Бұл шаһар жылына 710 мың текше метр суды ысырап етеді
…Іші-сырты әбден ластанған көлігімізді жудырған кезде бизнес нысанның суды қайдан алатынын, әрине, ойлай бермейміз. Болмаса, жер үйдің бақшасындағы көкөністі үй иесі қандай сумен суарғаны да бізді көп мазалай қоймайды. Моншаға түсіп шыққанда, талай елдің адамы бір тамшысына зәру болып отырған таза суға жуынып шыққанымызды сезінеміз бе? Тіпті, ұлы сөзде ұят жоқ, әжетханаға кіріп-шыққан соң багтағы суды ағызған кезде қаншама таза судың ысырап болып жатқанын білмейтін де шығармыз.
Міне, тіршілігімізге сіңіп кеткен осы қарапайым әдеттер біздегі ауыз су тапшылығын одан сайын тұңғиыққа батырып жатқанын білмейміз, білсек те саналы түрде ол әдеттерді тоқтатпай келеміз. Қазақстан, Қазақстан ғана емес, бүкіл әлемде қазір су – бейресми түрде жаңа мұнай саналып кеткен. Ол мұнай сияқты таусылатын ресурс әрі оның құны өте қымбат. Сондықтан ауыз суды үнемдеу мәселесі өзекті күйінде қалып отыр. Тұрмыстық деңгейден бастап өндіріс, құрылыс және шаруашылық салаларында су тұтыну қағидаты орнамаған. Еліміздің ірі қалалары, соның ішінде, Оралдың өндірістері мен автокөлік жуу нысандары, монша мен құрылыс, техникалық қызмет көрсету орталықтары техникалық судың орнына ауыз суды қолданады.
Бұл мәселені зерттеген біз екі проблеманы және екі шешімді көрсеттік. Бірінші проблема – Оралдағы су тапшылығы мен оның себептері және оның шешімі. Екінші мәселе – ауыз судың орнына қолданылуы керек техникалық судың тапшылығы мен оны көбейтудің шешімдері. Парламент Мәжілісі жаңа Су кодексін Сенатқа өткізген кезде, бұл шешімдер суды үнемдеудің нақты әдістері болары сөзсіз.
Тау-кен өнеркәсібі дамыған сайын суға сұраныс артады
Қазақстанның Су ресурстары және ирригация министрлігінің дерегі бойынша су ресурстарының негізгі көлемін 106 текше километр жерүсті суы құрайды. Оның 46%-ы Қытай, Өзбекстан, Ресей және Қырғызстаннан келетін өзендер қоры арқылы қалыптасады. Қазақстандағы өзендер арнасындағы су деңгейі басқа елдердің есебіне тәуелді. Елдің батыс өңіріндегі Жайық-Каспий су шаруашылығы бассейнінің 80%-ы Ресейдің су қоймалары босатқан су арқылы толығады.
Елді мекендерді және өндіріс пен шаруашылықты сумен қамту көрсеткіші біркелкі көлемде:
- 2020 жылы – 24,9 км3,
- 2021 жылы – 24,5 км3,
- 2022 жылы – 25,0 км3
- 2023 жылы – 24,9 км3.
Су ресурстары министрлігі алдағы жылдары Батыс өңірдегі мұнай-газ секторының және Орталық Қазақстандағы тау-кен өнеркәсібінің кеңеюі себебінен суға деген сұраныс көбеюі мүмкін деп есептейді. Өнеркәсіп саласына жалпы су ресурсының 23,5%-ы беріледі. Оның 94,7%-ы – өзен-көл, бассейндер жүйесінен. Ауыл шаруашылығына су көлемінің 60%-ы бағытталады. Соның ішінде 98,8%-ы – жерүсті су көздерінен.
Су дағдарысының қатері
Жыл өткен сайын Қазақстандағы су сапасы мен экологиялық жағдай нашарлап келеді. Тау-кен, металлургия, ауыл шаруашылығы өнеркәсібі мен коммуналдық қызмет нысандарының қалдықтары өзен-суларымызды, су айдындарымызды ластап-ақ жатыр. ҚР Су ресусртарын басқару жүйесін дамытудың 2024-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасы бойынша пайдалы қазбаларды өндіру жерасты су қорының сапасына да әсер етеді. Мәселен,Түркістан облысының Созақ ауданында уран өндіріледі. Қымбат металды бөліп алу үшін кен орнына күкірт қышқылы жіберіледі. Мұның су қорына тигізетін зияны орасан.
