2024 жылы Қаржы мониторинг агенттігі (ҚМА) мемлекеттік мекемелердің азық-түлік бағасын негізсіз көтеру фактісі бойынша 817 жағдайды анықтады. Бұл заңбұзушылықтарға мектептер, балабақшалар, ауруханалар және басқа да әлеуметтік мекемелер жатады.
685 мекеменің мемлекеттік сатып алу келісімшарттары қайта қаралып, 370 млн теңгеден астам қаржы үнемделген. 69 тиімсіз делдал шеттетілді, 600 әкімшілік хаттама толтырылып, жалпы 11 млн теңге айыппұл салынды.
Өңірлердегі жағдайлар бойынша, Ақтөбе облысында 80 балабақшада қарақұмық, картоп, сәбіз, қант, жұмыртқа және тұз бағасы төмендетілген. Кәсіпкердің бірі қарақұмықтың бағасын 500%-дан астам көтеріп жеткізген.
Қостанай облысында 117 әлеуметтік мекемеде қарақұмық, қант, пияз, картоп және жұмыртқа 180%-ға дейінгі үстемақымен сатып алынғаны анықталды. Қосымша келісімшарттар жасалып, 60 млн теңге қаржы үнемделді.
Астана мен Қарағанды облысында 175 балабақшада азық-түлік сатып алу жүйесіне өзгерістер енгізіліп, нәтижесінде 100 млн теңгеден астам қаржы үнемделген.
Осы тұста Қаржылық мониторинг агенттігі мемлекеттік мекемелердің азық-түлік сатып алу қызметін бақылау мақсатында арнайы IT құралдарды пайдалана отырып, «алып-сатарлық» схемаларды анықтауға бағытталған жоба жасап жатқанын хабарлады. Бұл кәсіпорындардың қызметіне кедергі келтірмейді.
«ҚМА мемлекеттік мекемелер өнім өндірушілерден және ірі көтерме саудагерлерден тікелей сатып алу, сауда үстемақыларын асыра көтергені үшін әкімшілік жауапкершілікті күшейту, заңсыз алынған табыс көлеміне пара-пар айыппұлдар қолдану, бағалардың негізсіз өсуіне жол бермеу бойынша бірқатар кешенді шаралар әзірледі», — делінген хабарламада.
Сурет: Pixabay.com