Close Menu
SARAPSHY.INFOSARAPSHY.INFO
  • Басты бет
  • Біздің сараптама
  • Саясат
  • Экономика
  • Фактчекинг
    • Уәде
  • Өте өзекті
  • Арнайы жобалар
  • Авторлар
Facebook X (Twitter) Instagram Telegram WhatsApp VKontakte YouTube TikTok RSS
  • Редакция жайлы
  • Жарнама
  • Редакция саясаты
    • Құпиялық саясаты
  • Бізге жаз
Facebook Instagram Telegram WhatsApp YouTube TikTok
SARAPSHY.INFOSARAPSHY.INFO
Жаңалықтарға жазылу
Жексенбі, 19 апреля
  • Басты бет
  • Біздің сараптама
  • Саясат
  • Экономика
  • Фактчекинг
    • Уәде
  • Өте өзекті
  • Арнайы жобалар
  • Авторлар
Facebook X (Twitter) Instagram Telegram WhatsApp VKontakte YouTube RSS
SARAPSHY.INFOSARAPSHY.INFO
  • Редакция жайлы
  • Жарнама
  • Редакция саясаты
  • Бізге жаз
Басты бет»Біздің сараптама»Атырау-Орал автожолын реконструкциялау 2030 жылға дейін шегерілді
Нұртай Текебаев Біздің сараптама 31/12/2025

Атырау-Орал автожолын реконструкциялау 2030 жылға дейін шегерілді

Бөлісу
Facebook Twitter LinkedIn Pinterest Email VKontakte Telegram WhatsApp Copy Link

Атырау мен Орал қалаларын байланыстыратын республикалық маңызы бар автожол — Батыс Қазақстан өңірі үшін стратегиялық бағыттың бірі. Бұл жол арқылы мұнайлы Атырау мен аграрлы Батыс Қазақстан облыстарына ғана емес, Ресейдің шекаралас аймақтарына қатынауға болады. Алайда кейінгі жылдары аталған жол ел ішінде ең көп сыналатын инфрақұрылым нысандарының біріне айналды. Атырау-Орал автожолының ұзындығы – 487 километр.

Реконструкция орнына орташа жөндеу

Тұрғындар Атырау-Орал республикалық автожолын жөндеу мәселесін бірнеше мәрте көтеріп келеді. Бірақ әлі күнге дейін нақты нәтиже жоқ. Облыстың бұрынғы әкімі Ғали Есқалиев жол жобасы пысықталып жатқанын, автожолды параллель екіге бөліп салу немесе автобан ретінде екі бағыттың дәл ортасын бөлу қарастырылып жатқанын мәлімдеп еді. Облыс әкімі болып тағайындалғанына үш жыл өткен Нариман Төреғалиевтің кезінде қалааралық жолдың жаңғырту бойынша нақты іс бастала қоймады. Биыл реконструкция емес, орта деңгейдегі жөндеу жұмысы жүргізілетіні (!) туралы ақпарат жарияланды.

«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Батыс Қазақстан облыстық филиалының Sarapshy.info редакциясына жолдаған хатында «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы бойынша KAZ12 «Атырау-Орал» автожолын қайтадан жаңғырту жоспарда болғанын хабарлады.

Ресми жауап:

«ҚР Үкіметінің 31.12.2019 жылғы № 1055 қаулысымен бекітілген «Нұрлы Жол» инфрақұрылымды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде республикалық маңызы бар KAZ12 «Атырау-Орал» автожолы I техникалық санатқа ауыстырылады және қайта жаңартылады, ол үшін бөлінген жолақ жол осінің екі жағынан 35 метр құрайды.

Автожол учаскелерін реконструкциялаудың жұмыс жобасы техникалық санаттағы I Б параметрлері бойынша жер төсемін сол жаққа, ал жекелеген учаскелерде оң жаққа қарай кеңейте отырып, дәстүрлі әдіспен әзірленеді.

Екінші жердің құрылысы төсемдер қолданыстағы жолдан 5-300 м қашықтықта көзделеді. Бұл ретте тосқауыл қоршауын орнату және уақытша айналма жол салу қажеттілігі алынып тасталынады. Жануарлардан қоршау орнату автожол учаскесінің бүкіл бойында көзделеді».

Қаражат тапшылығына байланысты жобалық-сметалық жоба аяқталған жоқ.

Ресми жауап:

«Бүгінгі таңда жобалық-сметалық құжаттаманың 60%-ы әзірленді. Шарт бойынша ЖСҚ әзірлеуді аяқтаудың бастапқы мерзімдері 2023 жылғы қазанға дейін болды, бірақ ҚР ИИДМ Вице-министрі А.Идырысовтың 2022 жылғы 14.09. №04-1-26/34032 хатының негізінде 2024 жылдан бастап «Мемсараптама» РМК қорытындысын кезең-кезеңімен алуды қамтамасыз ете отырып, реконструкциялау жобаларын аяқтау мерзімдерін кейінгі мерзімдерге ауыстыру қажеттігі туындады.

