Sarapshy.info сараптамалық ақпарат агенттігі экономикалық тақырыптарды көбірек жазғасын түрлі мәселемен хат жазып, хабарласатындар көп. Олардың қатарында журналистік зерттеу жасауға тұрарлық күрделі мәселелер де кездеседі. Сондай мәселелердің бірі – мұнай-газ саласындағы тендерлердегі монополия. Бұл қазақстандық БАҚ-та көтеріле бермейтін, жалпы ел бойынша кәсіпкерлер ашық айтпайтын тақырып.
Редакциямызға хат жолдаған «Qareket Engineering» ЖШС-ның директоры әрі құрылтайшысы Нұрсұлу Жүсіпова заңнаманың өрескел бұзылуы мен кейбір ірі компаниялардың нарықтағы үстем жағдайын теріс пайдалану фактілеріне назар аударуымызды сұрап, журналистік зерттеу жасауды өтінді.
Тендер жеңімпазы
«Qareket Engineering» компаниясы 2018 жылдан бері Батыс Қазақстан облысында инженерлік технологиялар, энергетика және телекоммуникация салаларында қызмет атқарып келеді екен. Олар ТЕНГИЗШЕВРОИЛ (Теңіз кен орны), KPO b.v. (Қарашығанақ кен орны), NCOC (Қаработан, Қашаған кен орындары), Total (Дунга кен орны), KAZ Minerals (Ақтоғай кен орны), PetroKazakhstan, Богатырь-Көмір (Екібастұз көмір бассейні) сияқты стратегиялық маңызы бар ірі нысандарда түрлі технологиялық шешімдер ұсынумен айналысады.
— Өңірдің дамуына қомақты қаражат құйып, салықтық міндеттемелерін орындап, қайырымдылықпен де айналысып келеміз. Алайда кейбір кәсіпкерлердің әділетсіз әрекеттері бизнестің ашық дамуына кедергі келтіріп, адал бизнес қауымдастығының беделін түсіруде.
2024 жылғы наурыз айында «Интергаз Орталық Азия» АҚ «Самұрық-Қазына» АҚ электронды сатып алу порталында №969405 ашық тендерін өткізді. Тендер 13 дана көпфункционалды цифрлық калибратор мен коммуникаторды сатып алуға арналды. Жалпы сомасы – 337 480 000 теңге (ҚҚС-сыз).
Тендерге «Топан» ЖШС ( 25 900 000 теңге (шартты жеңілдікпен – 25 123 000 теңге), «Qareket Engineering» ЖШС ( 22 066 000 теңге ұсынады), «METROTECH» ЖШС ( 22 990 000 теңге ұсынады) және «CAP технология» ЖШС (22 066 001 теңге) компаниялары қатысады. Біздің компания ең төменгі баға ұсынғандықтан, тендердің жеңімпазы «Qareket Engineering» ЖШС болып танылды. Осыған сәйкес «Интергаз Орталық Азия» АҚ-мен (оның өңірлік филиалдары арқылы) 286 858 000 теңгеге (ҚҚС-сыз) келісімшарттар жасалды, — дейді біздің журналистік сұрауымызға жауап берген «Qareket Engineering» ЖШС-ның директоры әрі құрылтайшысы Нұрсұлу Жүсіпова.
Монополиялық кедергілер
Тендерге шығарылған техникалық талаптарға тек Artvik Inc. компаниясы жасаған көпфункционалды цифрлық калибратор мен коммуникатор сай екен. Ал оның бөлімшелері АҚШ, Финляндия, Қазақстан және Украинада орналасқан. Қазақстанда осы өнімнің Орталық Азиядағы өкілі – «Artvik Inc. Орталық Азия» ЖШС.
— 2024 жылғы 30 шілде күні осы компанияға хабарласып, сұралған жабдықтың біздің жобамызға сәйкес келетінін растадық. Алайда «Artvik Inc. Орталық Азия» ЖШС бізге тауар бағасы мен жеткізу «Топан» ЖШС-мен толық келісілгенін және барлық сұрауларымызды осы компанияға бағыттауды сұрады.
Біз «Топан» ЖШС-мен келіссөздер жүргіздік, бірақ қажетті нәтижеге қол жеткізе алмадық. Бізге белгілі болғандай, «Топан» ЖШС тендер өткізілмей тұрып-ақ, керекті тауарды алдын ала сатып алып, тек өздері жеткізуге дайындалған.
Басқа жеткізушілерден бұл тауарды сатып алу мүмкін болмағандықтан, біз АҚШ өндірісіндегі баламалы өнімді ұсындық, алайда ол Финляндияда өндірілмегендіктен біздің өтінішіміз қабылданбады, — дейді «Qareket Engineering» ЖШС-ның басшысы.
«Келісімшарттан бас тартуымыз керек екенін ашық айтты»
Осы жағдай нарықта бір компанияның бағаны толық бақылауға алып, монополия орнатуға тырысқанын көрсетеді.
— Біз барлық келісімшарттық міндеттемелерімізді орындауға тырыстық, бірақ жоғарыда аталған заңсыз әрекеттер біздің жұмысымызға кедергі келтірді.
«Топан» ЖШС өкілдерімен келіссөздер барысында тендердің жеңімпазы алдын ала келісілгені туралы белгілі болды. Бұл туралы бізде аудиожазба бар, оны тиісті органдарға ұсынуға дайынбыз.
Сонымен қатар, «Интергаз Орталық Азия» АҚ-ның қойма есебі департаментінің бас менеджері Шералы Смаилов (Жасұлан Мәдиұлы басшылығымен) біздің өкілдерімізге біз бұл келісімшарттан өз еркімізбен бас тартуымыз керек екенін және бастапқыда «Топан» ЖШС-нің жеңімпаз ретінде белгіленгенін ашық айтты.
Бұл – «Топан» ЖШС-ның мүдделерін толық қолдау және заңсыз монополиялық әрекеттер. Егер біз тендердің осындай әділетсіз жолмен өтетінін алдын ала білсек, оған қатыспас едік, — дейді біздің журналистік сұрауымызға жауап берген «Qareket Engineering» ЖШС-ның басшысы №1232-24-130 хатында.
Компания жағдайды тереңірек түсінуіміз үшін біздің сұратуымызбен «Artvik Inc. Орталық Азия», «Топан», «Интергаз Орталық Азия» ЖШС-мен алмасқан хаттарын, келісімшарт көшірмелері мен скриншоттарын ұсынды.
Зерттеу қалай басталды?
Біз «Qareket Engineering» ЖШС ұсынған ақпарат бойынша зерттеу жүргізе бастадық.
Мән-жайға қатысты барлық тараптың көзқарасын анықтау үшін тендерді ұйымдастырушы «Самрұқ Қазына» мен оған қарасты компанияларға, тендерге шығарылған құрылғыны өндіруші «Beamex» компаниясына, құрылғыны сататын дистрибьютор «Artvik Inc.» компаниясының Нью-Йорктегі филиалына және тендерге қатысушы «Топан» ЖШС-ына сауалдар қойып, хат жаздық.
Өндіруші «делдалдар бізден тәуелсіз» дейді
«Beamex»-тің Еуропадағы Аймақтық Сату Менеджері Джонас Хейнола (Jonas Heinola) бізге былай деп жауап берді:
«Соңғы 30 жыл ішінде Beamex өнімдерін Қазақстанда тек Artvik компаниясы ұсынып келді. Эксклюзивті қайта сату келісімдері бәсекелестік және монополияға қарсы заңдарға сәйкес кеңінен және жалпыға бірдей заңды деп танылады. Бұл келісімдер біздің өнімдерімізді аймақта таратудың жоғары стандарттарын сақтауға мүмкіндік береді. Алайда, бәсекелестік және монополияға қарсы заңдар біздің сатушыларымызға оларды белгілі бір тұтынушыларға сатуға нұсқау беруге немесе сатуды жүзеге асыратын ережелер мен шарттарды енгізуге тыйым салады. Бұл бағаға да қатысты, өйткені сатушылар өздерінің бизнес стратегиялары мен нарықтық жағдайларына сәйкес қайта сату бағаларын белгілеуде бізден дербестікке ие. Серіктестерін таңдау және коммерциялық шарттарды белгілеу біздің делдалдардың өз қалауына берілген және олардың бизнесінің негізгі аспектісі. Біз делдалдарымыздың келісімшарттар жасасу еркіндігіне немесе олардың операциялық шешімдеріне кедергі жасай алмаймыз.
