Ресейдегі инфляцияның Қазақстан экономикасына әсері

Қазақстан мен Ресей арасындағы тауар айналымы өте жоғары деңгейде. Ресей Қазақстанның негізгі сауда серіктестерінің бірі. Ресей мен Қазақстан экономикасының тығыз байланысы, әсіресе сауда мен қаржы саласындағы көрсеткіштердің, көрші елдегі инфляциялық өзгерістердің Қазақстан экономикасына айтарлықтай ықпал етуіне себеп болады.

​​​

Сауда және импорт

Қазақстанның жалпы импортының 29,6%-ы Ресейден келеді. Демек Ресейдегі баға өзгерістері Қазақстан нарығына тікелей әсер етеді.

Мысалы, РФ-дағы азық-түліктің арзандауы Қазақстандағы ресейлік азық-түлік бағасының төмендеуіне алып келеді. Ал егер Ресейде баға өссе, Қазақстанға «импорттық инфляция» келеді.

Мәселен, биылғы қыркүйек-қазан айларында елімізге Ресейдің импорт көлемі 12,7 млрд АҚШ долларын құрады. Қазақстан солтүстік көршіден азық-түлік, химия, металл және металл өнімдері сияқты негізі тауар түрлерін импорттаған.
​​​​              

Ресейдегі инфляция

Ресейде 2024 жылдың қазан айындағы жылдық инфляция деңгейі шамамен 8,5% болды. Бұл көрсеткіш, негізінен, азық-түлікке жатпайтын тауарлар мен ақылы қызметтер бағасының өсуімен байланысты.

Инфляцияны үдетіп отырған салалардың бірі тұрғын үй-коммуналдық қызметтер: салқын су 60,3%, электр энергиясы 22,9%, орталық жылу қуаты 33,6%-ға қымбаттады.

Бағаның теңесуі: Қазақстан мен Ресей инфляциясының арақашықтығы азайып келеді

Биылғы қаңтар айында Қазақстанда 9,5%, ал Ресейде 7,4% болып, екі елдің инфляция айырмашылығы 2,1 пайыздық тармаққа дейін жетті. Алайда маусым-шілде айларында «қайшыласу» нүктесіне жетіп, шілде айында Ресейде баға өсімі үдеп, ал біздің елде керісінше төмендеу траекториясына түскен болатын.

Ресейдің қатал ақша-несие саясаты бағаны ауыздықтады

Ресейдің Орталық банкі қолданған қатаң ақша-несие саясаты халықтың шығынын азайтып, жинақтауға ынталандырады. Қазіргі таңда Орталық банк базалық мөлшерлемені 21%-ға дейін көтерді. Бұл шешім сұраныстың төмендеуіне және бағаның тұрақтануына әкеледі. Мұндай тенденция Қазақстанға да жанама әсер етеді.

ҚР Ұлттық банкі де осыған ұқсас саясат жүргізіп отыр (мөлшерлеме деңгейі жоғары). Бұл несие алуды қиындатып, халықтың тұтынушылық шығынын азайтады.

​​​​​

Неғұрлым тығыз сауда қатынасы соғұрлым тәуелділікке алып келеді

Ресейдегі инфляция мен экономикалық жағдай Қазақстанның бағаларына айтарлықтай әсер етеді. Бұл импорттық тауарларға, ақшалай-несиелік саясатқа, сондай-ақ инвестициялық және сауда байланыстарына байланысты. Қазақстан бұл ықпалды азайту үшін:

отандық өндірісті күшейтуге,

экономиканы әртараптандыруға,

инвестицияларды тиімді пайдалануға назар аударуы қажет.

Мұндай қадамдар сыртқы инфляцияның Қазақстан экономикасына қысымын әлсіретіп, елдің ұзақмерзімді экономикалық тұрақтылығын қамтамасыз етеді.

Нұрсұлтан Ерболатұлы

Басты сурет: freepik.com

Әлеуметтік желілер арқылы бөлісуді ұмытпаңыз