Бүгінгі таңда бюджет қаражатының тапшылығына байланысты осы автомобиль жолын жобалау уақытша тоқтатылды».

Компания дерегі бойынша биыл республикалық маңызы бар KAZ12 Атырау-Орал автомобиль жолының 180 шақырым бөлігін орташа жөндеу жүргізу жоспарға енген.

2025 жылы 189-249 шақырым (189 км – Атырау облысы шекарасы; 249 км – Ақжайық ауданының Алмалы ауылы) аралығында орташа жөндеу жұмысы басталды. Құрылыс-монтаж жұмысын «Айдана» ЖШС жүргізеді.

«Сондай-ақ 492-432 км және 432-372 км аралықтарында орташа жөндеуге арналған техникалық құжаттама әзірленіп, сараптамадан өтуде. Сараптаманың оң қорытындысы алынғаннан кейін конкурстық рәсімдер өткізіліп, мердігер мекеме анықталады және 2026 жылы құрылыс-монтаж жұмыстары басталады», – деп хабарлады компания.

«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Батыс Қазақстан облыстық филиалының маманы Бауыржан Сағиевтің айтуынша, алғашқы жоба бойынша тапсырыс беруші мердігермен жаз мезгілінде келісімшарт жасасқан.

– Биыл алпыс шақырымға жобалық-сметалық құжаттама жасақтадық, ведомстволық сараптамадан өткізіп, орташа жөндеу жұмысын бастадық. Мердігер «Айдана» ЖШС Атырау облысының шекарасынан Батыс Қазақстан облысындағы Алмалы ауылына дейін жол бөлігін жөндейді. Тамыз айында келісімшарт жасалынды. Соған сәйкес 8 млрд теңге қаражат қарастырылды.  Мобилизацияға бір ай уақыт берілді. Құрылыс компаниясы тек асфальттың  үш жарым шақырым төменгі қабатын салып үлгерді. Келесі жылы 57 шақырым бөлігін қолданысқа береді, – деді «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Батыс Қазақстан облыстық филиалының маманы Бауыржан Сағиев.

Оқыңыз: Орал-Атырау жолын экс-депутат Амирханянның компаниясы жөндейді

Бұған дейін атап өткеніміздей, екі ведомстволық сараптама әзірленуде:

  1. Оралдан Богатск елді мекеніне дейін;
  2. Богатск елді мекенінен Чапайға дейін.

Бауыржан Сағиев екі сараптама Астанада өткізілетінін айтты. Оның қорытындысы келесі жылы дайын болады.

– Реконструкция жұмысы жүргізілген кезде жобада міндетті түрде айналма жол салынуы тиіс. Тұрғындар мен техникалар қатынайды. Сол себепті орташа жөндеу жүргізілетін жол айналма жол болып қалады. Оның қасынан жаңа төрт жолақты жол салынады. Ескі жол бұзылмайды, – деді Бауыржан Сағиев.

Жол бойында қанша елді мекен бар?

«Қазавтожол» ұлттық компаниясының есебі бойынша республикалық маңызы бар Атырау-Орал автомобиль жолының (189-492 км) бойында 29 елді мекен бар.

Ал Батыс Қазақстан облысы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының дерегіне сүйенсек, Атырау-Орал автожолының облыстағы бөлігінде 27 елді мекен орналасқан. Оның ішінде 13 елді мекеннің кірме жолдарына асфальт бетон жабыны төселген. 2026-2030 жылдарға арналған облысты дамытудың жоспарына сәйкес қалған 14 елді мекеннің кіреберіс жолын жөндеу жұмысы аталған кезеңде қарастырылады.

Автожолдың экономикалық маңызы неде?

Республикалық маңызы бар Атырау-Орал автомобиль жолы – Атырау және БҚО үшін Ресеймен байланыстыратын логистикалық түйін. Бұл жол логистика саласындағы экономикалық өсімге қол жеткізуге, облыстың транзиттік жүк тасымалының артуына зор мүмкіндік береді.

«Орал-Атырау трассасы Батыс Қазақстан облысы үшін маңызды транзиттік және стратегиялық  дәліз болып табылады. Автожол облысты Атырау, Ақтау және Каспий порттарымен байланыстырып, халықаралық көлік бағыттарына шығуға мүмкіндік береді. Сонымен бірге Ресейдің бірнеше өңіріне тікелей шығатын транзит ағынын күшейтеді. Трасса облыстың экономикалық дамуына оң әсер етіп, жүк айналымын арттырады, логистикалық және өндірістік әлеуетті кеңейтеді. Инвестиция тартуға, шекаралық сауданы нығайтуға, халықтың мобильділігін арттыруға жағдай жасайды», – деп атап өтті БҚО автомобиль жолдары басқармасы.

