«Теңге құны төмендеді»: Ұлттық банк валюта нарығы туралы хабарлама таратты

Тамыз айының қорытындысы бойынша, теңге бағамы 1 АҚШ доллары үшін 481,61 теңгеге дейін 1,6%-ға әлсіреді. Қазақстан қор биржасындағы сауда-саттықтың орташа күндік көлемі бір айда 170 млн АҚШ долларынан 210 млн АҚШ долларына дейін ұлғайды. Сауда-саттықтың жалпы көлемі 4,4 млрд АҚШ долларын құрады. Бұл жөнінде Ұлттық банктен мәлімдеді.

«Ұлттық қордан республикалық бюджетке трансферттерді қамтамасыз ету үшін тамызда 546 млн АҚШ долларына валюта сатылды. Ұлттық қордан сату үлесі жалпы сауда-саттық көлемінің 12%-ын және күніне 26 млн АҚШ долларынан аспайтын мөлшерді құрады.

Ұлттық Банк Ұлттық қордың қаражатымен операциялар жүргізу кезінде нарықтық бейтараптық қағидатын сақтайды. Бұл шетел валютасын ұдайы және біркелкі сатуды білдіреді. Мұндай тәжірибе Ұлттық қордағы операциялардың валюта нарығына әсерін барынша азайтуға мүмкіндік береді», – делінген хабарламада.

Ұлттық Банк БЖЗҚ зейнетақы активтерінің валюталық үлесін 30% деңгейінде ұстап тұру мақсатында тамызда биржалық сауда-саттықта шетел валютасын сатып алуды жалғастырған. Оның жалпы сомасы 223 млн АҚШ долларын немесе нарықтың жалпы көлемінің шамамен 5%-ын құрап отыр.

«Үкіметтің «Қазатомөнеркәсіп» АҚ акцияларын Ұлттық қорға сатып алу туралы шешімін іске асыру аясында Ұлттық Банк шілде айында Ұлттық қордағы валюталық активтердің бір бөлігін Ұлттық Банктің алтын-валюта резервтеріне сату жолымен конвертациялады. Нарықтық бейтараптықты сақтау және осы операцияны валюта нарығында көрсету үшін Ұлттық Банк шілденің ортасынан бастап сатып алынған көлемді біркелкі сатуға кірісті.

Тамызда аталған операция аясында Ұлттық Банктің алтын-валюта резервтерінен сату көлемі 241,5 млн АҚШ долларын құрады. 2024 жылғы қыркүйекте алтын-валюта резервтерінен 230 млн АҚШ долларынан 250 млн АҚШ долларына дейін валюта сату күтіліп отыр.

Ұлттық Банк Үкіметтің алдын ала болжамды өтінімдеріне сай республикалық бюджетке трансферт бөлуге қыркүйекте Ұлттық қордан 900 млн АҚШ долларынан 1 млрд АҚШ долларына дейінгі мөлшерде валюта сатылуын күтеді», – деп мәлімдеді Ұлттық Банктен.

Айта кетейік, қыркүйекте БЖЗҚ зейнетақы активтерінің валюталық үлесін ұстап тұру үшін 450 млн АҚШ долларынан 550 млн АҚШ долларына дейінгі мөлшерде валюта сатып алу күтіліп отыр.

Сурет: pixabay.com

Әлеуметтік желілер арқылы бөлісуді ұмытпаңыз

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған