БҚО-да екі жылда егілген көшеттің тек 6,8 пайызы жерсінген: бюджет қаражаты неге рәсуа болды?

Қазақстанда 2025 жылы екі миллиард ағаш отырғызу жоспарлаған. Осыған байланысты Батыс Қазақстан облысында ағаштардың қалай егілгені және олардың қазіргі жағдайын жан-жақты талдадық. Зерттеу барысында интерактивті карталар мен спутниктік суреттер арқылы алынған мәліметтер негізге алынды.

2025 жылға дейін екі миллиард ағаш отырғызылады

Материал жинау барысында Батыс Қазақстан облысының Тасқала ауданындағы Амангелді ауылының маңындағы жер бедерін дронмен суретке түсірілді. Мұндағы басты мақсат – 2021 жылы 190 гектар аумаққа егілген ағаштардың аумағын барлау.


Құс ұшар
биіктіктен жасалған бұл суретте 2023 жылдың көктемінде Орал орман шаруашылығы отырғызған 633 270 дана ағаш жайқалып тұруы керек еді. Жоғарыдағы басты суреттен 2024 жылдың қыркүйегінде бұл жерде бірде-бір ағаш өсіп шықпағанын көруге болады.

Амангелді ауылының маңында отырғызылған тал-терек 2021 жылы Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылып жатқан бағдарлама аясында егілген болатын. 2021 жылы Мемлекет басшысы Астана қаласында өткен «Париж келісімінің мақсаттарына және Қазақстанның көміртегіне бейтараптығына қол жеткізу жолдары» атты халықаралық конференцияда Үкіметке тапсырма берді.

Шара барысында Президент еліміздің көгалдандыру бағдарламасына ерекше тоқталып, 2025 жылдың аяғына дейін екі миллиард ағаш отырғызу жоспарын жариялады. Сонымен қатар бұл бағдарламаның көзбояушылыққа салынбай, нақты әрі дұрыс орындалуы қажет екенін баса айтты.

Аталған бағдарлама аясында Егілген ағаштарды бақылаудың интерактивті картасы жасақталды. Сайттағы мәліметтер бойынша 2021-2024 жылдары елімізде 852,9 мың гектар аумақта 1,79 миллиард ағаш отырғызу жоспарланған. Ағаштың ең көбін — 328,7 миллион түпті Қызылорда облысында жеткізу жоспарланса, ең аз ағаш егілетін аймақтар ретінде Атырау және Маңғыстау облыстары белгіленген.

Сайтта ҚР Экология министрлігі бекіткен әр облыстың кешенді жоспары көрсетілген. Бұл кешенді жоспарлар 2021 жылы бекітілгендіктен, 2022 жылы құрылған Абай, Ұлытау және Жетісу облыстарының үлесі сайтқа жүктелмеген. Кешенді жоспарға сәйкес ел аумағында ағаш отырғызу үшін 68,7 миллиард теңге қаржы жоспарланған. Қаражаттың ең көп мөлшері — 17,3 миллиард теңге Ақмола облысында. Бұл орманды кеңейту бағдарламасының барлық қаржысының 25%-ы. Орман өсіруге арналған бағдарламаның негізгі қаржыландыру көзі жергілікті бюджет. Бірақ бағдарлама аясында республикалық бюджеттен Алматы облысына 887,1 миллион, Қызылорда облысына 3,2 миллиард теңге қаражат бөлу қарастырылған.

Айта кету керек, кешенді жоспарлау бойынша қаржыландыру тек облыстардағы табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармаларына ғана қатысты. Ерекше қорғалатын аймақтардағы орман көлемін өсіру бойынша қаржыландыру диаграммада ескерілмеген.

БҚОда ағаш отырғызу бағдарламасы қалай жүріп жатыр?

Орман көлемін ұлғайту жоспарына сәйкес, Батыс Қазақстан облысында 5 жыл ішінде 56,57 миллион түп ағаш отырғызу жоспарланған. Бұған жергілікті бюджеттен 2,64 миллиард теңге қаражат қарастырылған. Оның ішінде 836,5 миллион теңге ағаш көшетін отырғызуға, 155,5 миллион теңге жобалау-іздестіру жұмысына, 141,4 миллион теңге теректерді өсіруге, ал 1,5 миллиард теңге техника мен жабдық сатып алуға бөлінген.

