14 тамыз күні Оралдағы «Зашаған» бау-бақша бірлестігінің тұрғындары бірлестік басшысының жұмыстан кетуін талап етіп, көшеге жиналды. Олар 2025 жылдың қаңтар айында төраға болып бекітілген Асхат Баетов жұмыс істеп жарытқан жоқ деп есептейді.
Бұл бірлестік халыққа «Құс фабрикасы» атымен танымал.

«Қазіргі төраға еш жұмыс істеп жатқан жоқ. Халықты екіге бөлді. Тып-тыныш өмір сүріп жатыр едік. Қала әкімдігі біздің шағымымызды қарамайды. Әкімдіктің құзіреті жетпейді мәселені шешуге. Мына төрағаның жұмыстан кеткенін қалаймыз», – деді «Құс фабрикасының» өкілі Ләззат Саркенова.
Тұрғындардың айтуынша, «Батыс Қазақстан аймақтық электр желілік компаниясы» алдындағы қарыз мәселесі шешілмеген. Электр қуатына қарыз 101 млн теңгеден асқан.

Аталған компания («ЗапКазРЭК») 12 тамыздан бастап электр тогын беруді сағат 10:00-ден 17:00-ге дейін шектейтінін мәлімдеген. Оған қоса тұрғындар «Батыс су арнасы» кәсіпорнына 3,7 млн теңге бережақ.
Л. Саркенова бау-бақша бірлестігін басқаруға Баетов өз жақтастарымен мүдделі болды, өзі сайланбастан бұрын көпшілікті электр ақысын төлемеуге үгіттеді дейді. Олар бұрынғы төрағаның жұмысынан кеткенде су тарифі бойынша толық есеп айырысып кеткеніне сенімді.
«Жаңа төраға келгеннен кейін су тарифін 100 пайызға көтерді. Бұрынғы басшы текше метріне 70 теңгемен төлеп, қарызды жауып кеткен. Қоқыс қалдығын тасымалдау 1000 теңгеден еді, оның бағасын 1500 теңгеге көтерді. Бау-бақша бірлестігінің жарлығы бойынша тұрғындармен төраға келісуі керек еді. Тұрғындар конторға емес, тікелей «Батыс АЭЖК» мен «Батыс су арнасы» ЖШС-на тікелей төлеуі тиіс», – деді Гүлнара Еркенова.

Еркенова халықтың коммуналдық төлемге жинаған ақшасын «Құс фабрикасының» әкімшілік кеңсесі кәсіпорындарға түгел беру керек деді.
«Осында тұрғаныма он жылдан асты. Көптеген мәселе шешілмей жатыр. Көшелер шаң. Су шашатын машина келмейді. Тұрғындардың ақшасын неге жинап отыр? Халықпен ақылдаспайды. Бұған дейін жарықтың ақшасын конторға төлеп келдік. Бірақ кәсіпорынның шотына аударылмағаны белгілі болды. Содан кейін «Батыс АЭЖК» ЖШС-на тікелей төлеп жатырмыз», – деді Қайрат Дауылбаев.

Қаланың даулы бөлігінде 12 000 адам тұрып жатыр. Жалпы 2300 үй бар. Жиынға келгендердің сөзінше, коммуналдық төлем құнының өскені, тарифтердің қымбаттағаны жөнінде тұрғындардың көбі құлағдар болмаған. Талқылауға 30 шақты адам ғана жиналған.
«Бұл жерде тұратын халықтың «жағдайы жақсы» не «жағдайы жаман» деп бөлетін ештеңесі жоқ. Әркім шама-шарқы жеткенше өмір сүріп жатыр. Баетов халықтың алдына «Қызмет көрсетем, барлық жағдайды жасаймын» деп келді. Бұрынғы төрағаны орнынан кетірді. Ақпаннан бері тұрғындар «не істейді?» деп күтті. Бірақ ешқандай нәтиже көрсетпеді… Адаммен санаспайды. Көше жолдары кедір-бұдыр. Атвогрейдер кірмейді», – деді кәсіпкер Ербол Кырымов.

Тұрғындар бау-бақша бірлестігінің жағдайын жақсартам деген Баетов уәдесінде тұрған жоқ деп санайды. Олар төрағаның өз жалақысын 450 мың теңгеге дейін көбейтіп алғаны заңсыз деп мәлімдеді. Одан бұрынғы төрағаның жалақысы 150 мың теңге шамасында болғанын айтты.
«Бұрын электр қуатына төлем бойынша 72 млн теңге қарыз болса, қазір 102 млн теңгеге жетті. Халықтың ақшасын төлемей, ұстап отыр. «Құс фабрикасына» кәсіпорын үш трансформатор қойып береді дейді. Пәленбай миллион теңгені тарифке төлемей ұстап отыру заңсыз. Нақты есебі болу керек. Ол ақшаны қайда сақтап отыр, бізге белгісіз», – десті тұрғындар.
Саяжайлықтар «Құс фабрикасына» қала деңгейінде елді мекен мәртебесін беруді әкімдіктен сұрап келгені белгілі. Осы жолы одан күдер үзгендерін де айтты. Олар есесіне әлеуметтік мәселелер оңынан шешілсе екен деп есептейді. Бұл үшін билік осы аумақта су, газ, электр инфрақұрылымын дамытуы шарт.
«Құс фабрикасының» басшысы Баетов бұл жиынға келмеді.

