Орал қаласы әкімінің орынбасары Азамат Халеловке жаңа бас жоспардағы қателікке байланысты тәртіптік жаза берілді. Бұл туралы қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі хабарлады.
15 шілде күні өткен қоғамдық тыңдау кезінде белсенді азамат Данил Макатуха құжаттың 500 беттік түсіндірме жазбасында Қарағанды мен Семей қалаларының тарихи нысандарына қатысты деректер бар екенін анықтаған. Бұдан кейін әлеуметтік желіде сын көбейіп, әкімдік құжаттың жаңартылған нұсқасын жариялады.
Аталмыш құжатты әзірлеу үшін жергілікті бюджеттен 250 миллион теңге бөлінді. «Grado» мердігер компаниясы өңірде топографиялық түсірілім жүргізіп, инфрақұрылымды зерттеген. Халелов бұл жағдайды техникалық қателік деп түсіндірді, ал бас жоспарға жауапты өзге маман жаза қолданылғанға дейін өз еркімен қызметінен кеткен.
Халеловтың айтуынша, бірнеше қаланың жобасымен қатар айналысып жатқан мердігер компания құжатқа қате материал енгізген.
«Әлеуметтік желілердегі кейбір сын-пікірлермен келісе алмаймын. Қаланың бас жоспары бірнеше кезеңнен тұрады, сондықтан оның толықтай қате болуы мүмкін емес. Қазір барлық олқылық түзетіліп, жобаның жаңа нұсқасы дайындалды», — деді ол.
фото: видеодан алынған кадр