2021-2022 жылдары егілген ағаштар дәл қазір қандай жағдайда? Жерсінді ме? Зерттеп көрелік. Бұл мақсатта әр орман шаруашылығында егілген аумақтарды Google Earth Pro қосымшасынан егілгенге дейінгі және кейінгі суреттерді салыстырып, қазіргі күйін анықтадық.

2023 жылдан бері осы тақырыпты зерттеу барысында Егілген ағаштарды бақылаудың интерактивті картасындағы ақпараттың көп бөлігі ашық болған еді. Сол кезде өткен жылдардағы егілген әр ағаштың саны, отырғызылған орны және атқарушысы туралы мәліметтерге қол жеткізу оңай болатын. Алайда қазіргі уақытта бұл деректерге қол жеткізу шектелген. Осыған байланысты ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігіне сауал жолдадық. Министрлік 20212024 жылдардағы деректерді қарау «Интерактивті карта» бөлімінде диаграммаларда көрсетілгенін, диаграмма виджетін қолданып, 2021-2024 жылдары деректерді көруге болатындығын айтты. Алайда ол диаграммаларда жоғарыда айтылған ақпарат жоқ.

Бірақ бұрын жүктеп алынған деректерді сараптағанда2021-2022 жылдары 10 533 764 түп ағаш отырғызылғаны белгілі болды. Олардың 38% қарағаш, 38% аралас, 5,6% үйеңкі, 6% – жиде, 3,9% сексеуіл, 4,9 % шаған, 0,5% – қарағай, 0,3% – терек.

Орал қаласындағы Сергей Исаев атындағы эксперименталды коллекциялық питомник-бағының негізін қалаушы, бағбан Қайрат Кәрімов жалпы егілген ағаштардың тізімі дұрыс таңдалғанын айтты. Бағбанның айтуынша, қылқанжапырақтылар ауыр жерсінеді, алайда Батыс Қазақстан облысының климаты қарағай отырғызуға қолайлы дейді. Бірақ үйеңкінің жерсінуі ауыр, америкалық үйеңкіні мүлде екпеген жөн. Ақ қайың суды көп қажет етсе, кәдімгі емен және облыстың жеріне бейімделген қарағаштың эндемик түрі жақсы өседі екен. Жидені тұзды топыраққа егу қажет.

Ағашты еккенде қолайлы уақыт пен отырғызылатын талдың сапасы, топырақтың дайындығына ерекше көңіл бөлу, ағаш жерсініп кетуі үшін суарып тұру да маңызды. Мұнымен қоса Қайрат Кәрімов бізде жоқ ағаштарды егіп, эксперимент жасауды құп көрмейді. Өңірге бейімделген ағаштарды ғана егу керек деп есептейді.

Google Earth Pro платформасын пайдаланып, ағаш отырғызылған аймақтардың спутниктегі суреттері көмегімен ағаштардың жерсінуін зерттеу барысында егілген 10,5 миллион түп ағаштың 5,67 миллионын сараптаудан өткіздік. Қалған ағаштарды мониториң жасау мүмкін емес. Себебі 2023 жылы түсірілген кейбір аймақ суреттерінің сапасы төмен немесе егілген ағаштарды нақты анықтау қиын. Қолда бар спутниктік деректермен сараптасақ 5 670 014 түп ағаштың 6,8% ғана аман қалғанын көруге болады.

Басқарма басшысы талдың жерсінбеу себептерін айтты

Осы мәселеге қатысты облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысының орынбасары Дархан Закаринге сұрақ қойдық.

Оның айтуынша ағаштардың жерсінбеуінің бірнеше себебі бар.

– БҚО орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы егілген көшеттерді қабылдайды. Бір жылдан кейін екпелердің жерсінуі тексеріледі. Қолдағы құжаттар бойынша көрсеткіш – 41,8%. Содан кейін күтім мәселесі туындайды. Қазір беріліп жатқан жерлердің көбі елді мекендер аумағында орналасқандықтан ағаштардың өсуіне малдың жайылуы кедергі келтіріп тұр. Бұл жерде су мәселесі де бар, – деп ағаштардың неліктен жерсінбеуін түсіндірді басқарма орынбасары. Сонымен қатар ағаш егілген алқаптарды қоршап, тамшылата суару жүйесі қарастырылса, жерсіну көрсеткішінің 80%-ға дейін артатынын айтты Дархан Закарин.

