді, судың қадірін түсінеді. Кейбір шаруалар суды менен екі есе көп пайдаланады. Бірақ төлейтін ақшамыз бір. Сондықтан әркім өзінің тұтынған суына төлесе, көлемге емес, сапаға жұмыс істеу керек екенін түсінеді. Биыл 80 мың гектар жерге күріш өсіруге шақтап су берілсе, суды тиімді пайдаланбаған шаруалардың себебінен кейбірімізге су жетпей қалды. Қажетті суды ала алмаған соң насос қойып, коллектор суын қайта пайдаландым. Ал көрші ауылдағылар бізге су жетті, саған жетпеді ме дейді. Егер олар тиімді пайдаланса, мен насос қойып шығынға батпас едім» деп өзі сияқты күріш егетін дихандардың мәселесін айтты.
«Су да, маман да тапшы»
«Дихан ата» күріш зауытының басшысы Ержан Қуанышбай да соңғы жылдары суды аз көлемде пайдалану үшін жерді тегістеп жатыр екен. Әкесінің күріш егіп, баптап, оны ақтау үшін зауыт ашып еңбектеніп жүргенін көріп өскен ол жоғары оқуды аяқтаған соң туған жері – Таң ауылына қайтқан. Бүгінде бір зауыттың ісін дөңгелетіп отыр. Бұл компания 1600 гектар жерге күріш егіп, Қырғызстанға, Өзбекстанға, Ресейге және еліміздің бірнеше өңіріне күріш экспорттайды.
— Күріш саласында суды аз пайдалану үшін жерді тегістеп, суды үнемдеуді қамтамасыз етіп жатырмыз. Осы жұмыстың арқасында суды 30 пайызға дейін үнемдеуге болады деп отырмыз. Күріш шаруашылығында ағын сумен бірге білікті механизаторлар, техниканы жақсы түсінетін мамандар, дәнекерлеуші, токарь, агроном, технолог деген мамандар өте тапшы. Ұйымдастырушы тарап қана емес, әрбір механизатордың, сушының еңбегі өте зор.
Олар Қызылорданың ыстығында күрішті мәпелейді. Жел соқпай қалатын күндері уайымдайды. Қырқынан шығару, түптету деген процестен өткізеді. 20 күн сайын су деңгейін ұстап отыру, тұншықтырып алмау мәселесін де қарайды. Агроном, бригадир, комбайн айдайтын механизатор, тасымалдайтын адамдарымыз бар. Күріш мыңдаған адамның маңдай терімен келеді. Сондықтан да бұл салаға жастарды көбірек баулу керек, — деді дихан-кәсіпкер.
Білікті сушы, гидротехник, агроном мен механизатор жетіспейді
Күріш өсіру жүйесінде білікті сушылар, гидротехниктер, агрономдар мен механизаторлардың жетіспейтінін Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты басқарма төрағасының орынбасары, техника ғылымдарының кандидаты, доцент Жанұзақ Байманов та алға тартты.
«Судың басты режиміне сушылар жауап береді. Олар маман болуы керек. Күріштің әртүрлі өсу кезеңінде судың тереңдігін, температурасын қадағалап отыру керек. Сол үшін білім керек. Гидротехниктер күзде келесі жылға шаруашылықтардың су пайдалану жоспарын жасап, келген суды басқарып, есептеп отыру керек. Өкінішке қарай, шаруашылықтарда осы мамандар жоқ. Сушылардың өзінің білімін көтеру керек. Әр шаруашылықта су өлшейтін құралдары болуы керек», — деді ғалым.
Күріш институтының ғалымдары күріш алқабының ауқымын 50 пайызға дейін ұстап отыруды ұсынады.
«Қызылорданың жері тұздануға бейім, жерасты суы жер бетіне тым жақын орналасқан. Күн ысыған сайын жерасты суы көтеріліп, су буланып, ұшып кетеді де топырақта тұз қалдықтары жиналады. Күріш өсіру суармалы алқаптарды тұзданудан сақтайды. Сондықтан күріш өсіруді сор шаю әдісімен ауыстыруға да болмайды. Жыл сайын Қызылордада 195 мың гектар жерге ауылшаруашылығы дақылдары егілсе, соның 50 пайызына күріш егілуі керек. Қалғанына топырақ тұздылығына, құрғақшылыққа төзімді дақылдар егу керек. Оның ішінде біздің институт ғалымдары шығарған дәстүрлі жоңышқадан бөлек, арпа, бидай дақылдары болса, соңғы жылдары қант құмай деген дақылды ұсынып отырмыз. Оның бір ерекшелігі, топырақ тұздылығына да, құрғақшылыққа да төзімді. Тамыры 60-70 см-ге дейін барады. Бұл топырақ құрамын жақсартады», – деді ғалым.