Біздің өнімдер бірегей бәсекелестік артықшылықтарға ие болғанымен, калибрлеу жабдықтарының нарығы жоғары бәсекеге қабілетті. Біз бүкіл әлемде жұмыс істейміз, бірақ мен ешқашан нарықта үстемдік ететін жағдайға тап болған емеспін.
Artvik сіздің сұрақтарыңызға егжей-тегжейлі жауап берді және олар қосымша ақпарат беруге дайын. Қосымша сұрақтарыңыз болса, Artvik Орталық Азия (Artvik Inc. Central Asia) компаниясына хабарласыңыз».
«Өнімнің Қазақстандағы бағасын дистрибьюторымыз белгілейді»
«Artvik Inc. Орталық Азия өкілдігінің» директоры Рауан Ильясов бізге жолдаған №229 хатында біз берген ақпараттарға қатысты ішкі тергеу өткізілгенін баяндайды.
-Біз «Топан» ЖШС Қазақстанда бекітілген жалғыз дистрибьюторымыз емес, ақпаратты растамаймыз. Қазақстанда бірнеше серіктесіміз бар, олар дистрибьюторлық келісімдер және рұқсат хаттар негізінде жұмыс істейді, — делінген жауаптарында.
Алайда өнімдерінің Қазақстандағы бағасын «Топан» ЖШС белгілейтінін растады. «Иә, солай. «Топан» ЖШС баға белгілеу кезінде жеткізу шығындарымен байланысты қосылған құнды, оның ішінде жүкті сақтандыруды, тиісті салығымен кедендік рәсімдеуді, кейбір жағдайларда өлшеу құралдарын бастапқы тексеру құнын және өлшем құралдарының типін бекітуге арналған сертификаттау, жарылыстан қорғалған жабдыққа сәйкестік сертификаттау (ЕАЭО) шығындарының бір бөлігін ескереді, — дейді «Artvik Inc. Орталық Азия өкілдігінің» директоры Рауан Ильясов.
«Сіздің тауарыңыз тендерге шығарылатын болса, ол тауарды жеткізетін тек дистрибьютор ма?» деген сауалымызға «Жоқ, әрқашан олай деуге келмейді. Барлық американдық және еуропалық компаниялар сияқты жобаны тағайындау жүйесі негізінде жұмыс жасаймыз. Жоба дистрибьюторға ғана емес, сонымен қатар жобаның спецификациясын бірінші болып әзірлеген және бізге тиісті құжаттарды ұсынған кез келген компанияға тағайындалуы мүмкін» деп жауап берді.
Айтуынша, олардан басқа компаниялар тауарды тіке сатып ала алады.
«Топан» бізбен келісімге келген жоқ, уақытты соза берді»
Ал «Qareket Engineering» ЖШС басшысы жағдай басқаша өрбігенін алға тартады. Тендер шарты бойынша калибраторларды «Интергаз Орталық Азия» АҚ-ға 2024 жылдың 9 қарашасына дейін «Qareket Engineering» компаниясы жеткізіп беруге тиіс.
«Qareket Engineering» компаниясының бізге берген хаттарының көшірмесіне сүйенсек, «Artvik Inc. Орталық Азия өкілдігіне» 2024 жылдың 25 шілде күні 13 дана Beamex MC6 (-R) калибраторына коммерциялық ұсыныс беруді сұрап хат жазады. Олар 30 шілде күні мынадай мәтінде жауап береді:
«Сіз жіберген ақпаратты мұқият зерделей отырып, біз сұралған жиынтық біздің дистрибьютор – «Топан» ЖШС-не бекітілген жобаға толық сәйкес келетінін анықтадық.
Осыған байланысты біз сіздің өтініміңізді «Топан» ЖШС Бақылау-өлшеу жабдықтарын сату бөлімінің бастығы Сергей Левкоға жібереміз (телефоны мен поштасын көрсеткен).
Сіздің назарыңызды «Топан» ЖШС-нің баға саясаты «Артвик Орталық Азия» ЖШС-мен толық келісілгеніне аударамыз және баға ұсынысы үшін осы компанияға жүгінуіңізді сұраймыз» дейді.
«Qareket Engineering» компаниясының қызметкері Сергей Левкомен 2024 жылдың 11 қазаны күні «ұзақ телефонмен келіссөздерден соң сізден баға ұсынысын күтудеміз» деп тауардың толық сипаттамасын жіберген.
14 қазанда Сергей Левко «Қазіргі уақытта бізде құрылғылардың бір бөлігін сатып алушылар бар. Біз осы құрылғылардың жеткізілімін сіздің бағытыңызға бұру мүмкіндігін қарастырып жатырмыз. Болашақта осы жеткізілімді талқылау кезінде сізден Артвик өкілдерін поштасын көшірме жасамауыңызды сұрар едім, өйткені біз «Топан» ЖШС сатып алған аспаптар туралы әңгіме жүргізіп жатырмыз. Немесе, егер қаласаңыз, біз сіз үшін коммерциялық ұсынысты жаңартылған бағалар мен жеткізу мерзімдері бар тауарлардың жаңа партиясына қайта есептейміз. Сізге бұрын хабарланғандай, қазірдің өзінде тапсырыс берілген аспаптар партиясы желтоқсанның басынан/ортасынан ерте жөнелтуге дайын болады. Бізде келісімшартты келісуге және төлем мәселелерін шешуге жеткілікті уақыт бар» деп жазған.
Алайда «Qareket Engineering» қызметкері 2024 жылдың 14 қазан, 24 қазан, 13 қараша күндері де Сергей Левкоға хат жолдап еске салып, қайта сұраумен болған.
Тек 25 қараша күні «Хатқа тіркеме құжаттан біздің коммерциялық ұсынысымызды таба аласыз. Жеткізу тек 100% алдын ала төлем жасалғанда мүмкін болады. Қазіргі уақытта жабдық кедендік тазарту рәсімінен өтуде. Алдын ала есептеулер бойынша жабдық 2024 жылғы 5-10 желтоқсанда жөнелтуге дайын болады» деп жауап берген.
Ал «Artvik Inc. Орталық Азия өкілдігінің» директоры Рауан Ильясов бізге жауабында: «Қызметтік тексеру барысында «Топан» ЖШС берген ақпаратқа сәйкес, бұл компания «Qareket Engineering» ЖШС өтініші бойынша бірінші коммерциялық ұсынысты 25 қарашада шығарған, екіншісін 6 желтоқсанда айтарлық жеңілдікпен шығарған. Бұл «Топан» ЖШС «Qareket Engineering» ЖШС-нің өтінішіне жауап бермеді деген мәлімдемені толығымен жоққа шығарады, сондықтан олардың арасында келіссөз болмағанын көрсетеді. Екі кәсіпкерлік субъектісі «Топан» ЖШС және «Qareket Engineering» ЖШС арасында жанжал орын алғандығын атап өткіміз келеді. Artvik Inc. бөлімшелерінің бұл жанжалға еш қатысы жоқ, біздің бөлімшелердің ешқайсысы сауда-саттыққа қатысқан жоқ. Сізге жауап беру үшін «Топан» ЖШС-нан ақпарат алу қажет болды және біз оны еш бұрмалаусыз жеткіздік» дейді.