Сарапшы: «Саланы кәсіби емес мамандар тоқыратуда»

Алматыда Ауыл шаруашылығы институтының Орман шаруашылығы факультетінде білім алған, зейнет жасына дейін БҚО-ның орман шаруашылығы саласында инженер қызметін атқарған, қазіргі кезде «Батыс Қазақстан ормандары» қоғамдық қорының құрылтайшысы Абылғазы Шамиловтың пікірін тыңдадық. А.Шамилов БҚО-да ағаш отырғызу жұмысы 2016 жылы қабылданған Орман шаруашылығын ұйымдастыру және жүргізу жөніндегі қағидалары бойынша жүргізілу керектігін айтты. Өкінішке орай аталған қағида ескерілмегендіктен, Президент Қ.Кемелұлының екі миллиард ағаш көшетін отырғызу туралы бүкіл қазақстандықтың алдына қойған тапсырмасы орындалмай жатқаны жөнінде кезінде Премьер-министр Ә.Смайловтың өзіне екі рет айтқанын атап өтті.

Сарапшы тапсырманың орындалмауынан орман тұқым бақтарының сын көтермейтіндігін айтты. Олар бойынша түбегейлі реконструкция жасамайынша, ағаш өсіру бойынша жұмыс жанданбайды. Өйткені соңғы кезде тұқымбақтағы өсірген екпе көшеттері өте уақ, тамыр мойнындағы екпенің жуандығы немесе шыққан екпенің биіктігі стандартқа сай келмейді.

«БҚО бойынша отырғызылған ағаштардың жерсінуі 65%-ға дейін болуы керек. Спутник суреті арқылы зерттелген 5 миллион ағаштың 6,8%-ының жерсінуі қаражаттың желге ұшқанын көрсетеді. Шын мәнінде солай ма? Оны анықтау үшін ағаш отырғызылған жерлерді аралап, фактчекиң жүргізу керек. Тек тексерістен кейін не себептен шықпай қалғанын анық айтуға болады», – деді Абылғазы Шамилов.

Маман ағаш егу технологиясына тоқталды. 2016 жылғы негізгі қағидалар бойынша топырақ өңдеу, яғни жер жырту жұмысы екі кезеңнен тұруы қажет. Бірінші жылы белгіленген учаскені 30 cм дейінгі тереңдікте жырту керек. Екінші жылы 40 см тереңдікте топырақты аудармай жерді қайта жырту керек. Үшінші жылы алдымен жерді қопсытып, сосын барып ағаш отырғызады. Президенттің тапсырмасына дейін әр орман шаруашылығы 100 гектарға дейін тал-терек ексе, қазіргі кезде тапсырманы орындау үшін 500 гектарға дейін екпе ағаштары отырғызылып жатыр. Сол 500 гектар алқапты әрең жыртып үлгеріп жатқаны анық. Жоспарды орындау үшін көшеттерді 30 cантиметр тереңдікте егудің орнына 15-20 сантиметр тереңдікке отырғызады. Содан көшеттердің тамыры түгел көмілмей, жарты бөлігі жер бетінде ашық қалған соң, кеуіп, қурап кетеді.

Шамиловтың айтуынша, екпе көшеттері отырғызылып болған соң, күтіп-баптау жұмысын қола алған маңызды. Яғни егілген қатар арасындағы шөп бірнеше рет механикалық құралдар ақылы өңделуі керек. Бірақ бұл жұмыс мүлдем істелінбейді. Қоғамдық қор басшысы орман шаруашылығы құлдырауының негізгі себептерін айтты.

«Саланы кәсіби емес мамандар, яғни экс-аудан әкімдері немесе олардың орынбасарлары, тіпті болмаса басқа бір мекеме басшыларының басқаруы шаруашылықтың тоқырауына әкеліп соғуда. Орман шаруашылығы басқармасының басшысы ғана емес, олардың орынбасарлары да кәсіби маман емес. Олар орман жөнінде ештеңе білмесе, орман шаруашылығы қалай дамиды?

Осы мәселені көтеріп 02.07.2021 жылы БҚО әкімі болған Ғ.Есқалиевке хат жолдадық. 23.02.2024 жылы ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі Н. Нысанбаевқа, ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Н.Сарсенғалиевке ұсынысымызды жолдағанбыз. Ұсынысымыз ысырылып қалған сияқты. Әлі күнге дейін жауап жоқ», – деді Абылғазы Шамилов.