Республика бойынша елді мекендердегі сарқынды судың 29%-ы ғана қайтадан тазартылады. Себебі кәріз жүйелері әбден ескірген. Қалаларды сумен қамту мәселесі өте өзекті. Әр жыл өткен сайын урбанизация қарқын алып келеді. Мәселен, аталған тұжырымдамада Астананы 1969 жылы салынған бір ғана су қоймасы сумен қамтамасыз етілетіні жазылған. Қойма 500 мың адамға су жеткізуге қауқарлы. Ал қазіргі уақытта елордада 1,3 миллионнан астам адам тұрады. 2020 жылы тұрғындар тәулігіне 269 мың текше метр су тұтынған. 2026 жылы сұраныс 340 мың текше метрге дейін ұлғаяды.
Климаттық жағдайдың ушығуы мен техногендік және антропогендік факторлар себебінен Қазақстанда су тапшылығы күшейе түседі:
- Кейінгі 50 жылда Орталық Азия мұздықтары 20-30%-ға кеміді;
- Өзендердегі ылғалдың булануынан ірі көлдердегі су азайды;
- Орталық Азия өңірінің 38,4%-ы құрғақшылық жағдайында;
- Кен өндіру, қазба жұмысы салдарынан елдегі кіші өзендер құрғап кетіп жатыр.
Орал жылына 710 030 текше метр суын жоғалтады
Орал қаласының тұрғындары екі су көзі арқылы қамтамасыз етіледі: оның бірі – Жайық болса, екіншісі – Бәйтерек ауданының Байқоныс ауылындағы жерасты су қоры. «Батыс су арнасы» ЖШС өндірістік-техникалық бөлімінің бастығы Жеңісмұрат Әбдірахмановтың айтуынша, Жайық өзенінен су тазарту құрылғылары арқылы тәулігіне 22 000 текше метр су алынады. Өзен суы тазартылғаннан кейін одан артылған 14% қалдық су Жайыққа кері құйылады. Ал Байқоныстағы 33 ұңғымадан тәулігіне 30 текше метр су тартылуда.
«Қаладағы сарқынды суды құбыр арқылы кәріз сорғы станциялары айдайды. Қалдық су механикалық, биологиялық тазартудан өтеді. Одан кейін бес биотоған арқылы судың құрамынан ауыр металдар сүзіледі. Тазартылып шыққан су қала маңындағы көлтабандарға құйылады. Осы суды сол маңдағы шаруа қожалықтары мал суару үшін пайдаланады», – деді Әбдірахманов.
Қала бойынша инфрақұрылым желілері әбден ескірген. Жалпы ұзындығы 483,5 шақырым су құбырының 60%-ы, 375 шақырым кәріз желісінің 61,3%-ы тозған. Сол себепті желілер бойында техникалық апат жиі болып тұрады. Осының салдарынан 2024 жылы 710 030 текше метр су ысырап болған.
Сумен жабдықтаудың тарифтік сметасына енгізілген кәсіпорынның жеке қаражаты есебінен инвестициялық бағдарлама ауқымында жыл сайын қалаішілік су құбыры жөнделеді. Бірақ жөндеу жұмысы мандымай тұр. Былтыр тек бес шақырымға жуық магистральдық құбыр жөнделген:
- 2022 – 4200 метр;
- 2023 жыл – 3 812 метр;
- 2024 – 4 880 метр.
Бұл көрсеткішпен қаладағы су құбыры түгелімен қашан жаңартылатыны белгісіз. Ал қала халқының саны жыл сайын өсіп келеді. Қала әкімдігі баспасөз қызметінің дерегі бойынша Оралда 360 000-ға жуық адам тұрып жатыр. Қала аумағында 30 000 тұрғынға арналған жаңа Ақжайық шағын ауданы салынып жатыр.
«Байқоныс ауылында жерасты суын тартатын 33 ұңғыма жұмыс істеп тұр. Қала қосымша тәулігіне 15 000 текше метр суға мұқтаж. Жазғы уақытта сұраныс көлемі 20 000-ға дейін барады. Соның салдарынан су қысымы жиі төмендейді. Былтыр алты ұңғыма қазылды, алдағы уақытта пайдалануға беріледі. Қаражат мәселесі шешілсе, тағы бес ұңғыма дайындау жоспарда бар», – деді бөлім бастығы.
Қымбат тариф мәселені шеше ала ма?