Яғни, бізге «компаниялар бізден тауарды тіке сатып ала алады» деп отырған «Artvik Inc. Орталық Азия өкілдігі» өзінен тікелей коммерциялық ұсыныс сұраған компанияны «Топан» ЖШС-іне сілтейді. Алайда өнімдерінің Қазақстандағы бағасын белгілейтін дистрибьютерлері «Топан» ЖШС-ның олардан «Qareket Engineering» ЖШС-мен қазан айынан бастап келіссөздер жүргізілгенін жасырып қалғанынан бейхабар. Ішкі тергеу дұрыс жүргізілмегенін айғақтайды. «Топан» оларға тендер бойынша жеткізу мерзімі өтіп кеткен соң жауап бергендерін ғана баяндап отыр.
Дистрибьютор аяқ астынан өнімді 53 млн теңгеге қымбаттата салған
26 қараша күні «Qareket Engineering» ЖШС «Топан» ЖШС мен Artvik Inc. Орталық Азия өкілдігіне №1232-24-125 хат жолдап, онда «Топан» ЖШС-ның сату бөлімінің бастығы Сергей Левконың «WhatsApp» мессенджері арқылы бір дана құрылғы үшін ұсынылған 21 800 000 (жиырма бір миллион сегіз жүз мың) теңге бағалары 25 900 000 (жиырма бес миллион тоғыз жүз мың) теңгеге қымбаттауы іскерлік этикетке жатпайтынын, нарықтағы басым жағдайларын өз мақсаттарына пайдаланып отырғандарын жазады. Яғни калибратор үшін 53 300 000 (елу үш миллион үш жүз мың) теңге қосып жібергендері бағаны тым шарықтату, мұндай сомманы қарастыра да алмайтындарын айтады. Және бұлардың шарасыз жағдайын пайдаланып уақытты әдейі созып отырғандарын ашына баяндайды. Artvik Inc. Орталық Азия өкілдігі шілде айынан бастап «Топан» ЖШС-іне сілтеуі мен «баға саясаты толық келісілген» деген уәждері нарықта монополия орнатуға тырысу екенін, құзырлы орындарға арыздануға мәжбүр екендерін ескертеді. «Qareket Engineering» ЖШС сотқа жүгінеді.
«Тауарды басқа елден алуға болмайды»: бұл монополияға жол ашу емес пе?
Журналистік зерттеу барысында «Самұрық-Қазына» АҚ Директорлар кеңесінің мүшесі, ҚР Президентінің кеңесшісі Ерұлан Жамаубаевқа «Самұрық-Қазына» АҚ құрамына кіретін «Интергаз Орталық Азия» АҚ жариялаған тендерге қатысты сауалдар жолдадық.
Біздің білгіміз келгені, егер тендерге шығарылған тауарды жеткізетін Қазақстанда бекітілген дистрибьютор ғана болса, тендер неге ұйымдастырылды? Бағаны дистрибьютор белгілейтін болса, ол дистрибьютордың өзі тендерге қатысатын болса, тендер қаншалықты әділ болады? Бұл заңға сәйкес пе? Тендер шартына сай бағаның ең аз ұсынысымен жеңімпазы атанған компанияның сол тендерде жеңіліп қалған дистрибьютор компанияның тауарды сатпауы қаншалықты заңға сәйкес? Бұл жағдайда жосықсыз жеткізушілерінің тізіліміне енгізілуіне (реестр недобросовестных поставщиков) кім жауап береді?
Біздің сауалдарымызды «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ ұйымы өзінің «QazaqGaz» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамына бағытталды.
