Елімізде жұмыссыздар үшін Медициналық сақтандыру қорына жарнаны енді әкімдіктер есебінен төлеу міндеттеледі

Қазақстанда кепілдендірілген базалық және сақтандыру пакеттерінен тұратын медициналық көмектің бірыңғай пакеті әзірленеді. Бұл жөнінде бүгін Үкімет отырысында Премьер-Министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова айтты.

«Бұл өз кезегінде жүйені толық қаржыландыруды талап етеді. Сондықтан жобада қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету мақсатында – ресми түрде жұмыссыз болып тіркелген азаматтар үшін жарнаны жергілікті бюджет есебінен төлеу, сондай-ақ, жарнаны есептеудегі табыстың жоғары шегі және төлемдердің ставкаларын қайта қарау көзделіп отыр», – деді Дүйсенова.

Заң жобасы осы айдың соңына дейін Үкіметке енгізілмек.

«Сонымен қатар жүйені толық цифрландыру бойынша тиісті Жол картасын жүзеге асыруды жалғастырамыз. Оның аясында, осы жылдың соңына дейін медициналық сақтандыру қорын цифрландыру аяқталады, сонымен бірге келер жылдың соңына дейін бірыңғай Ұлттық ақпараттық жүйені енгізу жоспарланған», – деді ол.

Айта өтейік, Президент мемлекеттік медициналық көмектің бірыңғай пакетін әзірлеуді ұсынды.

Биыл денсаулық сақтау саласына бюджеттен 3,3 триллион теңге қаражат бөлінгенімен, бұл қаржының нәтижесі көрінбейтінін айтты. 

Президент цифрландыру болмаса, мұндай ауқымды өзгерістерді сәтті жүзеге асыру мүмкін болмайтынын атап өтті.

Еске салсақ, Жоғары аудиторлық палата Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына аудит жүргізіп, кейбір медициналық ұйымдардың қаражатты орынсыз пайдаланғанын анықтаған еді.

Кейбір мекемелер медициналық қызметтерге қордан да, емделушіден де қосарланған төлем алып отырған. Ал енді бір ұйымның жеке орны мен медициналық жабдықтары болмағанына қарамастан, қордан қаражат алып келгені белгілі болды.

Салаға жүргізілген аудит барысында 3,8 трлн теңге болатын қаражат пен активтер қамтылып, 13 ұйымға тексеріс жүргізілген. Тексеріс барысында аудиторлар қор қаражатының орынсыз жұмсалуын анықтаған. Сондай-ақ аудит барысында Ұлттық қор қаражатының созылмалы игерілмеу жағдайлары тіркелген.

«Қор медициналық қызметтердің сапасын бақылауға тиісті назар аудармайды. Мәселен, Астана бойынша МӘМС шеңберінде екі ірі қызмет көрсетушіге бақылау тексерісі жүргізілді, оларға 179 мың адам бекітілген. Нәтижесінде олардың жеке орындары мен медициналық жабдықтардың жоқтығы, оларды сағатына жалға алатыны анықталды. Бұл қызмет көрсетуші ЖШС-лардың бірқатар клиникасында жекелеген қызмет түрлеріне лицензиялары және өздігінен қозғала алмайтын азаматтарды қабылдауға арналған пандустары жоқ», – деп мәлімдеді Жоғары аудиторлық палатадан.

Сонымен қатар Денсаулық сақтау, Ішкі істер және Әділет министрліктерінің ақпараттық жүйелерінің деректерін салыстыра келе, аудиторлар шетелге тұрақты тұруға көшіп кеткен азаматтарға дәрі-дәрмектерді ресімдеу фактілерін де анықтаған.

Осы жағдайлардың барлығын сынға алған Жоғары аудиторлық палата төрағасы Әлихан Смайылов ӘМСҚ бюджет қаражатының мақсатқа сай пайдаланылуына сапалы бақылауды қамтамасыз етуге міндетті екенін еске салған.

Сурет: freepik.com

Әлеуметтік желілер арқылы бөлісуді ұмытпаңыз

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған