Close Menu
SARAPSHY.INFOSARAPSHY.INFO
  • Басты бет
  • Біздің сараптама
  • Саясат
  • Экономика
  • Фактчекинг
    • Уәде
  • Өте өзекті
  • Арнайы жобалар
  • Авторлар
Facebook X (Twitter) Instagram Telegram WhatsApp VKontakte YouTube TikTok RSS
  • Редакция жайлы
  • Жарнама
  • Редакция саясаты
    • Құпиялық саясаты
  • Бізге жаз
Facebook Instagram Telegram WhatsApp YouTube TikTok
SARAPSHY.INFOSARAPSHY.INFO
Жаңалықтарға жазылу
Бейсенбі, 8 қазан
  • Басты бет
  • Біздің сараптама
  • Саясат
  • Экономика
  • Фактчекинг
    • Уәде
  • Өте өзекті
  • Арнайы жобалар
  • Авторлар
Facebook X (Twitter) Instagram Telegram WhatsApp VKontakte YouTube RSS
SARAPSHY.INFOSARAPSHY.INFO
  • Редакция жайлы
  • Жарнама
  • Редакция саясаты
  • Бізге жаз
Басты бет»Өте өзекті»Күштік құрылымдар қашан сабақ алады?
Жадыра Мүсілім Өте өзекті 30/09/2026

Күштік құрылымдар қашан сабақ алады?

Бөлісу
Facebook Twitter LinkedIn Pinterest Email VKontakte Telegram WhatsApp Copy Link

Біздің елде басынан дау арылмайтын министрліктің бірі – Қорғаныс министрлігі. Әскердегі әлімжеттік пен сарбаздар арасындағы суицидке қатысты дерек тіркелсе, жұрт болып сол саланы сыбап аламыз. Әрине, бұған себеп көп. Десе де, сарбаз өлімі мен әскердегі әлімжеттік тек Қорғаныс министрлігіне ғана тиесілі емес. Себебі Ішкі істер министрлігіне бағынысты Ұлттық ұлан мен ҰҚК-нің құзырындағы Шекара қызметіндегі қайғылы жағдайларды да жиі естуге құлақ үйренген. Сондықтан сарбаздардың қазасын тек Қорғаныс министрлігінің проблемасы ретінде қарау — мәселенің ауқымын тарылту болмас па екен?

Жалпы, Қорғаныс министрлігінің басына осы жылдар ішінде кімдер келіп, кімдер кетпеген. «Қорғаныс министрі міндетті түрде кәсіби әскери адам болуы керек» деген қалыптасқан қасаң қағида жоқ. Содан болса керек, әр кезеңде әскери генералдармен қатар инженерлер, заңгерлер, педагогтар және дипломатиялық тәжірибесі бар мемлекеттік қайраткерлер де бұл қызметте біраз үкім орнатып кетті. Өздері әскер өмірінен хабары жоқ болса да салаға келе салып, реформа жүргізуден кенде қалған емес. Ең қызығы, сол реформалардың артында таныс-туғандарының кәсібін өрге домалататын көлеңкелі дүниелер де кездескен. Тіпті, азаматтық саладан келген кейбір министрлер тексеріс жүргізіп қайтқан жерлерде артынша жарылыс болып, адам шығынымен аяқталған оқиғалар да болды. Бірақ сол оқиғалардан кейін сотталған адамдардың қатарынан «тексерісті талапқа сай» деп бағалаған басшыларды сот залында ешкім көрмеді. Айтқандай, бұл министрлікпен салыстырғанда, Ішкі істер министрлігіндегі 13 министрдің 12-і заңгер, тек біреуі ғана инженер-механик болған. Ал ҰҚК төрағаларының арасында да тарихшы, философ, әскери маман, инженер, механик, экономист, дипломаттар ара-тұра төбе көрсетіпті. Мұны неге айтып отырмыз? Мұндай құзырлы мекемелердегі тәртіпке тікелей жауап беретін құрылым басшыларының да сол саланың жілігін шағып, майын ішкен мамандар болуы заңдылық секілді көрінеді бізге. Себебі казарманы көрмеген, сапта тұрмаған басшы сарбаздың жайын, әскери қызметшілердің тыныс-тіршілігін экономикалық жағдаймен бағалайтындай.

Сонымен, Қорғаныс министрлігін 1992 жылдан бері әр жылдары 13 адам басқарған. Министрліктің алғашқы басшысы Сағадат Нұрмағамбетов 1992-1995 жылдары қызмет атқарған кәсіби әскери қолбасшы еді. Кейінгі Әлібек Қасымов  та әскери саланың өкілі болды. Әскери ұшқыш Мұхтар Алтынбаев министр қызметіне екі рет келген. Ал Сәт Тоқпақбаев – заңгер, қауіпсіздік саласының маманы. Одан кейінгі кезеңге қарасақ, министрлік тізгінін ұстағандардың арасында әскери саладан тыс мамандардың да болғанын көреміз. Даниал Ахметов — инженер-құрылысшы, Әділбек Жақсыбеков — инженер, Серік Ахметов — металлург-инженер, Иманғали Тасмағамбетов — педагог әрі философия саласының маманы. Арасында кәсіби әскери командир Сәкен Жасұзақов, Мұрат Бектанов, Руслан Жақсылықов секілді кәсіби әскери мамандар да төбе көрсеткен. Соның ішінде әскери офицер, өзі инженер-экономист әрі дипломат Нұрлан Ермекбаев та келген.  2025 жылдан бері министрлікке кәсіби әскери ұшқыш, авиация қолбасшысы Дәурен Қосанов келгенде, көбісі «салаға сең жүгіреді» деп сенді. Сөйткен сала басшысы парламент кулуарында сарбаз арасындағы өлімге қатысты сауал қойылғанда екі езуін жия алмай ел есінде қалды. Сонысымен қоймай, әділдік сұрап барған ата-аналардың артынан шам алып түсті. Сол министр Маңғыстаудағы қайғылы оқиғадан кейін өз еркімен қызметтен кетуін  сұрай ма дедік. Өкінішке қарай Ермекбаевтың «ерлігін» қайталауға батылы бармады. Бірақ билік бұл жолы, әділдікке мойын бұрды ма, саладағы салғырттық үшін Қосановты өз еркінен тыс қызметінен босатты. Мұның өзі көңілге жұбаныш сыйлады, әрине. Өйткені бұрнағы жылдарда болған қайғылы оқиғалардан кейін қызметімен қош айтысқан министрлер жоқ еді. Керісінше қызмет барысында өсіп, болмаса басқа салада бағы жанып, ары қарай жемісті еңбек етіп кеткен. Бір кезде Қорғаныс министрі болған Руслан Жақсылықовтың да тындырымды ісінен бұрын, өзіне қарата айтылған сынға «ұнамаса, көшіп кет» фразасымен аты қалыпты.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы күштік құрылымдарда кеткен қателіктерге көз жұмуымыз заңды еді. Кейін бұл міндетке әскери техниканы жаңғырту, басқару жүйесін реформалау, жауынгерлік даярлықты күшейту және әскери инфрақұрылымның қауіпсіздігін қамтамасыз ету қосылды. Осы кезеңдерде армия бірқатар ауыр сынақты бастан өткерді. Алайда етек-жеңімізді сәл жидық, әскеріміздің әлеуетін қалтастырдық-ау деген бергі жылдарда бұл олқылықтардың орнын толтыру тым қымбатқа түсті. Айталық, әскердегі әлімжеттік пен сарбаздар арасындағы өлім-жітімді айтпағанда, авиациядағы апаттар, теңіздегі төтенше оқиғалар, әскери қоймалардағы жарылыстар да жиі қайталанып отыр. Айтпақшы, 2021 Жамбыл облысының Байзақ ауданында болған жарылыстардан кейін сол кездегі Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев қана тұңғыш рет өз бетімен отставка сұраған.

Қоғам талай жылдан бері күштік құрылымдардың қызметін жіті тексеруді талап етіп келеді. Әлеуметтік желілерде пікір білдіріп жатқан сарапшылардан бастап, қарапайым азаматтарға дейінгі талқылаулардың өзегінде де осы мәселе тұр. Осы орайда бұған дейін болған, уақыт өте көлеңкеде қалып, көмескілене бастаған кейбір оқиғалар қайта еске түсіп жатыр. Олай болса, бұрынғы жаралардың беті қайта тырнала ма? Өйткені бүгінгі оқиға аяқ астынан пайда болған мәселе емес еді.