Қоғамдық комиссия неге дағдарып отыр?

2023 жылы БҚО мемлекеттік орман қоры аумағындағы ағаш отырғызу жұмысын тексеру жөніндегі арнайы комиссия құрылған. Жағдайдың мән-жайын білу үшін комиссия мүшесі, «Телегей» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Дәуренбек Сахымға сауал жолдаған болатынбыз.

«ҚР Мәжіліс депутаттары БҚОға келген кезде, ағаш отырғызу мәселесін көтерген болатынмын. Соның негізінде комиссия құрылды. Бірақ 2023 жылдың 4 желтоқсанында құрылған комиссия әлі де «Лесхоздар» және мемлекеттік инспекциядан ақпарат ала алмай отыр. Олар бізге ешқандай ақпарат бермейді. Бізбен бірлесіп жұмыс істемейді, тіпті байланысқа шықпайды.

Екі миллиард ағаш егу бағдарламасы бойынша біздің аймаққа 56 миллион ағаш егілуі керек. Қазір 21 миллион ағаш егілді деген ақпарат беріп жатыр.

Біздің басты мақсатымыз – егілген ағаштардың қазіргі жағдайын анықтау. Президент Тоқаев ағаштарды егеміз деп айтқан кезде, оларды өсіріп, климатқа жақсы әсер етуі керек екенін айтқан. Ағаштарды күтіп-баптауға қаражат бөлінуі керек екені түсінікті. Біз үшін ең маңыздысы – ағаштардың өсіп, миллиардтаған қаржы бөлінген бағдарламаның нәтиже көрсетуі», – деді Дәуренбек Сахым.

«Ағаш егу жоспарына үлгермей, асығыс отырғызған»

Мақала басында айтылған Амангелді ауылының маңындағы егілген ағаштарға оралайық. Ол ағаштардың тағдырын жауапты мекеме басшысынан сұрағанда «шөптің арасынан көрінбей тұрғанын, аталған жерге қайта барып бірге көру керектігін» айтты.

Орал орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі коммуналдық мемлекеттік мекемесінің директоры Қайрат Есенғалиев Орал орман шаруашылығына тиесілі «59Б» жер теліміндегі биіктігі 5-20 сантиметрлік көшеттерді көрсетті. 2023 жылдың көктемінде егілген ағаштардың механикалық тәсілмен жүзеге асырылғанын атап өтті. Бұл жерді Тасқала ауданы әкімдігі орман қорына ағаш егуге арнайы бөліп берген. Бұрын бір гектарға 1800 ағаш отырғызылса, енді жаңа жоспарға сәйкес 3333 тал болғанын айтты мекеме басшысы.

«Осы жерге отырғызылған ағаштардың барлығы тұқымбақта өсірілді. Көктемде жапырақтары шығып болғаннан кейін 2-3 күн үсік шалды. Температура минусқа түсіп, егілген ағаштардың 2/3 көлемін құрайтын шаған мен үйеңкі толықтай өспей қалды. Бұл жерге отырғызылған ағаштардың 1/3 бөлігі – қарағаш. Оны да толық өсіп кетті деп есептей алмаймыз, 70-80 пайызы өсті дегеннің өзінде барлық егілген ағаштың 20-25 пайызы жерсінді», – деді Қайрат Есенғалиев.

Маман жерсінудің төмен болуының бір себебі – топырақтағы ылғалдың аздығы екенін, екіншіден ауыл шаруашылық малының ағаш отырғызылған жерде жайылып, жас талдарды жеп кететінін айтты. Бұл күрделі мәселенің шешімі ретінде суару жүйесін орнату және ағаш егілген аумақтарды қоршау маңызды екенін атап өтті.

Ағаш егілген 7 қатарды 100 метрден жүріп өтіп, өсіп тұрғандарын санадық. 700 ағаштың тек 100-і жер бетіне шығып тұр, бұл қарағаштардың 14%-ның өсіп кеткенін көрсетеді. Егер қарағаштар жалпы егілген ағаштардың 1/3 бөлігін құраса, онда 633 270 түптің 5%-ы жерсінді деп айта аламыз. Алайда, бұл есеп тек 190 гектар аумақтың 0,2 гектарында жүргізілгенін ескеруіміз қажет.

