Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 14,25% деңгейінде сақтау туралы шешім қабылдады.
«Шілде айында инфляция аздап өсті. Дегенмен, ол Ұлттық банктің болжамы аясында қалыптасты. Айлық инфляция мен оның орнықты бөлігі едәуір қарқын алды. Дамыған елдердегі орталық банктердің тежеу саясаты нәтижесінде жаһандық инфляция баяулап келеді. Фискалдық ынталандыру көлемінің өсуі, тұрғын-үй коммуналдық қызметтерінің (ТКҚ) реформасы аясында тарифтердің өсуінің жалғасуы, орнықты ішкі сұраныс, сондай-ақ жоғары инфляциялық жағдайлар есебінен экономикада проинфляциялық қысым күшейді. Ортамерзімді келешекте инфляция бойынша 5%-дық мақсатқа жету ұстамды қатаң ақша-кредит шарттарын ұзақ уақыт бойы ұстап тұруды талап етеді. Тәуекелдер теңгерімі проинфляциялық жаққа ауып, 2024 жылдың соңына дейін базалық мөлшерлемені бүгінгідей деңгейде сақтау ықтималдығын арттыруға себепші болып тұр», — делінген Ұлттық банк мәліметінде.
Жылдық инфляция 2024 жылғы шілдеде 8,6%-ға дейін өсіп, Ұлттық банктің болжамы шегінде қалыптасты. «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасын іске асыру аясында реттелетін қызметтер бағасы өсіп келеді.
«Нарықтық қызметтер құнының айтарлықтай өсуі, өңдеу өнеркәсібіндегі өндірушілер бағасының өсуі және айырбастау бағамының әлсіреуі есебінен инфляция қарқын алды. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы өнімдері бағасының төмендеу динамикасы баяулады. Айлық инфляция шілдеде орташа тарихи мәнінен (0,3%) едәуір жоғары қалыптасып, 0,7%-ға дейін өсті.
Жаһандық инфляция жетекші орталық банктердің тежеуші ақша-кредит саясатының әсерінен баяулап келеді. Азық-түліктің әлемдік бағасы жылдық мәнде төмендей түсті. Алайда, оның қарқыны баяу. Астық бағасы біртіндеп төмендеу мүмкін.
Болжамның базалық сценарийінде Brent маркалы мұнай бағасы 2024 жылы орта есеппен 1 баррель үшін 84,5 АҚШ доллары деңгейінде тұрақтанады деп күтіледі. Бұған ОПЕК+ мұнай өндірісін азайту мерзімін ұзартуы, АҚШ-тағы өндіру көлемінің бірқалыпты өсуі және Таяу Шығыстағы геосаяси белгісіздік негіз болды. Ортамерзімді перспективада мұнай өндіру деңгейінің өсуін және әлемдік экономиканың даму болжамдарын ескере отырып, мұнай бағасының 2025 жылы орта есеппен 82,5 АҚШ долларына дейін және 2026 жылы орта есеппен 77,5 АҚШ долларына дейін біртіндеп төмендеуі күтіледі.
2024-2025 жылдарға арналған инфляция болжамы тиісінше 7,5-9,5% және 5,5-7,5% аралығында сақталды. 2026 жылы инфляция 5-7% деңгейінде болуы мүмкін. Ұстамды қатаң ақша-кредит саясатын жүргізу 2026 жылы базалық инфляцияның 5%-ға дейін баяулауына ықпал ететін болады», — делінген Ұлттық банк мәліметінде.
Сонымен қатар, 2024 жылға Қазақстан экономикасының өсу болжамы 3,5-4,5% деңгейінде, 2026 жылға 4,9-5,9% деңгейінде сақталды. 2025 жылға болжам 5-6%-ға дейін біраз көтерілді.
2024-2026 жылдары ЖІӨ-нің өсуі негізінен ішкі сұраныс есебінен, оның ішінде фискалдық ынталандырудың өсуі аясында қамтамасыз етілетін болады.
Сурет: Ұлттық банк