БҚО-да облыс әкімінің бірінші орынбасары Сенат депутаты болды

Бүгін Батыс Қазақстан облыстық мәслихатында ҚР Парламентінің Сенат депутаттарының сайлауы болып, аудан, қала, облыс мәслихаттарының депутаттары өз дауыстарын берді, деп хабарлайды sarapshy.info.

БҚО аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Ғайса Қапақовтың мәліметінше, сайлауда өңірдегі 172 депутат дауыс берді. Сайлау нәтижесі бойынша Арман Өтеғұлов 127 дауыс жинап, Сенат депутаты болып сайланды.

Басқа кандидаттарға тоқталсақ, Ақылбек Сұлтановқа 25 депутат (14,5 пайыз), Айболат Құрымбаевқа 15 депутат (8,7 пайыз) дауыс берген. Үш таңдаушының барлығына қарсы 3 дауыс берілген.

Сенат депутаты болған Арман Өтеғұлов 1964 жылы Батыс Қазақстан облысында дүниеге келген. Саратов мемлекеттік зоотехникалық-ветеринариялық институтын, Батыс Қазақстан инженерлік-техникалық университетін, Қазақстан инновациялық және телекоммуникациялық жүйелер университетін тәмамдаған. Әр жылдары Батыс Қазақстан облысы Фурманов ауданы Ақкөл кеңшарында аға, бас мал дәрігері, Батыс Қазақстан облысы Қазталов ауданында «Талдыапан» өндірістік кооперативінің директоры, Батыс Қазақстан облысы Қазталов ауданы әкімінің орынбасары, Батыс Қазақстан облысы Қаратөбе және Теректі аудандарының әкімі, Батыс Қазақстан облысы ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы, Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары, ҚР АШМ Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің төрағасы болып қызмет атқарған.

Әлеуметтік желілер арқылы бөлісуді ұмытпаңыз

Добавить комментарий