«Жазғы кезеңде тұрғындар бау-бақша суарады. Олар шүмекке тікелей түтік (шланга) жалғап, бақшаға су шашады. Бұдан көрі 3-5 текше метр көлемінде резервуарға су жинаса, әлдеқайда тиімді болар еді. Бір ай бұрын қала бойынша сараланған тариф жүйесі іске қосылды. Жаңа тариф бойынша бір айда су тұтыну көлемі кісі басына үш текше метрден аспаса, тұрғындар онда бір текше метрге 91,68 теңгеден төлейді. Егер үштен бес текше метр аралығында су пайдаланса, 110,01 теңгеден есептеседі. Бес пен он текше метр аралығында болса, 137,52 теңгеге дейін артады. Осыдан кейін тұрғындар су үнемдей бастайды деген ойдамын», – деді Жеңісмұрат Әбдрахманов.
Қалада жаңбыр немесе қар суы көбейген кезде «Батыс су арнасының» бригадалары әбігерге түседі. Жеңісмұрат Әбдрахманов арық жүйесіне арналған бөлек инженерлік желі тарту керек деп санайды. Арық арқылы аққан су алдымен көшедегі құдықтарға құйылады, одан кейін құбыр арқылы кәріз сорғы станцияларына беттейді. Мәселе дәл осы жерден басталады. Арықтар арқылы аққан су бүкіл қоқыс-қалдықты жинап алып келеді. Станция алдында тұрған тордан өтіп кеткен қоқыс станция сүзгісін толтырады. Бұл қалдықтарды кәсіпорын қызметкерлері өз қолымен тазалайды. Осы уақытша үзіліс кезінде сол аудандағы тұтынушыларға су жіберу қысымы азаяды.
Суды қайтадан өңдейтін кешендер санаулы ғана
Қазақстанда су тұтыну критерийлерін белгілеу, есептеу жүйесі дами қоймаған. Тұрғындар немесе басқа да нысандардың жалпы ауыз суды қандай мақсатта қолданатыны белгісіз. Осыған қатысты сауалымызға ресми мекемелер мардымды жауап бере алмады. Әлі күнге автожуу кешендері, қонақүйлер, монша-сауналар, мейрамханалар сарқынды суды қайтадан пайдалану жүйесіне түгелдей көшкен жоқ. «Батыс су арнасы» ЖШС-ның бөлім бастығы Жеңісмұрат Әбдірахманов автокөлік жуатын нысандардың иелерімен әңгімелесіп, мәселені түсіндіруге тырыстық дейді. Қаладағы 5-6 ірі кешен ғана қалдық суды қайтадан тазартатын құрылғыны іске қосқан.
«Оралда автокөліктерді жуатын 57 нысан бар. Соңғы талдау қорытындысы бойынша шамамен соның 35-і ауыз суды пайдаланады. Қалғандары өздерінің ұңғымасы арқылы сорғымен жерасты суын пайдаланады. Автожуу орындарының 40%-ы орталық кәріз құбырына қосылған. Басқалары септикке су жинап, ассенизатор арқылы кәріз тазарту қондырғысына тасымалдайды. Экологтармен барып, түсіндіру жұмысын жүргізген кезде қайтадан сумен жабдықтау жүйесін енгізуді ұсындық. Жабдықтың қымбат екенін алға тартып, ұсақ кәсіпкерлік иелері бұл ұсыныстан бас тартты. Меніңше, олар топқа бірігіп ортақ құрылғыны орнату керек деген ойдамын. Қазіргі уақытта жаңадан ашылған автожуу орындарына берілетін техникалық шарттарда қайтадан сумен жабдықтау жүйесі міндетті түрде болу керектігі жазылған», – деді Жеңісмұрат Әбдірахманов.
«Батыс су арнасының» мәліметіне сәйкес қаладағы моншалардың 90%-ы ауыз суды пайдаланып отыр. Судың көп тұтыну үлесі – өндіріс орындарына тиесілі. Әбдірахманов қаладағы сарқынды су түгел жиналатын қондырғыны жаңғыртып, жаңа технология енгізу жоспарда бар екенін айтты. Соның нәтижесінде талапқа сай техникалық су дайындалады. Жоба құны – 20 млрд теңге шамасында. Оның жобалық-сметалық құжаттамасы дайын. Бірақ бұл жобаны қаржыландырудан бірнеше инвестор бас тартқан. Егер бұл жоба сәтімен жүзеге асса, «Батыс су арнасы» техникалық суды өнеркәсіптік мақсатта пайдалануды көздеп отыр. Себебі кейбір кәсіпорындар техникалық су жеткізуді сұраған.
Жаңа су кодексінде қандай шешімдер ұсынылған?
