Батыс Қазақстан облысында қолайсыз ауа райына байланысты 15 желтоқсанда 51 мектепте оқу процесі қашықтан оқыту форматына ауыстырылды. Бұл туралы ҚР Оқу-ағарту министрлігінің бұйрығына сүйене отырып облыстық білім басқармасы хабарлады.
Қашықтан оқыту форматына Ақжайық ауданындағы 5 оқушысы бар 1 мектеп, Бөкей ордасы ауданындағы 12 мектеп (738 оқушы), Бөрлі ауданындағы 24 мектеп (10 074 оқушы) және Жәнібек ауданындағы 14 мектеп (2 442 оқушы) көшіріледі. Ал Қазталов ауданында 35 мектептегі сабақтар 20 желтоқсанға ауыстырылды.
Бәйтерек, Жаңақала, Қаратөбе, Сырым, Тасқала, Теректі, Шыңғырлау аудандарында және Орал қаласында білім беру ұйымдары штаттық режимде жұмысын жалғастырады.
Айта кетейік, 14 желтоқсанда БҚО-да қолайсыз ауа райының салдарынан көлік жолдары жабылды. Қолайсыз ауа райы салдарынан бірқатар ғимараттың шатыры жерге ұшып түсті.
13 желтоқсанда Бөкей ордасы ауданының Сайқын ауылында аудандық білім бөлімі ғимаратының шатыры бұзылды. 14 желтоқсанда Саралжын ауылында мектеп шатырының бір бөлігі құлап, Бисен ауылында мектеп қазандығының шатырына зақым келген.
фото: freepik.com

