30 қыркүйекте алматылық «Қайрат» пен әлемнің әйгілі клубы «Реал Мадридке» тартысты футбол ойыны өтті. Нәтиже қазақстандықтар үшін ауыр болды – 0:5.
Алғашқы үш голды Килиан Мбаппе соқты. 83-минуттағы төртінші гол Эдуард Камавингаға тиесілі. Қосымша уақыт кезінде соңғы допты қақпаға Браим Диас салды.
«Қайратқа» миллиардтаған табыс әкелген ойын
«Қайрат» тұңғыш рет УЕФА Чемпиондар лигасының топтық кезеңінде ойнап, спорттық жетістігін қаржылық табыспен де толықтырды. Сатылым ашылған кезде Ticketon сайтына 100 мыңнан астам кірген, ал стадионның сыйымдылығы — 25 мың орын.

Құны 250 мың теңге ең қымбат билеттің 5 мың данасы сатылып, клубқа 1,2 млрд теңге түсті. 150 мың теңгелік билеттерден «Қайрат» тағы 1,8 млрд теңге пайда көрді. Қалған орындар 75—125 мың теңге аралығында сатылды.
Бұл ойыннан түскен жалпы табыс 3,8 млрд теңгеге жуық деп бағаланып отыр. Қаражат миллиардер Тимур Турловқа тиесілі Freedom Ticketon компаниясына келіп түсті.
Сонымен қатар «Реал Мадрид» Алматыдағы InterContinental қонақүйін түгел жалға алып, үш күнге 278 млн теңге төледі.
«Қайрат» ойыншыларының нарықтағы бағасы
Transfermarkt дерегіне сүйенсек, «Қайрат» командасындағы ең қымбат ойыншы – Дастан Сатпаев, оның құны – 1 млрд 159,2 млн теңге. Одан кейін Беларусьтен келген легионер Громыко тұр, оның нарықтық құны – 772,8 млн теңге.
Үшінші орында ресейлік қорғаушы Егор Сорокин – 576,6 млн теңге. Израильден келген Офри Арад 515,2 млн теңгеге бағаланса, португалиялық жартылай қорғаушы Жоржиньо 322 млн теңге тұрады.
«Қайраттың» түлегі Дамир Қасаболат 289,8 млн теңгеге бағаланған. Португалиялық Луиш Матаның футболдағы құны – 257,6 млн теңге. Қазақстандық Еркін Тапалов үшін 225,4 млн сұралса, беларусь қорғаушысы Александр Мартынович 161 млн теңгеге бағаланады.
Естеріңізге сала кетейік, «Қайраттың» жастар академиясы мен жасөспірімдер командасына Алматының бюджетінен жыл сайын 0,67 млрд теңге бөлінеді.
Жергілікті ойыншылардан Шерхан Қалмұрза мен Темірлан Анарбеков ойыншы ретінде әрқайсысы 128,8 млн теңге тұрады. Ең төмен бағаланған футболшы – Александр Мрынский, оның құны – 64,4 млн теңге.
«Қайраттың» нарықтағы құны 8 млрд теңгені құрады, ал испаниялық клубтың бағасы 902 мдрд теңгеге тең. «Реалдың» ең қымбат ойыншысы Киллиан Мбаппеның бағасы 115 млрд теңгеге жетеді. Одан кейін 109 млрд теңгеге бағаланған Винисиус Жуниор тұр.
Ойын жұлдызы болып «Қайраттың» қақпасын 7 доптан сақтап қалған Шерхан Қалмұрза есте қалды. Матчтан кейін «Реалдың» қақпашысы Тибо Куртуа 18 жастағы алматылық қақпашыға жейдесін сыйға тартты. Күні кеше кәсіпкер Ұлықбек Шарипов Қалмұрзаға су жаңа көлік тарту етті.
Қанша турист жиналды?

Матчты көруге Алматыға әлемнің түкпір-түкпірінен 5 мыңнан астам шетелдік турист келді. Олардың ішінде Қытай, Ресей, Жапония, Ұлыбритания, Испания, Чехия және басқа да елдерден жиналған жанкүйерлер бар. Отандық команданы қолдауға Қазақстанның әр өңірінен аттанған азаматтармен қоса санағанда 30 қыркүйекте Алматыдағы туристер саны 10 мың адамға жетті.
Mastercard дерегінше, әрбір турист Алматыдаорта есеппен 1 500 доллар жұмсаған. Бұл Алматыдағы қонақүй, мейрамхана және көлік саласына айтарлықтай серпін берді.
«Бұл ақпаратты жаңа ғана естіп тұрмын» — вице-министр
Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек стадионға кіреберісте жанкүйерлер балаларымен бірге қыспақта қалып, қауіпке душар болғанын айтты. Оның сөзінше, арнайы жасақ пен полиция қызметкерлері оқиғаны сыртынан бақылап, тоқтатуға тырыспаған.
«Алда елімізде кем дегенде үш маңызды футбол ойыны жоспарланып отыр. Енді «Қайрат» футбол клубы мен Алматы әкімдігі қорытынды жасап, билет үшін ақша шығындаған жанкүйерлердің жайлылығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етеді деп үміттенемін», — деді депутат.
Сонымен қатар билеттерді алдын ала алып, үстеме бағамен кері сатып жатқан азаматтар көбейді. Ойынға барғысы келген көп азамат алаяқтардың құрығына түсіп, ақшасынан айырылған.
Жанкүйерлер арасынан көлігін билетке айырбастаған алматылық азамат есте қалды.
«Сайттан матчқа билет таба алмадым. Артынша біреу билетті миллион теңгеге сатып алуды ұсынды. Сосын менің көлігімді аласың дедім. Негізі ішім ашып тұр», – деді футбол жанкүйері.
«Қайрат» пен «Реал Мадрид» ойыны қоғамдағы қызу талқылаумен де есте қалды. Әлеуметтік желілерде қазақстандық танымал әншілер Нұрлан Еспанов пен Сәкен Майғазиевтің ұлдарына қатысты дау шықты.
Олар матч билеттерін қымбат бағада кері сатқаны үшін айыпталды. Олжас Еспанов билеттерді 500-600 мың теңге аралығында ұсынған. Кейін дәл сондай хабарландыруды Әділет Қордабай жариялап, билеттерді 350 мың теңгеге сатқан деген дерек пайда болды.
ІІМ вице-министрі Санжар Әділов бұл деректі жоққа шығарып, матч тыныш әрі ешқандай құқық бұзушылықсыз өткенін мәлімдеді.
«Мен бұл ақпаратты журналистерден жаңа ғана естіп тұрмын. Шағым түссе тексеру жүргізуге дайынбыз», — деді ол мәжіліс кулуарында.
Мүлт кеткен пенальти

67-минутта есеп 2:0 болған сәтте «Қайрат» шабуылшысы Громыко Себальоспен қақтығыстан кейін жерге құлап, италиялық төреші Гуида пенальти белгіледі. Алайда «Реалдың» ойыншысы Себальос бұл шешімге келіспеді.
Бейнеқайталауда Громыконың өзі құлап, қарсыласымен сәл ғана қақтығысып қалғаны анықталды.
Спорт журналисі Түгелбай Бисен бұл жағдайға қатысты пікір білдірді.
«Әлемнің үздік үштігіне кіретін алып клубтың негізгі құрамымен келуі – біздің елге, біздің клубқа көрсетілген үлкен құрметтің белгісі. Ал енді пенальти мәселесіне келсек, басында төреші «Қайраттың» пайдасына шешім қабылдады, бірақ кейін VAR-ға (техникалық көмекші) жүгінді. VAR негізінен даулы жағдайларды анықтау үшін қолданылады ғой, бірақ бұл жерде төреші неге шешімін өзгерткені түсініксіз болды. Камералардың ракурсы да ыңғайсыз еді.
