Бұл жайлы Орал қаласына жол саласы мамандарының біліктілігін арттыруға арнайы келген ҚР инвестициялар және даму министрлігіне қарасты жол активтері Ұлттық орталығының ведомстволық сараптама бөлімінің басшысы Бейбіт Иманғалиев айтты. Оның пікірінше, бұл елдегі жолдардың сапасына тікелей әсер етеді.
-Жол саласында жүргізілген сараптамалар нәтижесі жергілікті атқарушы органдарда, атап айтқанда ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімдерінде мамандардың тек 10%-ға жуығында жол саласына қатысты дипломдары барын көрсетті. Бұл – өте өзекті мәселе. Себебі бұл мамандар ПИК жұмысына, жол құрылысына және басқа да әлеуметтік мәселелерге жауап береді, — дейді Бейбіт Иманғалиев.
Елдегі ең нашар жолдар – БҚО-да. Бұл мәселеге еліміздің премьер-министрі Әлихан Смайылов назар аударып, өңір басшысына құрылыс қарқынын жеделдетуді тапсырды.
Біз Ұлттық жол активтері сапасы орталығының мамандарынан неліктен еліміздегі, әсіресе Батыс Қазақстан облысындағы жолдардың асфальт төсемі қыстан кейін өте сапасыз күйге ауысатынын сұрадық.
— Жобалық-сметалық құжаттамада кемшіліктер бар. Оған қоса жобалау-іздестіру жұмыстары дұрыс жүргізілмейді, жер бедері зерттелмейді. Бұл кемшіліктер жолдардың сапасына әсер етеді. Техникалық қадағалау мамандарын объектіде тұрақты бақылау жүргізу үшін тапсырыс берушілер арнайы жалдайды. Ал қадағалау мамандары өз міндеттерін толық орындамай жатады. Мысалы нысанға бір-екі сарапшы қойылады, ал тендерде он нысанды жеңіп алды. Тапсырыс беруші тарапынан қатаң бақылау болуы керек. Өткен жылы техникалық қадағалаудың үш сарапшысы аттестаттан айырылды, ал басқаларына үш миллион теңгеге айыппұл салынды, — деді аталмыш орталықтың БҚО филиал директоры Зәурбек Қыпшақбаев.
Ұлттық сапа орталығы жолдарды орташа жөндеу кезінде сметалық құжаттарын тексереді. Жобаға жасаған сараптамаларының қорытындысы негізінде жергілікті не жауапты орган мемтапсырыс негізінде конкурс жариялайды. Тек құжатын тексеріп қоймайды, елдегі он жеті филиалдарында зертхана бар. Тапсырыспен жолдың қажет учаскесіне зерттеу жүргізеді. Асфальт құрамын, одан да төменгі қабаттарын тексеріп, тәжірибелерін жасайды. Дайын жолды да арнайы жарақтандырылған көлік арқылы толық сараптамадан өткізеді. Көлік – көшпелі зертхана, толық автоматтандырылған.
Ұлттық сапа орталығы мамандары жол құрылысы мен сапасы жағынан Қазақстан дамыған елдерден ондаған жылға артта қалып отырғанын атап өтті.
-Жолдың нормативтік уақыты болады. Сол уақыты өткен соң асфальттың беткі қабаты қайтадан ауыстырылуы керек. Төменгі қабаттары шыдауы тиіс. Беткі қабаты дер кезінде жөнделмесе, жол жарамсыз болады. Біздің климатымызда асфальт жабыны 5 жылға есептелген. Себебі, қыс – өте суық, жаз – тым ыссы. Басқа климаттық аймақтар асфальтқа көбірек сақталуға мүмкіндік береді, — дейді ҚР ИИДМ жол активтері Ұлттық орталығының ведомстволық сараптама бөлімінің басшысы Бейбіт Иманғалиев.
Бейбіт Иманғалиев БҚО-дағы жолдардың күрделі жөндеуден соң да көп ұзаққа шыдамауының себебі жөндеу жұмыстары сапасыз атқарылуынан деді. «Жол мемлекеттік тапсырыс, яғни тендер арқылы жөнделеді. Мемтапсырыста қай мердігер ең төмен баға ұсынса, сол тендерді ұтып алатыны белгілі. Бағаны 30-40 пайызға дейін түсірген соң жөндеу құны, онымен бірге сапа да төмендейді» дейді ол. Тапсырыс беруші де, тұрғындар да мердігердің жол жөндеуіне көңілі толмаса, жол активтері ұлттық сапа орталығын шақырып сараптама жасатуына мүмкіндік бар. Жолды қайтадан жөндеткен жағдайлар да кездесіп тұрады екен. Былтыр Ұлттық сапа орталығы еліміздің жолдарында 11900 тексеру жүргізіп, 5800-ден астам кемшілік анықтаған.
Нұрлыбек Рахманов