«QazaqGaz» Ұлттық компаниясының баспасөз қызметінің жауабына сүйенсек, өтініш беруші шарттық міндеттемелерді орындау барысында тауарды шыққан елінің бір бөлігінде ауыстыруды көздеді. «Бұл бірлік үшін баға өзгермеген жағдайда, онымен жасалған тауарларды, жұмыстарды, қызметтерді сатып алу туралы шарттың мәні болып табылатын тауарларды жеткізудің, жұмыстарды орындаудың, қызметтер көрсетудің неғұрлым сапалы және (немесе) техникалық сипаттамаларын не мерзімдерін және (немесе) шарттарын ұсынған жағдайда жол беріледі. Алайда, «Qareket Engineering» ЖШС шартты орындау шеңберінде тауарларды жеткізу кезінде неғұрлым сапалы және (немесе) техникалық сипаттамаларды ұсынбаған. Сапалық және пайдалану сипаттамаларының техникалық ерекшелік талаптарына сәйкес еместігін анықтауда, Тапсырыс беруші өз кезегінде сапаны бақылау саласындағы қызметті жүзеге асыратын уәкілетті филиал болып табылатын Қоғамның «Инженерлік-техникалық орталық» филиалының қорытындысы (21.08.2024 жылғы № 40-401-2-433 қоса беріледі) негізінде техникалық ерекшелік талаптарына және Қазақстан Республикасының өлшем бірлігін қамтамасыз етудің мемлекеттік жүйесінің тізілімінде болуына байланысты тауар шығарылған елді ауыстырудың мүмкін еместігі туралы дәлел келтірді. Сондай-ақ, «Artvik inc.» beamex Oy Ab компаниясының өнімдерінің Орталық Азия елдеріндегі эксклюзивті дистрибьютерінің ресми жауабында (22.08.2024 ж. шығ.№ 205) Beamex калибраторлары тек Финляндияның өндірістік қуаттылығында жасалады және осы елдің шығу тегі туралы сертификаттарымен бірге жеткізіледі, ал BEAMEX-тің АҚШ-тағы бөлімшесі (Beamex, inc.) Солтүстік Америкада сатуды және осы аумақта сатылған жабдыққа қызмет көрсетуді және қайта калибрлеуді жүзеге асырады, бірақ оны өндірмейді.
«Qareket Engineering» ЖШС мен Топан ЖШС арасындағы талап етілетін тауарды сатып алу мүмкін еместігі туралы келіссөздерге қатысты, Тапсырыс берушінің үшінші тұлғалар мен тауар нарығына қатысушылар арасындағы коммерциялық қатынастарға қатысуға құқығы, өкілеттігі және мүмкіндігі жоқ екенін хабарлаймыз» деп жауап берді «QazaqGaz» Ұлттық компаниясының баспасөз қызметі.
Яғни, біздің сауалдарға нақты жауап жоқ. Жауаптан белгілі болғаны, тендер бойынша жеткізілуі тиіс тауарды басқа елден әкеле алмайды. Beamex калибраторлары тек Финляндиядан шығарылған болуы тиіс. Мұны ұлттық компанияға нұсқап тұрған тағы да Artvik Inc. Орталық Азия өкілдігі. Ал дистрибьютордан ол тауарды тендер жеңімпазы ала алмай жатқанына ешкім араласпайды.
«Нарықтағы бір ресми дистрибьютордың бар болуы бәсекелестікке өз әсерін тигізбейді»
Тап «Самұрық-Қазына» АҚ-ға жолдаған сауалдарды тапсырыс беруші «Интергаз Орталық Азия» АҚ-ға жолдап көрдік.
Sarapshy.info: Егер тендерге шығарылған тауарды жеткізетін Қазақстанда бекітілген бір ғана дистрибьютор болса, тендер неге ұйымдастырылды?