Мәжіліс депутаты Павел Казанцев – Су кодексін дайындаған жұмыс тобындағы ең белсенді депутат. Оның бұған дейін айтқан, әлі де айтып жүрген нормалары Оралдағы ауыз су тапшылығы мәселесін шешуге ықпал етуі мүмкін.
«Біз Су кодексі жобасын Сенатқа жібердік. Оған жуық арада Президент те қол қояды. Осы заң арқылы техникалық шешім ұсынып отырмыз. Өйткен жаңа Су кодексіне техникалық су деген ұғымды енгіздік. Ол дегеніміз – Қазақстанның техникалық су құбырларын заңдастырдық деген сөз. Техникалық су – тазартылған және техникалық мақсатта немесе кейде тіпті ауыз су есебінде қолданылатын су. Егер қандай да бір қалада техникалық және ауыз су жеткілікті болса, сондағы жаңа үйлерге техникалық құбыр тартпауына болады. Бірақ батыс өңірлер, яғни елімізде су тапшы болып отырған Атырау, Ақтау, Орал мен Ақтөбедегі жаңа үйлерге екі құбыр тартылуы керек. Бұл – ауыз су үшін қыруар ақшаны субсидиялағаннан гөрі, өте тиімді шешім. Ал қалалардағы өнеркәсіп орындары тек техникалық суды пайдалану керек екені түсінікті. Бірақ үйлер де тіпті дәретхана суын ағызу үшін де, бау-бақша суару үшін де осы техникалық судың құбырын пайдалануы қажет. Сондай-ақ Су кодексінде біз мынандай норма енгіздік: автокөлік жуатын орындар түгел техникалық суды қайта айналдырып қолдануға міндеттеледі. Яғни олар әуел баста көлік жуатын бекеттеріне техникалық су тартып, сол суды қайтадан тазалап, қолдануға тиіс. Су кодексіне сай әр кәсіпкерге екі жыл уақыт беріп отырмыз. Бірақ бір нәрсе анық – бұл міндеттен ешкім құтылмайды. Осы екі жыл ішінде ақша жинасын, ойлансын, жоспарласын, технология сатып алып, оны тиісті органмен бекітсін. Бірақ осы Су кодексі аясында беріліп отырған екі жыл ішінде көлік жуатын орны бар кәсіпкер талапты орындамаса, онда автокөлік жуатын станцияға мүлдем су берілмейді. Менің ойымша, осы шешім арқылы екі-үш жылда ауыз су тапшылығына қатысты түйткілді, ауыз суды техникалық мақсатта пайдаланып отырған нысандардың санын әлдеқайда азайтамыз. Яғни мәселені шешеміз. Айта кетерлігі, бұрын екінің бірі осы су мәселесіне жауап беретін. Енді жаңа Су кодексі бойынша Су және ирригация министрлігі су үшін жауапты басты ведомство болады. Біз тіпті Ауыл шаруашылығы министрлігінен суды субсидиялау тетігін алып тастадық. Тек канализацияны дамыту жұмысын Өнеркәсіп министрлігінің құзіретіне қалдырдық. Өйткені оның өзі – ерекшелігі көп сала. Жаңа Су кодексі Қазақстанды суға байытып беретін құжат болатынын сеніммен айта аламын», – дейді Казанцев.
Қалада техникалық су құбырын тарту қарастырылмаған
Расымен де, қалалардағы көп қабатты үйлерде техникалық суға арналған бөлек құбыр желісі салынбаған . Орал да солардың қатарында. Батыс Қазақстан облысы энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Қанат Өмірәлиев қалада техникалық суды жер үйлерге жеткізген тиімді деп санайды. Себебі жеке секторда тұратындардың кейбірі бақша егеді, тал-терек отырғызады, кейбірі бау-бақша егеді. Қанат Өмірәлиев су беру және су бұру жүйелеріне қойылатын автоматтандырылған есептеу аспаптарына арналған жол картасы дайындалатынын хабарлады. Жол картасы арқылы су үнемдеу технологиясы енгізілмек. Әзірше биыл жол картасына арналған жобалық-сметалық құжаттама дайындалады.
Облыс бойынша аудан орталықтарына техникалық су жеткізу мәселесі өте өзекті. Осы түйткіл Шыңғырлау ауданында оңтайлы шешілген. Шыңғырлау ауданының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің дерегі бойынша 2009-2010 жылдары Елек өзенінен Шыңғырлау ауылына техникалық су желісі тартылған. Жыл сайын мамыр мен қыркүйек айлары аралығында 29 көше бойында орналасқан 900-ге жуық үйге 45 000-95 000 текше метр су беріледі. Тұрғындар бау-бақшаны суарады, көше ағаштары мен гүлдерді баптайды. Осы тәжірибені басқа елді мекендер де кеңінен қолданғаны жөн.
