Ақтаудағы «Маңғыстаумұнайгаз» компаниясы экологиялық заңбұзушылықтар бойынша салынған 32 млрд теңге айыппұлға қатысты Жоғарғы сотқа шағым түсіреді. Бұл туралы компания ресми мәлімдеме жасады.
«Бүгінде «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ ҚР ӘҚБтК-нің 328-бабының 1-бөлігі мен 6-бөлігі бойынша 31 млрд теңге көлеміндегі әкімшілік (экологиялық) айыппұлға қатысты Маңғыстау облысы Қарақия аудандық сотының 2024 жылдың 4 желтоқсандағы қаулысын қайта қарау және оның күшін жою туралы Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ұсынысын енгізу туралы өтінішхат әзірлеуде», — деп мәлімдеді компания.
Сондай-ақ хабарламада «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ қоршаған ортаны қорғау және қауіпсіздік заңнамасын мүлтіксіз сақтайтын әлеуметтік жауапты кәсіпорын деп көрсеткен.
Неге айыппұл салынды?
Естеріңізге сала кетейік, Маңғыстау облысының прокуратурасы «Маңғыстаумұнайгаз» компаниясының қызметіне тексеру жүргізіп, экологиялық заңбұзушылықтарды анықтады. Тексеру нәтижесінде компанияға жалпы сомасы 32,2 миллиард теңге көлемінде айыппұл салынды.
Заңбұзушылықтар ағынды суды заңсыз пайдалану, бұрғылау қалдықтарының дұрыс жиналмауы және қоршаған ортаға зиянды заттардың шығарылуы себептері бойынша анықталды. Мұнай жылыту пештерінен ауаға ластаушы заттар шығарылғаны анықталды, сол себепті бұл компанияға қосымша 1,2 миллиард теңге айыппұл тағайындалды.
Алайда компания 1,2 миллиард теңге көлемінде айыппұл өндіру туралы қаулысына апелляциялық шағым түсіргенін хабарлады. Сот шешімімен келіспейтінін және айыппұл мөлшерінің негізсіз жоғары екенін алға тартты.
Бұл қандай компания?
«Маңғыстаумұнайгаз» АҚ – Қазақстанның мұнай-газ саласындағы жетекші кәсіпорындардың бірі. Компанияның өндірістік нысандары Қаламқас және Жетібай кен орындарында орналасқан. Қытайдың CNPC мен «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясына қарасты «Маңғыстаумұнайгаз» 2024 жылы акционерлеріне жалпы сомасы 34,6 млрд теңге дивиденд төледі.
2024 жылы желтоқсан айының басында «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ бас директоры болып Вэнь Цзяцзюнь тағайындалды.
Cурет: mmg.isd.kz