Наразылық акциясына қатысқандар бұдан кейін әкімшілік кеңсесінің алдына жиналды. Оның есігін қаққанмен ешкім шықпады. Одан кейін тұрғынның бірі төрағаға қоңырау шалды. Бірақ Баетов байланысты үзіп тастады.

Асхат Баетов Sarapshy.info агенттігіне жалақысын өсіргенін растады. «Орташа жалақы шамасы» деді. Бірақ тұрғындардың айтқанын жоққа шығарды. Ол қарыздың қордалануына экс-төраға Асылбек Қабесовты кінәлады.
«Бұрынғы төрағаға қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта аудит жүріп жатыр. Ол туралы мәліметті прокуратурадан, ішкі істерден сұрауға болады», — деді Баетов.
Бау-бақша бірлестігінің басшысы кешегі дау-дамайды көтерген бұрын Қабесовтың қарамағында жұмыс істеген адамдар деді. Оның айтуынша, бұған дейін қала әкімі Мұрат Бәйменовтің қатысуымен өткен жиында «Құс фабрикасының» мәселелерін көтерген.
«Ақшаның тапшылығы, транформаторлардың тозғаны, соның кесірінен тоқтың күші жетпей жататыны жөнінде айттым. Сол жиында «Батыс АЭЖК» ЖШС-ның басшылары болды. Олар қала әкімінің сұранысымен жаңа үш трансформатор орнатамыз деді. Содан кейін ақпан, наурыз, сәуір айлары өтті. Трансформаторларды көрмегесін кәсіпорынмен келісімшарт жасаспаймын деді. Компания уәдесін орындайтынын айтты.
Содан соң келісімшартқа қол қойып, халықтың жинаған 39 млн теңгесін төледім. Одан әрмен 13 млн теңге және 17 млн теңгені шотқа аудардым. Бірақ трансформаторларды ауыстырған жоқ. Компания басшысы Рүстем Майрановқа барып, «Маусым айынан бастап ақшаны төлемеймін. Тұрғындардың ақшасын жинаймын. Ол сейфте тұрады. Уәделеріңді орындағасын есеп айырысамын дедім» деп ескерттім. Бір көшеге трансформаторды іске қосты. Енді тағы екеуін орнатуын күтемін. Ақшаны жинап барып, қарызды бір-ақ жабамын. Соны естіп алғандар дау көтеріп жүр», — деді Асхат Баетов.
Төраға заңды жолмен жұмыс істеп отырмын дейді. Тексеруге мүдделі кез келген органға ұсынатын құжаттарым сақадай-сай деп нақтылады сөзін. Маусым айында төлемді тоқтатқаны жөнінде қала әкімдігіне, прокуратураға және компанияға ескерткен. Баетовтың түсіндіруінше, электр қуатына төленбеген қаражаттың 72 млн теңгесі – бұрынғы төрағаның бережағы.
Бірлестік басшысы «Батыс су арнасы» ЖШС-на да талап қойған.
«Батыс су арнасы» судың қысымын реттемей отыр. Мен кәсіпорынға ресми хат жолдадым. «Комиссия жіберіп, тексертіңдер, не себептен олай болып отырғанын анықтап беріңдер» едім. Егер насос орнату керек болса, құнын есептеп беруді өтіндім. Содан кейін ғана судың төлемі бойынша есеп айырысамыз», — деп түсіндірді төраға.
Асхат Баетов тұрғындарды коммуналдық төлемді төлемеу жөнінде үгіт жүргізбегенін айтты. Ол жеті ай ішінде біраз мәселені шештім деп санайды.

Оқиға болған күні экс-төраға телефон қоңырауын қабылдамады.
Sarapshy.info БҚО полиция департаменті мен Орал қаласының әкімдігіне мән-жайды терең қаузау үшін сауалдар жолдады.
Айта кетейік, ақпан айында «Зашаған» бау-бақша бірлестігі, яки «Құс фабрикасының» тұрғындары жолды жауып, экс-төраға тұрғындар ақшасын заңсыз жинады деп мәлімдеген. Оған Батыс АЭЖК-ның электр желісін кесіп тастаймыз деп ескерткені себеп болды. Сол кезде тұрғындар бұрынғы төрағаны кінәлаған.
Редакция бұл ақпараттардың растығына немесе тараптардың кінәсіздігіне қатысты ешқандай құқықтық баға бермейді. Материал тек қоғамдық маңызы бар оқиғаны объективті шолу ретінде ұсынылады және қорытынды шешімді құзырлы органдар қабылдайды.