Су арналарындағы судың тең жартысы жоғалады
Өңірлік коммуникациялар қызметінің брифингісіне қатысқан БҚО құрылыс басқармасының басшысы Әлібек Антазиевтің ақпараты бойынша облыста 129 ауылда ауыз су жоқ. Үкімет 2025 жылдың аяғына дейін 99 ауылға су құбырын тартуды жоспарлап отыр.
Ал, сарапшы Нұрсұлтан Ерболатұлының пікірінше, су үнемдеу технологияларын қолданатын суармалы алқаптарды ұлғайту облыс үшін басты мәселе болып отыр. Батыс Қазақстан – су ысырабы жоғары өңірлердің бірі, мәселен, су каналдарындағы судың 50%-ы қоймаларға жетпейді. Үкімет 2028 жылға қарай оның үлесін 35%-ға дейін азайтуға бекініп отыр. Өңірде су үнемдеу технологияларын қолданатын суармалы алқаптардың көлемі небәрі 9 мың га ғана. Алайда тиісті министрлік пен жергілікті басқару органы 2028 жылғы қарай оның аумағын екі есе арттырып, 18,1 гектарға дейін арттыруды көздеп отыр.
2028 жылға дейін гидротехникалық құрылысжайларды реконструкциялау және күрделі жөндеу барысында облыстағы 8 су қоймасын жаңғыртпақ. Яғни Киров, Бітік, Дөңгелек, Пятимар, Сарышағанақ, Шаған су қоймаларын, Қараоба өзені мен Мұратсай ауылындағы тоғандарды реконструкциялау жоспарда бар. Сонымен қатар 2028 жылдың 4-тоқсанына дейін облыста 8 магистральдық каналды және 30 суландыру каналын реконструкциялау көзделген.
Облыстағы кейбір елді мекендер магистральды каналар арқылы ауыз су алып отырғанын ескерсек, министрлер кабинетінің мына мәселелерді қаперде ұстағаны маңызды:
Инфрақұрылымның тозуы еліміздегі су ысырапшылдығының негізгі себептерінің бірі. Ескі су құбырлары, магистральдық арналар мен бөгеттердің тозуы салдарынан үлкен көлемде су жоғалтады. Көптеген каналдар 50-60 жыл бұрын салынған және олар күрделі жөндеуді қажет етеді.
Каналдардың аздығы ауыл шаруашылығы үшін суды тиімді жеткізу жүйесінің дамымағандығынан туындайды. Ашық каналдар арқылы су жеткізу барысында оның біраз бөлігі буланып немесе жерге сіңіп кетеді, бұл су шығынын арттырады.
Көрші елдерге тәуелділік Қазақстанның су ресурстарының бір бөлігінің шекаралас мемлекеттерден келуімен байланысты. Мысалы, Сырдария мен Іле өзендерінің суы жоғары ағыста орналасқан елдерден ағып келеді, бұл су тапшылығын тудыруы мүмкін.
Егістіктегі ысырап суды үнемдемейтін дәстүрлі суару әдістерін қолданумен байланысты. Ашық арықтар мен суарудың ескірген тәсілдері судың үлкен көлемде жоғалуына себеп болады. Заманауи технологияларды, соның ішінде тамшылатып суару мен жаңбырлатқыш әдістерін енгізу деңгейі әлі де төмен.
Суды пайдалану жүйесіндегі тиімсіздік – су тарату және пайдалану кезінде ысырапшылдықтың жоғары болуы, тазарту жүйелерінің жетілмегендігі, суды заңсыз пайдалану және құбырлардағы ақаулар ауыз су тапшылығын күшейтеді.
«Бұл мәселелерді шешу үшін су ресурстарын басқарудың жаңа жүйесін енгізу, инфрақұрылымды жаңарту, заманауи суару әдістерін қолдану, сандық технологияларды пайдалану, заңнаманы қатаңдату және суды үнемдеу мәдениетін қалыптастыру қажет», – дейді сарапшы Нұрсұлтан Ерболатұлы.
Сарапшының пайымынша, адамзат судан әлі де тарығып отыр, тарыға береді де.
«Жер шарында шамамен 1,38 миллиард текше метр су бар. Жер бетіндегі барлық судың 1%-ы ғана ішуге жарамды, ал ішуге болатын судың үштен екісі қолжетімді емес. Жыл сайын адам пайдалануы үшін шамамен 3600 км3 су алынады. Оның 70%-ы суаруға, 20%-ы өнеркәсіпке, 10%-ы үй шаруашылығына пайдаланылады. 880 миллионға жуық адам таза ауыз суға қол жеткізе алмайды. Нашар су жыл сайын 2 миллионнан астам өлімге әкеледі, олардың көпшілігі – балалар», – дейді ол.
