2020 жылдың тамыз айында Батыс Қазақстан облысының Жаңақала ауданындағы Сарыкөл және Мәштексай ауылының 11 тұрғынына киік жануарына заңсыз аңшылық жасау, киік мүйізін сақтау, сату, тасымалдау айыптары тағылып, ұсталған болатын. Біраз уақыт тергелген оларға қатысты сот шешімі 2022 жылғы 29 наурыз күні шықты. Сот 11 адамды да 7 жыл 3 ай бас бостандығынан айыру жайлы үкім шығарды.
Олардың отбасылары сот шешімімен келіспей, істі қайта қарауды, жеңілдік беруді сұрады. Бұл іс бойынша апелляциялық арыздары 16 тамыздан бастап қарала бастады.
Бүгін сот алқасы қаулысы оқылды. БҚО Жаңақала аудандық сотының 2022 жылдың 29 наурыз күнгі Аслан Сатқанов, Ақылжан Сатқанов, Мергенғали Кенжеғалиев, Бауыржан Имашев, Дастан Сүндетов, Марс Нұрышев, Нұрлыбек Жангереев, Жаңабек Максимов, Зейнолла Темірбеков, Жанайдар Отаров, Нұрлан Нұралинге қатысты үкімі өзгертілді.
-2020 жылы 18 мамырда «Зенит» саяжайында №291 үйде 265 дана киік мүйізін заңсыз сақтау эпизоды Жангереев, Максимов, Темірбеков айыбынан дәлелденбеу себепті алынып тасталсын. 2020 жылғы 15 тамызда Жаңақала ауданы Мәстексай ауылында Рысқалиев көшесі 16/1 үйде 82 дана киік мүйізін заңсыз сақтау эпизоды Кенжеғалиев, Имашевтардың айыбынан дәлелденбеу себепті алынып тасталсын. Түпкілікті өтеуге онша қатаң емес жазаны неғұрлым қатаң жазаға сіңіру арқылы Қылмыстық кодекстің 339-бабының 3-бөлігінің 2-тармағында тағайындалған мүлікті тәркілеусіз аңшылық қызметпен айналысу құқығынан 5 жыл мерзімге айыра отырып 7 жыл 3 ай мерзім бас бостандығынан айыру жазасы белгіленсін. Аслан Сатқанов, Ақылжан Сатқанов, Мергенғали Кенжеғалиев, Бауыржан Имашев, Дастан Сүндетов, Марс Нұрышев, Нұрлыбек Жангереев, Жаңабек Максимов, Зейнолла Темірбеков, Жанайдар Отаров, Нұрлан Нұралинге жаза өтеуге қылмыстық атқару жүйесінің қауіпсіздігі барынша төмен мекемелеріне тағайындалсын, -деп Батыс Қазақстан облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Азат Ізбасаров шешімді оқыды.
Сотталушылардың күзетпен ұстауда, үйқамақта болған уақыттағы 1 тәуліктері 2 күн бас бостандығынан айыру жазасы ретінде есептелетін болды.
Бұрынғы үкімнің талап-арызға қатысты бөлігі жойылып, БҚО орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының сотталғандардан материалдық шығын өндіру туралы талабы азаматтық сот ісін жүргізу тәртібімен қарауға берілетін болды.
Сондай-ақ сотталушылардан тәркіленген 2 автокөлікті мемлекет пайдасына тәркілеу туралы бұрынғы шешім өзгертіліп, көліктер иесіне Қайырғалиеваға қайтарылатын болды. Сотталушы Сүндетовке тиесілі 895 мың теңгені тәркілеу туралы үкім бұл ақша қылмыстық жолмен табылғаны дәлелденбеген себепті сотталушының жұбайына қайтаруға өзгертілді. Нұрлыбек Жангереевтен тәркіленген Niva көлігі иесіне қайтару жайлы шешім шықса, Аслан Сатқановтан тәркіленген Niva көлігіне салынған тыйым күшінде қалды. Іс бойынша айғақ зат ТОЗ-34 аңшылық мылтығы иесі Қасиет Сатқановтың өзіне қайтарылатын болды. Еске сала кетсек, сотталушы ағайынды Сатқановтардың «Охотзоопром» мекемесінде қызмет атқарған немере ағалары Қасиет Сатқанов та осы іс бойынша тергеліп, дәлел жеткіліксіздігі себепті босатылған болатын.
Сотталушы Жанарбек Максимовтың жұбайы Марал Қазиева Орал қаласындағы ауданаралық сот отырысында да, Жаңақала аудандық сот отырысында да күйеуіне қатысты ешқандай куәгер табылмағанын айтып, дәлел, айғақ болмаса да бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалғанына наразы. «Қылмыс үстінде ұсталған жоқ, үйде ұйықтап жатқан жерінен тұтқындап алып кетті. Тінту кезінде айғақ, дәлел табылмады. Апелляциялық сотқа артқан үмітіміз аяқасты болды. Босатады деп сеніп келіп едім, мынадай болады деп ойлаған жоқпын. Жоғарғы сотқа арызданамыз. Сотталушылардың барлығы да көп балалы отбасылар. Бас бостандығынан айырылған 11 жігіттің 51 баласы бар. Бала-шағаларын кім асырайды?» дейді Марал Қазиева.
Қаулы жарияланған сәттен бастап күшіне енді. Қаулы Қылмыстық процестік кодекстің 487-бабының талаптарына сай наразылық болса ҚР Жоғарғы сотының қылмыстық істер жөніндегі алқасында қайта қаралуы мүмкін.
Нұрлыбек Рахманов, Батыс Қазақстан облысы