Бірнеше жыл бұрын журналист Геннадий Бендицкий «Мародеры» Имангали Тасмагамбетова» және «Конвейер смерти: от Джаксыбекова до Тасмагамбетова» атты жарияланымдарында Қорғаныс министрлігі төңірегіндегі даулы мәселелер, әскери техника мен оқ-дәрілерді кәдеге жаратуға қатысты күмәнді тұстар және адам өліміне әкелген төтенше жағдайлар туралы жазған. Автордың жазбаларына сүйенсек, бір жылдары Оңтүстік Африканың Paramount Group компаниясы шығаратын Marauder броньды машиналарын Қазақстан Қарулы күштерінің қажеттілігіне сатып алу мәселесі көтеріледі. Marauder сыртқы көрінісімен және жарнамалық роликтердегі мүмкіндіктерімен әсерлі көрінгенімен, Қазақстан полигондарындағы сынақтар кезінде бірқатар талапқа жауап бере алмайды. Дегенмен қазақ армиясына Marauder-«Арландарды» қабылдау, отандық қорғаныс өнеркәсібін қалыптастыру жобасымен де байланысып жатты. Тіпті Қорғаныс министрінің 2015 жылғы 21 қаңтардағы №30 бұйрығында көзделген бірқатар рәсім де сақталмаған. Бұл жерде тағы бір назар аударарлық жайт, Marauder негізінде «Арлан» броньды машиналарын шығаратын өндірістің құрылуы күмәнді болғанын жазады автор.  Жобаға «Қазақстан инжиниринг» құрылымдары мен оңтүстікафрикалық Paramount Group компаниясының қатысқаны айтылды. Ал осы кезеңде «Қазақстан инжиниринг» компаниясының директорлар кеңесінде кәсіпкер Кенес Ракишев те болған. «Қазақстан инжиниринг Дистрибьюшн» ЖШС мен Paramount Group арасындағы серіктестік нәтижесінде «Қазақстан Парамаунт Инжиниринг» кәсіпорны құрылып, дәл осы компанияның базасында «Арлан» броньды машиналарын шығару жобасы жүзеге асырыла бастаған. Мақалада бұл жобаның Кеңес Рақышевпен байланысты компаниялар арқылы бақылануы мүмкін екені айтылды. Осы деректер негізінде автор Қазақстан армиясына Marauder-«Арландарды» сатып алу мәселесінде мүдделер қақтығысы болуы ықтимал деген болжам жасаған. Мәселе бұнымен бітпеген. Авиациялық тренажерлер төңірегіндегі дауға қатысты да автор зерттеу жасаған. Ми-17В-5 әскери-көлік тікұшақтары мен Чехияда өндірілген Л-39 оқу-жауынгерлік ұшақтарының экипаждарын даярлауға арналған авиациялық тренажерлерді сатып алу тарихына да қоғам назарын аудартады. Бұл тренажерлер Әуе қорғанысы күштерінің Ақтөбе әскери институты үшін сатып алынып, оларды жеткізумен «Алматыэнергосервис» ЖШС айналысқан. Автордың мәліметінше, олар Қазақстан өнімі ретінде ұсынылғанымен, іс жүзінде Украина әскери-өнеркәсіп кешенінің өндірісі болған. Ал 2014 жылғы тамызда Қазақстан Қорғаныс министрлігінің төрт полковник, екі подполковник және бір майордан құралған комиссиясы Ақтөбе әскери институтына жеткізілген авиациялық тренажерлерді тексеріп, белгіленген талаптарға толық сәйкес келмейтінін анықтапты. Алайда бір жылдан кейін жағдай өзгеріп, Ақмола гарнизоны әскери соты Қорғаныс министрлігі комиссиясының әрекеттерін заңсыз деп таныпты. Тіпті тренажерлерді халықаралық сапаның ең жоғары санаты саналатын D санатына жатқызған сараптамалық қорытындылар алынған. Сот Қорғаныс министрлігін жеткізілген жабдықты қабылдап, оған тиісті куәлік беруге міндеттеген. Ең қызығы сол, жеткізуші компанияның кейінгі байланыстары күмән туғызғаны келтіріледі. Себебі «Алматыэнергосервис» ЖШС-ні сол кезеңде Евгений Казеев басқарған. Шамамен бір жылдан кейін ол «Қазақстан инжиниринг» ұлттық компаниясының директорлар кеңесіне тәуелсіз директор ретінде кірген. Ал «Алматыэнергосервис» компаниясына кеткеннен кейін оның «Қазақстан инжинирингтегі» орнына Кенес Ракишев келгені айтылды. Ракишев бұл қызметтен 2015 жылғы қаңтарда кеткен. Осылайша, броньды техника мен авиациялық тренажерлерге қатысты оқиғалардың арасында ортақ есімдер мен құрылымдардың кездесуі автордың назарын аударған.

