Каспий құбыр консорциумы (КҚК) Ресейдің Краснодар өлкесіндегі «Кропоткинская» мұнай айдау станциясына дрон шабуылы жасалғанын хабарлады. Шабуыл салдарынан мұнай айдау көлемі төмендеп, станцияның жұмысы уақытша тоқтады.
КҚК баспасөз қызметінің мәліметінше, 2024 жылғы 17 ақпанда станцияға ішінде жарылғыш зат пен металл зақымдайтын элементтері бар жеті дрон шабуыл жасаған. Дрондар белгілі бір уақыт аралығында бірінен кейін бірі ұшып келген. Станция қызметкерлерінің ішінде зардап шеккені жоқ. КҚК мамандары мұнайдың төгілуіне жол бермегенін хабарлаған.
Консорциум бұл оқиғаны террористік шабуыл деп бағалап, қазіргі уақытта келтірілген залалдың деңгейі анықталып жатқанын мәлімдеді.
КҚК хабарлауынша, «Теңіз – Новороссийск» қnshyұбыр жүйесі арқылы мұнай станцияны айналып өтіп, төмендетілген режимде тасымалданып жатыр.
«Кропоткинская» станциясы – Ресей аумағындағы ең ірі мұнай айдау нысандарының бірі. Ол Кубаньдағы Кавказ ауданында орналасқан және КҚК-ның маңызды инфрақұрылымдық объектілерінің қатарына жатады.
Қазақстан мұнайына әсері жоқ
Каспий құбыр консорциумының акционерлік құрылымында 24% үлес Ресейге, 19% Қазақстанға тиесілі. Қалған акциялар Батыстың бірнеше ірі мұнай өндіруші компанияларының иелігінде.
Қазақстанның энергетика министрлігі КҚК-дан Қазақстан мұнайын қабылдауда ешқандай шектеу енгізілмегенін мәлімдеді. Министрліктің деректеріне сәйкес, 2024 жылы КҚК арқылы шамамен 55 миллион тонна қазақстандық мұнай айдалған.
Осы жағдайға байланысты ресми органдар мен КҚК өкілдері қосымша ақпарат тарататындарын жеткізді.
Энергетика министрлігінің мәліметінше, 2024 жылдың қаңтар-қазан айлары аралығында Қазақстанның магистральды құбырлар арқылы 57,8 млн тонна мұнай тасымалданған.
Ресейдегі мұнай өңдеу зауыттары мен басқа да инфрақұрылымдық нысандарға дрондармен жасалған шабуылдар жиілеп кетті.
2025 жылғы 26 қаңтарда Рязань облысында сегіз украиналық дрон жойылғаны хабарланған еді. Дрондар Рязаньдағы мұнай өңдеу зауытына шабуыл жасап, 15 минут ішінде 12-15 жарылыс естілген.
2024 жылғы 31 желтоқсанға қараған түні Украина дрондары Смоленск облысының Ярцев ауданындағы мұнай базасына шабуыл жасап, өрт шықты. Облыс губернаторының мәлімдеуінше, барлық дрон атып түсірілген, бірақ олардың сынықтары мұнай базасына түсіп, өртке себеп болған.
Сурет: КҚК баспасөз қызметі