Суды қайтадан пайдалану мәдениетін арттыру керек
Қ. Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ-дың гидрогеология және мұнай-газ институтының директоры, техникалық ғылымдар кандидаты, қауымдастырылған профессор Ерғали Әуелхан суды қайта тұтынуға көңіл бөлу, инженерлік желілерді жеделдетіп дамыту маңызды деп есептейді.
«Техникалық су көбінесе өндірісте пайдаланылады. Қалаларда кішігірім өндірістер көбінесе ауыз суды қолданатыны рас. Ал мұнай-химия, мұнай өндіру, металлургия салаларындағы зауыттарда техникалық суды қайтадан пайдалануға арналған регламент бекітіледі. Қазақстанда су біркелкі таралмаған. Кей өңірлерде, мәселен, Маңғыстау, Атырау облыстарында су тапшы. Сондықтан мемлекет сумен қамтудың әртүрлі шараларын қарастырған. Мәселен, аталған облыстарға Ресей аумағындағы Еділден бастап 1100 шақырым Астрахан – Маңғышлақ су құбыры тартылған. Ал Алматы облысындағы біраз ауыл ұңғыма арқылы сумен қамтылып отыр. Жер қойнауындағы су – мұнай, алтын іспеттес басқа шикізатпен салыстырғанда қайтадан қалпына келетін пайдалы қазба. Жауын-шашын әсерінен жер астындағы су қайтадан толығады. Гидргеологтар ол үшін әдістемелік тәсіл арқылы кен орнын бағалап, есепке сай су өндіру мөлшерін бекітеді. Мемлекеттік комиссия суды бейберекет пайдалануға жол бермейді. Қайта қалпына келетін мөлшерді белгілеп, соған сәйкес су алып отыруға рұқсат етеді. Үлкен зауыт-фабрикаларды қоспағанда, елде суды қайтадан пайдалану мәдениеті дамымаған. Әсіресе, ауылдық жерлерде бұл тәсіл мүлдем қолданылмайды. Қалалардың өздерінде қосымша инженерлік инфрақұрылымдар дамымаған. Кеңестік кезеңде саяжайларға бөгет немесе өзен-көл суын тартуға арналған құбырларды тартты. Бірақ оны техникалық суға жатқызбаймыз, суармалы су деп атаймыз. Қалаларда көп қабатты үйлерді техникалық сумен қамтуға арналған екінші желі салынбаған. Біз ғылыми жоба аясында тұрғын үй кешендеріне су үнемдеу технологиясын ұсындық. Қосымша екінші құбыр тартуға кеңес бердік. Жоба бойынша әжетханадан ағызған кезде су тікелей кәріз құбыры бойымен кете береді, ал себезгі мен ванна және қол шаятын жерден шыққан су екінші құбырмен қайтадан айналып, сүзгіден өтіп барып унитаз багына жиналуы керек. Тіпті мегаполистерде дамыған тұрғын үй кешендері мұндай жүйені іске қосқан жоқ. Суды қайта тұтыну мәдениетіне көңіл бөлу үшін инженерлік жүйе, инженерлік стандартты дамыту қажет. Алысқа бармай-ақ қояйық, Алматы қаласында Орталық Азия экологиялық зерттеулер институты бар. Мекеме әкімшілігінің өздері «Жасыл экономикалық институт» деп атайды. Осы институт ғимаратының сумен жабдықтау жүйесі автономды. Тарқатып айтсам, ғимараттың астында үлкен резервуарға жауын-шашын суы жиналады. Сол суды мекеме техникалық мақсатта қолданады. Институт салынған кезде әу бастан екі желі орнатылған. ОАЭЗИ ұжымы ауыз суды тікелей пайдаланады да, ал резервуар суын жуынуға және басқа да мақсаттарға қолдана береді. Дәл осы модельді жер үйлерде іске асырса, құба-құп болар еді», — дейді мәселенің шешімін көрсеткен ол.
Опока немесе құдықтың суын да тиімді пайдаланудың шешімі бар
Орал қаласындағы БҚАТУ базасында ғалымдар су тұшытатын сүзгі шикізатты сынақтан өткізіп жатыр. Жәңгір хан атындағы БҚАТУ профессоры, техника ғылымдарының докторы, құрылыс материалдары және технологиялар ғылыми зерттеу зертханасының жетекшісі Сәрсенбек Монтаев ерекше шикізат – опоканың қасиеті туралы баяндады. Бұл шикізат Тасқала ауданы аумағынан алынған. Жергілікті кремний шөгінді тау жынысы ежелгі Каспий теңізі түбінде қалыптасқан. Университет зертханасында опоканы үгітіп, әртүрлі әдіспен өңдеп, сорбент ретінде пайдаланады. Зертханада сопақша келген қауырсын ыдыстар екі қатарға ілінген. Картриждың қақпақтары түтікке бекітіліп тұр. Әрқайсысында қоңыр түсті сорбент толтырылған.
«Мемлекеттік грант аясында үш жылдан бері жұмыс істеп жатырмыз. Біртіндеп жақсы нәтижеге қол жеткізіп келеміз. Былтыр құрылғыны сынақтан өткіздік. Биыл мамыр-маусым айларында тағы да тәжірибе жүзінде қолданып көреміз. Соның нәтижесінде құдық суының тұздылығын азайтып, мал суаруға болатын деңгейге жеткізгіміз келеді. Ол үшін сорбент құрамын ғылыми әдіс негізінде өңдеп, әлі де жетілдіре түсеміз. Сорбенттің микроқуыстылығын арттырып, судағы тұз иондарын ұстап қалатын қасиетін арттырғымыз келеді. Оған қоса опока табиғи сорғыш ретінде ауыр металдар мен бактерияларды тұтып қалады», – деді Сәрсенбек Монтаев.
Ғалымның есебі бойынша 100 грамм опока 200 литр суды тазалауға қабілетті. Қазіргі уақытта судың тұздылығын 25-30%-ға бәсеңсітеді. Зерттеу тобы опока құрамын модификациялау арқылы жерасты суын 50-70%-ға дейін тұшытуды мақсат етіп отыр. Монтаев қосымша басқа қондырғыны жалғап, тағы да сүзетін болса, ауыз су ретінде тұтынуға болатынын айтты. Профессор тың технологияны зерттеу үшін Ресейдің Тамбов қаласынан тағылымдамадан өтіп келген. Сәрсенбек Монтаев опока мен диатомиттің қасиетін ерте таныған. Осы екі шөгінді жыныс құрамында кремний, кальций, магний элементтері бар. Сондықтан мал мен үй құстарының жеміне биоқоспаларды қосып беруге болады. Бұл шикізаттар ағзадағы улы заттардың сіңіріп алады.
Ауыз суды үнемдеу мен техникалық суды көбейтудің шешімін тапқан шет мемлекеттер
Шетелдерде ауыз су үнемдеу технологиясы жақсы дамыған. Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Сәкен Әбілхалықов Англияға барғанда ағылшындардың тұрмыс салты үнемшілдікке бейімделгеніне куә болғаны туралы әңгімеледі. Бизнес нысандар елдің су шаруашылығы саясатына қатаң бағынады. Әбілхалықов қонақ үйде шүмектен ағатын судың қол жууға жеткілікті мөлшерде берілетінін, электр жарығына дейін есеппен қосылатынын айтты.
«2016 жылы Англияның астанасында болдық. Сол кезде лондондықтардың үнемшілдігіне таңқалғанымыз рас. Біз түскен қонақ үй бөлмесінің ваннасында қол жууға арналған екі су шүмегін, унитаз багының үстінгі жағында қос тетік барын көрдік. Су шүмектің бірінен салқын, екіншісінен ыстық су ақса, унитаздағы бір тетік кіші дәретке, екіншісі үлкен дәретке арналғанын білдік. Лондонда он күндей болған кезімізде су және өзге де энергия көздерінің бағасы қымбат болуына байланысты тұрғындар мен қала қонақтарының оларды үнемдеп тұтынатынын байқадық. Жалпы алғанда бүгінгі таңда ағылшын елі су есептеу технологиясын қолдану бойынша әлемде көш бастап тұр. Тұрғындар онлайн түрде мәліметтер базасының көмегі арқылы бұл бағыттағы қызметтерге, оларды реттеуге қол жеткізе алады. Ал су үнемдеу технологиялары мен суға арналған «ақылды» құрылғыларды орнатуға белбайлаған тұрғындарға, кәсіпкерлік нысандарына түрлі қолдау шаралары да қарастырылған», – дейді Сәкен Әбілхалықов.
Мұхитқа тікелей шыға алмайтын, құрлықта орналасқан Қазақстан үшін шетел тәжірибесі аса маңызды.
Израиль
Израиль сарқынды сулардың 90%-ын пайдаланады. Сарқынды суларды ауыл шаруашылығы мақсатында қолданады. Кері осмос технологиясы арқылы Жерорта теңізінен таза су өндіріп отыр
Сингапур
«Four National Taps» жүйесі арқылы қоймалар мен каналдар желісіне жаңбыр суын жинайды, сарқынды суды өңдейді. Су технологиясын дамытуға инвестиция салады. Жаңбыр суын қоймаға жинап, ауыз су ретінде ұсынады.
Аустралия
Water Data Online жүйесі 4 мыңнан астам қадағалау бекеті жұмыс істейді. Жүйе су ағыны мен сапасы туралы ақпарат беріп қана қоймай, жерасты су деңгейін қадағалайды.
Жапония
Жапония аралдарына қалың қар түседі. Осыған байланысты жерасты резервуарлар жасақталған. Резервуардағы тазалау жүйесі арқылы ауыз су қоры қалыптасады .
БІЗ КӨРСЕТІП ОТЫРҒАН ШЕШІМДЕР:
- Қазақстан қалаларындағы үйлерге техникалық су құбыры желісі тартылмаған. Оның құрылысына бюджет қаражатын жұмсауға тура келеді. Шағын қалалаларға инвестор тартып, техникалық су желісін тарту тәжірибесін қолдану керек. Бұл үшін инженерлік стандарттарға өзгеріс енгізу маңызды.
- Суды қайта пайдалану мәдениетіне тұрғын үйлерден бастап, бизнес нысандары мен шағын өндіріс орындары көңіл бөлуге тиіс. Әсіресе, ауыл-аймақта түсіндіру жұмысын белсенді жүргізу қажет.
- Су кодексі бойынша автокөлік жуатын нысандар қайтарымды суды қайтадан тазартуға тиіс болады. Дегенмен кәсіпкерлер сарқынды суды қайтадан тұтынуға басымдық беруі үшін субсидиялау ережесін, ынталандыру тетіктерін қолданысқа енгізген маңызды.
- Су ресурстарын мониторингілеу, онлайн бақылау жүйесі дамымаған. Озық елдер үлгісі бойынша жасанды нейрожелілер, цифрлық технология, IT датчиктер, су сапасын қашықтан бақылайтын аспаптар өндірісін инвестициялау қажет.
- Су беру немесе су бұру жүйелерін кезең-кезеңімен жаңғырту, сарқынды судың 90%-ын өңдеу арқылы өндірістік-техникалық мақсатта пайдалануға бет бұру.
- Қазақстанда су технологиясын үнемдеу бағытында жұмыс істеп жатқан ғалымдарды қаржылық және өндірісті тәжірибе тұрғысына ұдайы қолдаған абзал.
Анықтама үшін:
Техникалық су – өндірістік үдерістерде, суару, жылыту және салқындату жүйелерінде және басқа да мақсаттарда қолданылатын су. Техникалық су адамның тұтынуына арналмаған. Оны қолдану түріне байланысты сапа талаптары әртүрлі болуы мүмкін.
Ауыз су – сапасы бойынша белгіленген ұлттық стандарттарға және гигиеналық нормативтерге сай келетін, халықтың ауыз су және шаруашылық-ауызсу мұқтаждарына арналған табиғи күйіндегі немесе өңделгеннен кейінгі су.
Қайтарымды сулар – суармалы аумақтардан ағатын жер асты және жер үсті сулары немесе өнеркәсіп орындары, тұрмыстық сумен жабдықтау құрылғылары және коммуналдық кәсіпорындар ағызатын сулар.
Өнеркәсіптік жерасты сулары – құрамындағы пайдалы қазбаларды (сирек кездесетін элементтер, галогендер және басқалар) айырып алу үшін пайдаланылатын жерасты сулары;
Өндірістік-техникалық жерасты сулары – өзінің сапасы мен физикалық қасиеттері бойынша өндірістік-техникалық сумен жабдықтау үшін пайдаланылатын немесе пайдаланылуы мүмкін жерасты сулары;
Сарқынды сулар – адамның шаруашылық қызметі нәтижесінде пайда болатын немесе табиғи немесе жасанды су объектілеріне немесе жер бедеріне ағызып жіберілетін ластанған аумақтағы сулар.
Фото: М. Тажкуранов,
Фотоколлаж: А. Кенжеғалиев,
Инфографика: А. Кенжеғалиев, Н. Қасеке
Бұл материал шешім журналистикасы жанрында Solutions Journalism Lab II жобасы аясында дайындалған және автордың жеке көзқарасын білдіреді.