Ресей полициясы Мәскеуге жұмыс істеуге кеткен Орал қаласының тұрғыны Жазылбек Ажғалиевты Украинадағы соғысқа қатысу туралы келісімге қол қоюға мәжбүрлеген. Бұл жөнінде «Уральская неделя» басылымы жазды.
Ажғалиевтің қарындасы Маруа Ескендірованың айтуынша, оның екі ағасы Жазылбек пен Батырбек қаржылық мәселелеріне байланысты Мәскеуге жұмыс істеуге аттанған.
18 қаңтарда Жазылбек Ажғалиевқа Сахаров көшесіндегі көші-қон орталығынан шақырту келген. Келесі күні орталықтан құжаттарын алып кетуге барған ол бірнеше күн қатарынан хабар-ошарсыз кетеді.
Туыстарының сөзінше, Жазылбек 22 қаңтарда Қазақстанға депортацияланған. Азамат миграциялық орталық маңында ресейлік полиция қызметкерлері ұстап, бөлімшеге апарып, бірнеше күн бойы ұрып-соққанын және электр шокер қолданғанын айтады.
Осы уақыт ішінде әскери комиссариат өкілдері үш рет келіп, Украинадағы соғысқа аттану туралы келісімшартқа қол қоюды талап еткен. Жазылбек бас тартқан соң 21 қаңтар түні Қазақстанға депортацияланып, Алматыға ұшақпен жеткізілген.
Айта кетейік, 14 қаңтарда Ресейдің Череповец қаласындағы өндірістік нысанда екі Қазақстан азаматы мерт болды.
фото: istockphoto.com