Бізбен бірге Амангелдіге орман шаруашылығы саласының маманы Абылғазы Шамилов те барған болатын. Зейнет жасындағы инспектор ағаштың шықпай қалу себебінің бірі жердің тайыз жыртылғаны айтты. Үйеңкі мен шағанның тамыры ұзын әрі қатты болғандықтан тайыз жыртылған жерге енбей, өліп қалатынын да атап өтті. 2023 жылдың жазында жаңбырдың болмауы мен күннің ыстығы да ағаштың жерсінуіне әсер еткен болуы мүмкін.

-Жер дайындау технологиясы сақталу керек. Бірақ ағаш егу жоспары көп болғандықтан, үлгермей, асығыс отырғызып жіберген. Басында техника да болмады, оны да түсінуге болады. Бірақ өсіп кеткен талдар 25%-дан жоғары болса, оны қалдырып, қосымша жұмыстар жүргізілді. Ал 25%-дан төмен болса, оны есептен шығару керек. Ал қазір олай жасай алмайды. Сондықтан толық қайтадан егу керек, – дейді сарапшы.

Сапасыз атқарыла бастағасын бағдарлама мерзімі ұзартылған

Осы мәселе бойынша ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігіне жолдаған сауалымызға вице-министр Нұркен Шарбиев жауап берді. Шарбиевтің мәліметі бойынша, 2 миллиард ағаш отырғызу жөніндегі іс-шараларды орындаған кезде сапаға мән беру үшін Мемлекет басшысының бұл тапсырмасын орындау мерзімі 2027 жылдың соңына дейін ұзартылған. Осыған байланысты облыс әкімдіктерінің және министрліктің ведомстволық бағынысты ұйымдарының 2024 жылдан 2027 жылға дейін жүргізілетін орман дақылдары жұмысының көлемі қайта қаралатынын хабарлады. Жақын арада интерактивті картаға «өзектендірілген ормандарды молықтыру және ормандарды қалпына келтіру кешенді жоспары» енгізілетінін де айтып кетті.

Батыс Қазақстан облысында ағаш отырғызу бағдарламасының сәтсіз жүзеге асуының бірнеше себебі бар. Ағаштардың көбі дұрыс күтім жасалмағандықтан жерсінбей, қурап қалған. Мамандардың пікірінше, суару жүйесінің болмауы, егілген аумақтарды қоршамау және топырақ дайындау технологиясының сақталмауы – негізгі мәселелердің қатарында. Бұл проблемаларды шешу үшін бірнеше нақты қадамдар жасалуы қажет. Біріншіден, ағаш егілген жерлерді қоршау арқылы малдың жас ағаштарға зиян келтіруін болдырмау маңызды. Екіншіден, суару жүйесін пайдалану арқылы ағаштардың өсуіне қажетті ылғалды қамтамасыз ету керек. Үшіншіден, топырақ дайындау технологиясын толыққанды сақтап, ағаш тамырының дұрыс тереңдікте отырғызылуын қадағалау қажет.

ҚР Президенті Қ.Тоқаев: «Бұл бастама – халықаралық резонанс тудырған, шын мәнінде, ауқымды ұлттық жобаға айналады. Жүктеліп отырған міндет өте өзекті. Сондықтан оның санын көбейтумен айналыспай және көзбояушылыққа салмай дұрыс орындау керек», – деген еді. Алайда тапсырманы атқаруға жауапты мекемелер тек ағаштың отырғызылуына ғана мән берген сияқты.

Бұл бағдарламаның басты мақсаты – тек 2 миллиард ағаш егіп есеп беру емес, Қазақстанды көркейтетін 2 миллиард ағашты жайқалтып өсіру екенін жауапты адамдар түсінуі керек. Жоғарыда айтылған шараларды іске асыру арқылы ағаштардың жерсіну көрсеткішін жақсартып, бағдарламаға бөлінген қаражаттың тиімді жұмсалуына қол жеткізуге болады.

Біздің команда бұл мәселені назарда ұстап, зерттеулерді жалғастырады. Батыс Қазақстан облысында жүргізілген сараптаманы басқа облыстарда да іске асырамыз. Ағаш отырғызу бағдарламасының орындалу барысын толық зерттеп, нақты деректер мен нәтижелерге қол жеткізуге күш саламыз.

Материалға қатысты құжаттармен сілтеме бойынша танысуға болады.

Азамат Хамза, Динара Насыр

sarapshy.info

Әлеуметтік желілер арқылы бөлісуді ұмытпаңыз

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған