Жәнібек ауданының Өнеге ауылында гибридті станцияның құрылысы басталды. Бұл жоба Жәнібек және Бөкей ордасы ауданындағы электр энергиясына деген тәуелділікті жоюға мүмкіндік береді. Құрылыс екі кезеңнен тұрады. Бірінші кезең 2025 жылдың төртінші тоқсанында, ал екінші кезең 2026 жылы аяқталады. Бұл жөнінде Батыс Қазақстан облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы Sarapshy.info сараптамалық ақпарат агенттігіне хабарлады.
Гибридті станцияның жалпы қуаты – 8 МВт, оның ішінде күн сәулесінен қуат алатын тақталары мен газпоршеньді станциясы – 4-4 МВт болады.
Жоба жүзеге асқаннан кейін қос аудан күндізгі мезгілде электрмен 100% өңірден қамтылып, түнгі уақытта электрдің 10%-ы Ресей Федерациясынан сатып алынады.
Айтып өтелік, қазіргі уақытта Жәнібек және Бөкей ордасы ауданы 90% электр қуатын Ресей Федерациясынан алады. Аталған жобаның нәтижесінде тәуелділік 10%-ға дейін азаяды. Ал жалпы екі ауданды қоспағанда қалған аудандар электрді 3,5%-ға дейін Ресейден алып отыр.
Осыған дейін жазғанымыздай, жоба құны, шамамен, алты млрд теңгеге бағаланып отыр. Негізгі инвестор – шетелдік «Green Spark Limited» компаниясы. Құрылысты жергілікті «Green Spark Power» ЖШС жүзеге асырады.
Күндіз станция негізінен күн көзінен қуат алады, ал түнде газ генераторы іске қосылады.
Бұл жоба өңір экономикасына жан-жақты әсер етеді. Құрылыс кезінде 20 адам, ал іске қосылған соң 16 адам тұрақты жұмыспен қамтылады.
Биыл Батыс Қазақстан облысында жаңартылатын энергия көздерін дамытуға бағытталған үш нысанның құрылысы басталады. Өңірді баламалы энергия көзімен қамтамасыз ету үшін жаңа станциялар құрылысына отандық және шетелдік инвесторлар қаражат жұмсайды.
Фото: Freepik.com

