«ҚазМұнайГаз» компаниясының Румыниядағы жергілікті серіктесі Rompetrol Rafinare кәсіпорнының айналым салығы артуы мүмкін. «Бұл жаңалықты «ҚазМұнайГаздың» Нидерландыда тіркелген еншілес компаниясы KMG International растады», – деп жазды inbusiness сайты.
Румыния билігі айналым салығын көбейту туралы заң жобасын дайындап жатыр. Rompetrol Rafinare мұнай өңдеу және мұнай өнімдерін сатумен айналысады. Жаңа заң жобасы қабылданса, компанияға төленетін салық көлемі айтарлықтай артуы мүмкін. Бұл өз кезегінде «ҚазМұнайГаздың» Румыниядағы қызметіне әсер етеді деген болжам бар.
Rompetrol Rafinare компаниясында «ҚазМұнайГаз» 54,6% акцияға иелік етсе, қалған 44,7% акция Румыния үкіметіне тиесілі.
Заң не туралы?
Жақында Румыния парламенті мұнай және газ секторындағы барлық компанияларға, айналым көлеміне қарамастан, 0,5% айналым салығын енгізу туралы заң қабылдады. «Бұрын бұл салық тек жылдық айналымы 50 миллион еуродан асатын компанияларға ғана салынатын. Енді жаңа заңға сәйкес, Rompetrol Rafinare сияқты компаниялар 1% айналым салығымен қатар, қосымша 0,5% салық төлеуге міндетті болады, яғни жалпы 1,5% айналым салығын төлеуі тиіс», – деп жазды Румынияның жергілікті ақпарат құралдары.
Rompetrol – Румыния бюджетінің ірі салық төлеушісі
Rompetrol Rafinare Румынияның бюджетіне айтарлықтай үлес қосып келеді. 2024 жылдың үшінші тоқсанында компания 456 миллион доллар көлемінде салық төлеген. Ал жыл басынан бері Румыния қазынасына 1,12 миллиард доллар қаржы аударды. Оның ішінде 30,3 миллион доллар – 2023 жылға арналған ынтымақ салығы, ал 6,1 миллион доллар – 2024 жылдың бірінші жартыжылдығындағы айналым салығы ретінде төленген.
«Rompetrol компаниясының 17 жыл бойы «ҚазМұнайГаз» құрамында болғанына қарамастан, компания сирек жағдайда ғана таза пайда әкелген. Оның басты стратегиялық мақсаты – Қазақстан мұнайының еуропалық нарыққа шығу мүмкіндігін қамтамасыз ету», – деп жазды Inbusiness сайты.
Осыған дейін Жоғары аудиторлық палата «ҚазМұнайГаз» компаниясы мен «Бәйтерек» холдингіне аудит жүргізіп жатқанын жазған едік.
Сурет: kmg.kz