Жанкүйер ретінде айтарым: ол жерде пенальти қою керек еді. Өйткені дәл сол сәт ойынның ырғағына әсер етті, «Қайраттың» беті қайтып қалды. Егер пенальти берілгенде, есеп 5:0 болмайтын еді деп ойлаймын.
Шыны керек, есте қалғаны – «Қайрат» пен «Реалдың» ойынының алдындағы ажиотаж. Билет таппай әбігерге түскен жанкүйерлердің жазбаларын, әлеуметтік желідегі пікірлерді оқу қызық болды», — деді ол.
Интернет сапасы жанкүйерлер көңілін қалдырды
Ойынды үйде көрген көрермендер де сынға толы пікір қалдырды. Қазақстанның барлық аймағында интернеттің баяулығы мен жиі үзілуі бейненің сапасына әсер етті.
Мәжіліс депутаты Нартай Аралбайұлы аталмыш мәселеге қатысты мәлімдеме жасады.
«Байланыс операторларына қанша мың теңге төлесек те, олар тиісті жүктемені есептей алмады. Бұл жағдай қайталанбауға тиіс. Интернет сапасы дейміз, басқа дейміз, бірақ елімізге Чемпиондар лигасын 15 мәрте жеңген «Реал Мадрид» секілді алып команда келгенде, халықтың қызығушылығы айрықша болатыны анық. «Қайратымыздың» ойынын көруге құмартқан жанкүйерлердің қарасы өте көп болды. «Қайрат» «Реалмен» арпалысса, халық интернетпен алысты», – деді ол.
Ойын трансляциясына жауапты QazSport телеарнасының хабарлауынша, техникалық ақауларды жою үшін тиісті шаралар қабылданғанымен, мәселені дер кезінде шешу мүмкін болмаған.
ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі де ойын кезіндегі интернет сапасына қатысты түсініктеме берді.
«2025 жылғы 30 қыркүйекте сағат 21:30-да «Қайрат» — «Реал Мадрид» матчының онлайн көрсетілімі кезінде пайдаланушылардың көптігінен «Қазақстан» ТРК платформасында ақау орын алды. qazaqstan.tv, qazsporttv.kz сайттары, сондай-ақ BeeTV, TV + бағдарламалары уақытша қол жетімді болмады», — делінген ведомствоның хабарламасында.
Сарапшы пікірі
Экономист Айбар Олжайдың пікірінше, «Қайрат» пен «Реал Мадрид» арасындағы кездесу Алматы экономикасына жаңа серпін берді.
«Бұл матч ең әуелі Қазақстанды халықаралық деңгейде танытып, қаланың әлемдік спорт және туризм картасына енуіне ықпал етті. Енді Алматының туристік имиджі артып, қала шетелдіктер қызығушылық танытатын жаңа орынға айналмақ.
Ойын күндері Алматыға шамамен он мың турист келіп, қонақүйлерді толтырды, мейрамханалар мен кафелерге барды. Нәтижесінде қызмет көрсету саласы қосымша кіріс тапты, ал қала бюджетіне түсетін салық көлемі кемінде бір миллиард теңгеге артады деп болжанып отыр. Аталмыш матчтың Алматы қаласының экономикалық дамуына тигізетін әсері ұзақ мерзімді деп бағалауға болады.
2025 жылдан бастап Алматыға келетін туристердің саны едәуір артады деген болжам бар. Қазақстан шетелдіктерді тарту үшін бірқатар елдің азаматтарына 30 күнге дейін визасыз жүруге мүмкіндік берді.
Жалпы алғанда, аталмыш ауқымды спорттық шара Алматының инфрақұрылымын жаңа деңгейге көтеріп, қаланың экономикасына тұрақты импульс бермек», — деп пікір білдірді ол.
фото: «Қайрат» футбол клубы

