Киік санының өсуіне байланысты былтыр Экология министрлігінің рұқсатымен киік популяциясын реттеу жұмысы жүргізілді. Лимит бойынша киіктің Орал популяциясының 20%-ы – 226 000 бас азайтылуға тиіс еді. Бірақ 29 000 киікті аулап үлгерді.
Алғашқы кезде кораль әдісімен – тормен ауланды. Олар үлгермейтінін түсінгеннен кейін қарумен ату үшін аңшылар бригадалары жұмысқа тартылды.
Осы тұста киік ұшаларын шалғайдан ет комбинаттары мен цехтарға жеткізу, оны уақытында сою мәселесі көптің көкейіне күмән ұялатты. Бірқатар мал соятын цехтар киік етін союға үлгере де алмай қалды. Санитарлық талаптың сақталуын қадағалау кәдімгідей босаңсыды. Инспекция басшысы Нұрлан Рахымжанов қолайсыз ауа райы, ұйымдастыру ісі бойынша тәжірибенің жоқтығы, техника жетіспеушілігі мәселесі киікті аулау маусымының ойдағыдай аяқталуына кедергі болғанын алға тартты.
«Киік – өте құнды ресурс»
— Бізде жағдай біртүрлі – ақбөкен жоқ болса да, бар болса да проблема. Бұл сәл оғаш көрінеді. Ақбөкеннің көп болуы шын мәнінде проблема емес. Бұл – үлкен мүмкіндік. Киік – өте құнды ресурс. Яғни, біз ет пен кейбір өнімдерді мал шаруашылығынан аламыз. Мал шаруашылығы әрқашан қазақтардың негізгі табыс көзі болды. Киік те тура мал сияқты ет, тері береді. Тек оны жемдеудің, бағудың, суарудың қажеті жоқ. Оны тек қорғау керек және ол өнім береді. Ақылға қонымды қылып пайдаланса болды, — дейді Қазақстан биоалуантүрлілікті сақтау ассоциациясының (АСБК) ғылым бойынша директоры, биология ғылымдарының кандидаты Сергей Скляренко.
Ал киіктанушы, экология жанашыры Сәкен Ділдахметтің айтуынша, бірінші кезекте кез келген етті өңдеу үшін санитарлық нормалар бірінші кезекке қойылады.
— Киіктер далада қалай атылды? Олар дер уақытында жаңағы мұздатқыштарға өткізілді ме, жеткізілмеді ме? Киіктің еті тез бұзылады, мал сияқты емес. Бүгін атылған киік төшкесі кешке дейін былжырап кетеді. Сондықтан оның сақтау стандарты, еті қандай температурамен жету керек, жеуге қаншалықты жарамды? Қандай аурулардың бактериясы табылды? Сатып алып жатқан адамдардың денсаулығына қандай зардап келуі мүмкін? Ветеринарлық нормаларға сәйкес пе? Етін қалбырға дайындаса қандай қоспалар қосады? Осы сауалдарға бүгінгі күні толыққанды санитарлық-эпидемиялогиялық, медициналық бағасы берілмеді, — дейді Сәкен Ділдахмет.
Киік қалай атылды?
— Ауылдың қарапайым жігіттерінен ату тобын жинадық. Кімде ресми құжат – аңшылық билет бар, соларды тіркедік. Екі бригада жинап, бес мың бастай аттық. Біздер сылт теке аттық. Бір ешкі болған жоқ, — дейді аңшылар бригадасын ұйымдастырған Жанболат Ақсалов.
Оның айтуынша, алгоритм бойынша аңшыларға атқан бір бас киік үшін төрт мың теңге беріледі.
— Процедура былай болды: түнде атып кетеміз, таңмен қайтадан келіп жинаймыз. Таңға дейін жүз-жүз елу басқа жеткіземіз. Таңғы алтыда охотзоопром есеп береді. Бір текеге орташа үш оқ деп есептедік. Ол – мың жарым теңге.
Ату тоқтағаннан бастап біздер атылған бүкіл киіктердің ішек-қарнын далада утилизация жасаймыз.