«Интергаз Орталық Азия» акционерлік қоғамының «Орал» магистральды газ құбырлары басқармасы» филиалы: «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ және дауыс беретін акцияларының (қатысу үлестерінің) елу және одан да көп пайызы тікелей немесе жанама түрде «СамұрықҚазына» АҚ-ға меншік немесе сенімгерлік басқару құқығымен тиесілі заңды тұлғалардың сатып алуларын жүзеге асыру тәртібіне сәйкес сатып алу бәсекелестік емес тәсілмен жүзеге асырылатын қатаң регламенттелген жағдайларды қоспағанда, сатып алулар бәсекеге қабілетті әдіс-тәсілдер арқылы жүзеге асырылуы тиіс. Өтініште көрсетілген тауарды сатып алу жағдайында бәсекелестік емес сатып алуды ұйымдастыруға негіз болмағандықтан, ашық тендер ұйымдастырылып, жүргізілді. «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ Холдингіне кіретін ұйымдардың міндеттемелеріне сатып алуды барынша ашық және бәсекеге қабілетті түрде өткізуіне нарықтағы бір ресми дистрибьютордың бар болуы өз әсерін тигізбейді.
Sarapshy.info: Бағаны дистрибьютор белгілейтін болса, ол дистрибьютордың өзі тендерге қатысатын болса, тендер қаншалықты әділ болады? Бұл заңға сәйкес пе?
«Интергаз Орталық Азия» акционерлік қоғамының «Орал» магистральды газ құбырлары басқармасы» филиалы: Сатып алуларды жүзеге асырудың тәртібіне толық сәйкестікте, сатып алу қоғамдық ұйымдардың бақылаушыларының қатысуымен ашық тендер тәсілімен жүргізілді. Сатып алуларды жүзеге асыру тәртібімен дистрибьютордың (ресми дилердің, өкілдің) тендерге қатысуына шектеу қойылмайды, сонымен қатар бұл ҚР қолданыстағы заңнамасына қайшы келмейді.
Құқықтық салдары қандай?
«Qareket Engineering» ЖШС келісімшарт бойынша міндеттемелерін орындай алмай, келісімшарттың біржақты бұзылатыны туралы 13 қараша күні «Интергаз Орталық Азия» АҚ «Атырау» магистральды газ құбырлары басқармасы» филиалынан хабарлама алады. Самұрық-Қазына тізіміне сенімсіз жеткізуші ретінде енгізілетіні және шарт бойынша 10% айыппұл төлеу міндеттемесі жүктеледі.
«Интергаз Орталық Азия» АҚ шартты уақытында орындай алмағасын «Qareket Engineering» ЖШС-ін сотқа береді. Сот процесі ашық болғандықтан әрі онлайн өтетінін білген соң оған біз де қатысу үшін «Qareket Engineering» ЖШС адвокатына құжаттарымызды жолдап, соттан БАҚ қатысуын сұраттық. Бірақ сот БАҚ-тың қатысуы үшін тілшінің тіке сотқа өтініш беруі керектігін сылтауратып, рұқсат берген жағдайда да сотты офлайн өткізетінін айтады. Талай сотқа қатысқан біз үшін соттың бұл шешімі түсініксіз.
Әділдік іздеген кәсіпкердің ҚР Бас прокурорына, ҚР Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу комитетіне, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне, Мәжіліс депутаттарына жазған хаттары қандай нәтиже берерін айту қиын. Себебі аталған мәселе бойынша 14 қаңтар күні сот отырысы онлайн өтіпті. №2713-24-00-2/3472 іс бойынша Батыс Қазақстан облыстық мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты «Интергаз Орталық Азия» акционерлік қоғамының «Qareket Engineering» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушы деп тану туралы талап арызы қанағаттандырылады. Сот шешіміне бір ай ішінде апелляциялық шағым ғана бере алады.
Бұл мақаладағы оқиға мұнай-газ саласындағы сатып алу процестеріне қоғам мен БАҚ жіті назар салуы қажет екенін айғақтайды. Аталған саладағы монополияны анықтауға тіпті құзырлы органдардың әлі келер ме екен?..
Хаттармен, құжаттармен мына сілтемеге өту арқылы танысуға болады
*Басты сурет жасанды интеллект арқылы жасалған және нақты тұлғаларды бейнелемейді