«Каналдар жүйесі мемлекет тарапына алынса»
Жанұзақ Баймановтың тағы бір ұсынысы – шағын каналдар жүйесі мемлекет бақылауына өткені дұрыс. Өйткені шағын каналдардың бойында қамыс қаулап өсіп, қашыртқы кәріз жүйесі көміліп қалған. Оларды қалпына келтіруге көп қаражат қажет.
«Шағын шаруашылықтардың каналдарды тазартатын техникасы жоқ. Сол себепті де арнайы мемлекеттік мекемелер өз қарамағына алса, тамаша болар еді. Каналдар жүйесіндегі үлкен каналдарда болсын, кіші каналдарда болсын гидротехникалық құрылыс болмаған соң вегетациялық кезеңде темірмен, қақпалармен, ағашпен жауып отырады. Ал енді күзге қарай артынан құммен көміп тастайды. Қажет кезінде ашады. Құммен жапқан соң оны ашқан кезде келген судың жартысы құмға сіңіп, су ағуына кедергі жасайды. Осылайша шығынға алып келеді. Сондықтан осы каналдар жүйесін мемлекет бақылауына өтсе деп ойлаймын. Жауапты ұйымдар құрылса, соларды уақытында жөндеп, қалпына келтірсе ғана келген суды үнемді басқарып жеткізіп отыруға мүмкіндік бар, – деді ол.
«Күріштің көлемі қысқарса жер тұзданады»
ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігінің қарамағында 8 бассейн инспекциясы бар. Осы министрлікке қарайтын Арал-Сырдария бассейні инспекциясының қамту аумағына Түркістан облысы, Шымкент қаласы және Қызылорда облыстары кіреді. Өңірдегі басты су көзі − Сырдария өзені. Инспекция басшысы Қайратбек Сәрсенбаевтың айтуынша, су тапшылығы соңғы жылдары сезіліп келеді.
«1990 жылдан 2000 жылға дейін Шардара су қоймасына орта есеппен жылына 17 миллиард текше метрдей су түскен. 2010-2020 жылға дейін 15-13 млрд текше метрге дейін азайды. Арал теңізіне түсетін су де жыл сайын 5,8 млрд текше метр көлемінде болған. Соңғы үш жылда 2,6 млрд текше метрге дейін түсті. Сондықтан әсіресе 2020 жылдан бері су көлемі біраз азайды. Ал былтыр, 2024 жылғы жазда су көлемі мол болды. Белгіленген су тұтыну көлемін (лимит) алдық. Шардарада 4,8 миллиард текше метр, Көксарайда 1,5 млрд текше метр су жиналды. Сол су егістікке де толығымен жетті. Қазір мемлекет алдында суды үнемдеу талабы қойылып жатыр. Қызылордаға 3,7 млрд текше метр су бұру лимитін бердік. Түркістан облысына белгіленген шекке сәйкес, 5,2 млрд текше метр су бердік. Сондықтан, шаруашылықтар артық су жұмсамайтын әдіс-тәсілге барса, жерді тегістесе, тез пісетін жаңа сорт да су көлемін азайтады. Су қашыртқыларын пайдалану соңғы жылдары жүзеге асып келе жатыр. Егістікке енгізуге болады. Осындай технологияларды пайдаланса, күріш егетін егістік алқабын қысқарт деп айта алмаймыз. Бірақ су белгіленген шектен аспайды. 70 мың гектарға күріш егуге 2 млрд текше метр су кетеді, — деді Қайратбек Сәрсенбаев.
Күріш алқабының көлемі қысқарса, инженерлік дайындалған жер тұзданып, апаттық жағдайға әкелуі мүмкін. Мұны ғалымдар да, су инспекциясының басшылығы да айтып отыр. Мұндағы ойды мына ортақ пікір дәл жеткізеді:
«Қызылорданың жері тұзды, бұл жерге басқа дақыл егіп шығару қиын. Күріштің бір қасиеті – жердің тұзын суару арқылы көтеріп, ағызып кетеді. Егер күріш еккен егістік алқапқа екі жыл бойы күріш екпесеңіз, сор тізеден келеді. Сондықтан жерді сақтау үшін күріш егуге тура келеді. Алдағы 10-15 жыл көлемінде су тапшылығы күшейе берсе де жерді сақтау үшін күріштің көлемін 70-75 мың гектардан қысқартуға болмайды. Жаңбырлатып, тамшылатып суаруды жоңышқа сынды дақылдарға қолданып жатыр. Бірақ күрішке жарамайды. Жерасты суын пайдалануға да бетбұрыс жасай бастады. Жалпы ел болып, суды үнемді пайдалану жолын үйрену қажет. Өйткені су тапшылығы – бәрімізге ортақ мәселе. Күрішті сақтап қалуға әрқайсымыз үлес қосуымыз керек».
Beineprokz шығармашылық тобы