Содан кейін жүк көлігіне әкеліп тиейміз. Сол сәттің өзінде еттің аздап иістенгенін байқаймыз. Себебі кешкі алтыдан бастап түнде атылған киіктер екінші күні түске дейін далада жатады. Ал киік төшкесі терісімен, басымен, сирақтарымен бірге жатуы тиіс. Әйтпесе қабылдамайды. Терісі сыпырылмағасын еті қызады. Себебі ату маусымында киіктің қысқы жүні болады. Оның үстіне жануар жүгіріп келгендіктен бар қызуы сыпырылмаған тері мен қалың жүннен сыртқа шыққанша біраз уақыт керек. Сол күйі ет комбинатына тиеп жібереміз. Ал киіктің тіршілік ортасынан 350 шақырым жердегі Орал қаласына тағы 5-6 сағат жүріп барады. Жолдағы еттің жағдайына ешкім жауап бермейді, — дейді аңшылар бригадасының басшысы.
Жанболаттың айтуынша, мұздатқышы бар жүк көліктердің бәрі терісі сыпырылмаған күйінде жануарды тиеуге бас тартқан. Себебі оны суыту үшін мұздатқыш күші жетпей істен шығады екен. Олар сойылған, таза, мұздатылған етті ғана тасымалдағысы келеді екен. Ал киік төшкесін ет комбинатына дейін жеткізу аңшының мойнында. Киік ет комбинатына қабылданбаса, аңшының киікті атқаны үшін 4 мың теңгесі берілмейді. Аңшылар төшке иістенсе де шығындарын өтеу үшін ет комбинатына жеткізген.
«Еттің 80 пайызы жарамсыз болды»
Аңшылар бригадасының басшысы Жанболат Ақсаловтың айтуынша, киік төшкелерін ет комбинатында «Охотзоопром» мекемесінің екі қызметкері санап, қабылдап алады.
-100-150 киік төшкесін түсіргенше екі сағат уақыт кетеді. Салмағын өлшейтін таразыға 5-6 төшкеден салынады. Қабылданатын салмағына терісі мен төрт аяғы бар, басы, мүйізі, ішіндегі өкпе-бауыры, жүрегімен түгел қосылып, жалпы әр келісіне 325 теңгеден бірге есептеледі. Бірақ жаңағы дене мүшелері өлшенген соң утилизация жасалады, ешкімге керек емес. Бәрінің мүйізін кесуге тағы бір сағат кетеді. Содан кейін қабылданды деп қол қойылады. Етке ветеринарлық құжаттар жоқ, оның сапасына ешкім жауап бермеді.
Терісі сыпырылғанда еттің тауарлық түрі жоқ – өз қызуына қызып келген ет пен ішкі мүшелері қып-қызыл болады. Оқ тиген жері қанталайды. Ол жерлерінің бәрі жарамсыз. 150 бастан 20-30 бас қана сатуға жарайды. Яғни 80 пайызы пайдаға аспайды. Мұны сол кезде айттық, ескерттік. Атуды ұйымдастырушылардың шарты болды – «мұны халық көрмеу керек. Ату дұрыс жүріп жатқандай болсын» деді. Сосын «утилизацияны блогерлерге, халыққа көрсетпей түнде жасаңдар» деді. Еттің жағдайына ешкім мән бермеді. Бастысы санын шектеу үшін атылған киік саны көп болса, үлгерсе болды, — дейді Жанболат Ақсалов.
Тормен аулау тиімді болған
Карал әдісімен, яғни тор арқылы аулаған бригада басшы Алик Кубеев тормен ауланған киіктің еті таза, жарамды болды дейді.
-Сегіз миллион теңгеге карал сатып алдық. Жеті мотоцикл сатып алдық. Үш тонна дизель, үш тонна бензин, су, адамдар қонатын үш вагон, ішек-қарынды көметін эксковатор апардық. Жалпы жиырма миллиондай ақша шығардық. Жұмысқа жиырма шақты адам алдық. Басында қателестік. Себебі киікті 30 жылдан бері тормен ешкім ұстаған жоқ. Тәжірибесі бар үлкен кісілерді тауып, солардың айтуымен бәрін реттедік. Содан кейін ұстала бастады, — дейді Алик Кубеев.
Оның айтуынша, каралмен ұстау тиімділігін көрсеткен. Тек аулауға кететін шығындар мен оған төленетін ақы дұрыс есептелмегесін шығынға батқан. Тормен аулаған киікке де ветеринария саласы араласпаған, етті ешкім қарамаған. Жауапкершілік аңшыларда болған. Аңшы Алик Кубеев киік аулап жатқан бригада қасында ветеринар болуы тиіс дейді.
