Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі (БҚДА) тексеру жүргізіп, HILL Corporation мен «ҚТЖ-Жүк тасымалы» компаниялары арасында заңсыз келісім болғанын анықтады.
Мәселе неде?
Зерттеу барысында «ҚТЖ-Жүк тасымалы» компаниясы локомотивтерге арналған мотор майларын сатып алу кезінде басқа да жеткізушілерге кедергі келтіргені белгілі болды. Олар конкурстарды ашық өткізбей, арнайы шарттар қойып, HILL Corporation-ның ғана жеңіп шығуына жағдай жасаған.
HILL Corporation бұл айыптаулармен келіспей, сотқа шағымданды. Бірақ 2025 жылдың 11 наурызында Жоғарғы Сот Агенттіктің тексеруі заңды деген шешім шығарды. Яғни, бұл екі компания арасындағы келісімнің шынымен әділетсіз болғаны расталған.
Анықталған заңсыз келісімнің көлемі 12 миллиард теңгеден асқан.
Қазір аталған іске байланысты тиісті шаралар қабылдануда.
2024 жылдың қаңтарында Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі ҚТЖ-ЖТ мен HILL Corporation арасындағы бәсекелестікке қарсы келісімнің сомасы 624 млн теңгеден асатынын хабарлаған еді.
Ашық дереккөздерде High Industrial Lubricants & Liquids Corporation (HILL) компаниясының 2005 жылы тіркеліп, химиялық өнімдер мен мұнай өңдеу өнімдерін өндірумен айналысатыны көрсетілген. Бас директоры – Нұрбол Дүтбаев. Ulysmedia агенттігі «High Industrial Lubricants & Liquids Corporation» (HILL)» компаниясына бір ғана құрылтайшы – Дулат Қожамжаров тіркелгенін жазды.
HILL Corporation-ның заңды мекенжайы Шымкент қаласы, Еңбекші ауданы, Қапал Батыр көшесі деп көрсетілген.
Сурет: gov.kz