Журналист сол жылдары, осы мәселемен қатар, Қорғаныс министрлігі жүйесіндегі оқ-дәрілерді кәдеге жарату жұмыстарына қатысты да бірқатар дерек келтіреді. Оның жазуынша, бұл салада қауіпсіздік мәселесі бірнеше рет көтерілгенімен, оқ-дәрілерді жою кезінде адам өлімімен аяқталған төтенше жағдайлар қайталанып отырған. Есімізде болса, сол жылдары елде бірінен кейін бірі күштік құрылымдардың қоймасында жарылыстар болды. Оның артынша дәл қазіргідей арнайы комиссия құрылып, жауаптылар жауапқа тартылатыны шегелеп айтылды. Журналистің дерегінше, мұндай оқиғалардың себептері толық әрі ашық зерттелмей, жауапкершілік көбіне орта буын басшыларына жүктелген. Сондай-ақ мақалада кәдеге жаратуға арналған кейбір жабдықтардың сапасы мен олардың нақты оқ-дәрі түрлеріне сәйкестігіне қатысты сұрақтар қойылады. Қызығы, оқ-дәрілерді кәдеге жарату пункттерінде орнатылған станоктардың Қазақстандағы осындай маңызды мәселелерді бақылауға тиіс мемлекеттік органдардың ешқайсысында тиісті сертификаттаудан өтпеген. Ал мұндай жағдай Әділбек Жақсыбеков, Серік Ахметов, Иманғали Тасмағамбетов кезінде де болған. Оның үстіне, осы үш министрдің үшеуі де оқ-дәрілерді кәдеге жарату пункттеріне инспекциялық тексеру жүргізіп барған. «Сонда олар қоймада нені тексерді?» дейді автор. Есесіне, олардың тұсында жарылыс қаупі жоғары мемлекеттік нысан бірнеше рет қайта құрылымдалып, атауы өзгертілген. Кейіннен артиллериялық снарядтарды бөлшектеу нәтижесінде алынатын металды сатудан түсетін коммерциялық табысты бірнеше жыл толық бақылауында ұстағандар үшін жағдай мүлде басқаша өрбіпті. Мысалы, 2010-2015 жылдары Қорғаныс министрлігіне қарасты «Қазақвзрывпром», кейін «Қазтехнология» болып атауын өзгерткен акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Арман Рамазанов елорда әкімдігі жанындағы салыстырмалы түрде табысты жұмыс істеп отырған ASTANA әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясында басқарма төрағасы лауазымын иеленеді.

Айтпағымыз да осы. Еліміз бірінен соң бірі болған әскери төтенше жағдайлардан сабақ алуға асықпаған. Сол үшін әлі күнге дейін күштік құрылымдардағы қайғылы жағдайларды алдын алуға қауқарымыз жетпей жатыр. Жүйедегі олқылықтың адам факторына келіп тіреле беретіні бар. Себебі қазір әлеуеті күшті әскер құрғымыз келіп отыр. Ал күшті әскер үшін әскерилердің де моральдық-материалдық жағдайына назар аударатын уақыт жетті. Әйтпегенде әр оқиғадан кейін арнайы комиссия құрылып, себептері анықталғаны, кінәлілер жауапқа тартылғаны айтылып, артынша ауқымды реформа да жасалып жатқаны туралы әдемі есеп беріле береді. Каспийдегі соңғы трагедия осыны көрсетті. Сондықтан бұл жолғы тергеу тек болған оқиғаның салдарын тіркеумен шектелмесе игі. Өйткені Мемлекет басшысы да Маңғыстаудағы қайғылы жағдайға берген бағасында бейбіт уақытта әскери қызметшілердің қаза болуына бірінші кезекте офицерлердің, соның ішінде генералдардың салғырттығы мен кәсіби біліксіздігі себеп болған.

Енді су жаңа Қорғаныс министрі Айдос Мырзахметовтің алдына үлкен міндет қойылып отыр. Қалай дегенмен Кеңестің келмеске кеткен ескі жүйесінде әскери білім алмаған офицерге көптің де көңілі жібіді. Ал міндеттің іске асуын Президенттің айтқаны тағы бір сөзінен бағамдай жатармыз. Әскер – қорқыныш пен үрейге толы жер болмаса, демек, Қорғаныс саласында сең қозғалғанына сенуге болады. Айтқандай, кеше Президенттің тапсырмасымен құрылған комиссия әскери саладағы үш құрылымды да жіті ғана емес, жиі-жиі тексеріп отырса, артық болмас.

                                                                                     фото: tv7.kz

Автор

  • Жадыра Мүсілім

    Алматы облысында дүниеге келген. 2008 жылы Абай атындағы ҚазҰПУ-дың халықаралық журналистика факультетін бітірген. 2016 жылы Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Саясаттану жане журналистика» факультетін тәмамдаған. Әлеуметтік ғылымдар магистрі. Әр жылдары "Ана тілі", "Заң", "Халық сөзі", "Қазақстан заман", "Сақшы" газеттерінде, "Тағдыр таразы" журналында тілші, бөлім меңгерушісі, "Жария" ақпараттық сайтының шеф-редакторы, "Айқын", "Егемен Қазақстан" газеттерінің тілшісі қызметін атқарған. 2025 жылдан бастап sarapshy.info ақпарат агенттігінің тілшісі.

    Барлығын қарау
армия Әскер Әскерге шақыру Басты ақпарат Қазақстан Қарулы күштері
Бөлісу Facebook Twitter Pinterest LinkedIn Tumblr Email VKontakte Telegram WhatsApp Copy Link

Оқи отырыңыз...

Біздің сараптама

Неге біз Араб елдері сияқты байып кетпедік?

14/09/2026
Біздің сараптама

Агрессор психологиясы және Қазақстандағы оңалту жүйесінің олқылықтары

24/06/2026
жаңалық

Ресейдегі порттағы жаппай төбелестен кейін Қазақстан азаматтары қамауға алынды

30/03/2026

Жаңа мақалалар

Үндістан мен Қазақстан: технология, инвестиция және жаңа мүмкіндіктер

Саясат 01/10/2026

БҚО-да жалған компаниялар арзан тарифпен астық экспорттаған

жаңалық 30/09/2026

Күштік құрылымдар қашан сабақ алады?

Өте өзекті 30/09/2026

Неге біз Араб елдері сияқты байып кетпедік?

Біздің сараптама 14/09/2026

«Жүйені қирату үшін 15 минут пен бір жапырақ қағаз жеткілікті»

Сарапшы пікірі 14/09/2026
Сайт мұрағаты
Қазан 2026
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жс
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031  
« Қыр    
Advertisement

Сайт материалдарын пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті.
Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

ҚР Ақпарат және Қоғамдық даму министрлігі Ақпарат комитетінің №KZ30VPY00040617 куәлігі берілген.

Поштамыз: sarapshy.info@gmail.com

Facebook Instagram YouTube WhatsApp TikTok Telegram

Соңғы жаңалықтар

Үндістан мен Қазақстан: технология, инвестиция және жаңа мүмкіндіктер

01/10/2026

БҚО-да жалған компаниялар арзан тарифпен астық экспорттаған

30/09/2026

Күштік құрылымдар қашан сабақ алады?

30/09/2026

Sarapshy.info-ға жазыламын

Сараптамалар мен шолуларды тұрақты оқимын десеңіз

© 2021- 2026 «Медиа білім» қоғамдық қоры. Авторлық және жанама құқықтар толық сақталған.

Іздеу үшін Enter пернесін басыңыз. Бас тарту үшін Esc пернесін басыңыз.