«Ұсталған киікті қарап, етін пайдалануға жарамды-жарамсыз екеніне анықтама беру керек. Сойылған киік етіне ветеринар анықтамасы болмағасын, етті тасымалдау кезінде жол полициясымен мәселелер туындады. Үлкен штаб болды, бірақ арасында ветеринария болмады. Бұл іске араласпады, бастарын ала қашты. Атырау, Ақтауда ветеринария жұмыс істеді, сондықтан оларда киік еті базарларда сатылды. Ал бізде киіктің өкпе-бауырын зертханаға тапсырғанда анықтама тауып бере алмай қиналдық. Ветеринария араласпаса, санын реттеуді жүзеге асыру қиын», – дейді кәсіпкер.
Жанболат Ақсалов киіктің мекен ету аймағына ет комбинаттары қажет дейді. «Мысалы Казталовта шағын пункт қойып, сол жерде сойылса, ет сасып, мұнша ысырап болмас еді. Халыққа қолжетімді бағамен етті сату керек. Біздің еңбегіміз далаға кетті» дейді ату арқылы аулаған аңшы.
«Тек мүйізін алу мақсатымен киікке тиісуге болмайды»
БҚО табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары болған, қазір зейнеткер Махамбет Ихсанғали атылған киіктің етін кәдеге жарату үшін ет комбинаттары ұйымдастырылмағанына наразы.
-Аудандарда мемлекеттің қаражатымен салынған кейбір ет комбинаттары бос тұр. Солар неге іске қосылмайды? Киікті реттеумен неге он тоғыз мекеме айналысады? Дұрысында әлеуетті бар бір мекеме айналыссын. Бір кісі жауап берсін. Етін өңдеуге технология керек. Оған не қосады? Консерві қай жерден шығарады? Иә, әзір өнімді, арзандау киік етін бәрі де алар еді. Оны өңдемей көкпеңбек етіп базарға шығарса адам алмайды. Мың теңгеге де алмайды. Ал термообработкадан өткеннен кейін ол етке ешкім күмәнмен қарамайды. Қазіргі мақсат – санын азайту үшін жою, мүйізін алу. Ондай ұстаныммен киікке тиісуге болмайды. Киік киелі, — дейді Махамбет ақсақал.
Өлкетанушы, қоғам белсендісі Айболат Құрымбаев атылған киіктер жайлы ешкім есеп бермей, жабық күйінде қалғанын тілге тиек қылды.
— Халық арасында киікті нағыз мұқтаж болып, азықсыз қалсаң ғана атуға болады деген түсінік бар. Ал күздегідей етіп пайдаланбай қырып тастау дұрыс емес. Атылған киік туралы қоғам алдында ешкім ешқандай есеп те берген жоқ. Қанша қырылды, қаншасы жараланды, қаншасы сатылды, қанша ақша пайда болды, ол ақша қайда кетті деген сияқты. Сондықтан киік тек исарап болды деп ойлаймын, — дейді Айболат Шамұратұлы.
Түйін
Былтыр киік аулау нормативтік ережер, аңшылардың құжаты дайын болмай жиырма шақты күнге кешігіп бастады. Одан кейін инфрақұрылым дайын болмай шықты. Карал болғанымен оны қолданудың тәсілін білмей өте аз ауланды. Ауланған киік етін пайдаға асыру жайы толық ойластырылмағаны анықталды. Аулауды ветеринариялық-санитарлық қадағалау мәселесі әлі өзекті. Аңшылар киікті аулауға төленетін қаражат та аз деген пікірде. Миллиондаған шығындарын қайтару үшін сотта жүргендері де бар. Мына жақтан фермерлер «киікті өзімізге беріңіз, реттеп аламыз» деп үндеу жасап жатыр. Аңшылар да, фермерлер де киікті мүйізімен беруді құп көріп отыр. Айналып келгенде, киіктің санын реттеу екінші орынға қалып, одан пайда көру жағы басты орынға шыққан сыңайлы.
Биылғы санақ қорытындысы бойынша жалпы Қазақстандағы ақбөкендер саны — 2 833 600. Ал санын реттеу мәселесі әлі түсініксіз. Оралға келген сапарында ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев киік санын реттеу жайлы: «Өткен жылғы екі ай сол реттеу жұмыстарын жүргізудің бір нәтижесі — біз биылға дайынбыз. Биыл біз көп нәрсені басқаша жасаймыз» деді.
Нұртай Алтайұлы,
Sarapshy.info
*суреттердің авторлық құқығы сақталған