Атырау-Орал жолының нашар күйі өңір экономикасына да тікелей әсер етуде. Бұл бағытпен мұнай сервистік компаниялардың техникасы, ауыл шаруашылығы өнімдері, жүк тасымалы, жолаушылар тасымалы жүзеге асады.

Жолдың сапасыздығы жүк тасымалдау уақытын ұзартып, логистикалық шығынды арттырады. Кәсіпкерлер қосалқы бөлшекке, жөндеуге кететін шығын көбейгенін айтады. Ал қарапайым тұрғындар үшін бұл жол — уақыт, қаржы және қауіпсіздік мәселесі.

Орал мен Атырау арасындағы автожол, Google карта
Трасса бойында кемпингтер жеткіліксіз – ІІМ дерегі

Оқырман назарына ҚР Ішкі істер министрлігінің мәліметін ұсынамыз. Министрлік есебінше Атырау-Орал тасжолында жылдамдық өлшеу бойынша 9 стационарлық камера орнатылған. 10 патрульдік камера күнделікті қызмет атқарады.

Атырау облысының аумағында республикалық маңызы бар «Атырау-Орал» автокөлік жолы 2006 жылы пайдалануға берілді. 2014 жылдан бастап автожолдың 5-189 шақырымдары аралығында әр телімде орташа жол жөндеу жұмысы жүргізілді.

2024-2025 жылдардың ішінде 5-189 шақырым (Атырау қаласы — Батыс Қазақстан облысы шекарасы) аралығында республикалық маңызы бар автомобиль жолдарына тұрақты қызмет көрсететін «ҚАЖ сервис» ЖШС мекемесі ішінара шұңқырларды жамаған.

«Республикалық маңызы бар «Атырау – Орал» автокөлік жолының бойында жүргізушілердің демалатын орындары (кемпинг), көліктерді қарайтын эстакадалар және дәретханалар орнатылмаған. Сондықтан бұзылған немесе түнгі уақытта дем алған кезде көлік жүргізушілері жолдың шетіне көлік құралдарын қоюға мәжбүр, ал бұл жағдай жол-көлік оқиғаларының болу қаупін арттырады», — деп мәлімдеді ведомство.

Министрлік дерегінше, Батыс Қазақстан облысының аумағында 3-санатқа жататын Атырау-Орал автокөлік жолы 2005 жылы пайдалануға берілген. 2025 жылдан бастап аталған автожолдың 189-249 шақырымдары аралығында орташа жол жөндеу жұмысын «Айдана ЖШС» мердігерлік компаниясы атқаратынын атап өткен. Осы облыста да «ҚАЖ сервис» ЖШС мекемесі ішінара шұңқырларды жамау жұмыстарын атқарды.

Әрбір екінші ЖКО адам өлімімен аяқталған

Атырау облысының полиция департаменті республикалық маңызы бар жолдың аталған өңір аумағындағы бөлігінде 2020-2024 жылдары 41 жол-көлік оқиғасы тіркелгенін хабарлады.

2021 жылы Атырау-Орал тас жолының 92 шақырымы тұсында ең ірі көлік апаты болып, 3 адам қаза тауып және 1 адам дене жарақатын алған.

«Облыстағы республикалық маңызы бар Атырау-Орал тас жолының жалпы ұзындығы 184 шақырымды (5-189 шақырым) құрайды. Атырау-Орал тас жолының жай-күйі нашар болғанымен, ЖКО-ға жиі себеп болатын апатты учаскелер анықталған жоқ. ЖКО бойынша үнемі талдау жүргізіліп отырады. Атырау-Орал тас жолын 4 жолақты, ені 15 метрден кем емес, ортасында бетонды бөлу жолағы бар 1-санаттағы жолға ауыстыру және  техникалық жағдайы туралы Атырау ПД ағымдағы жылы Атырау облысындағы жергілікті атқарушы әкімдерге және «ҚазАвтоЖол» ҰК АҚ-ға ұсыныс хаттар жолдады. Алайда қаражат көзінің жетіспеуіне байланысты кейінге қалдырылуда», – деп мәлімдеді ПД.

Он жылда 502 жол-көлік оқиғасы тіркелді – комитет

Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің есебі бойынша 2015-2025 жылдары 500-ден астам жол-көлік оқиғасы тіркелген.

Ескерту: комитет 2025 жылдың 11 айындағы деректі ұсынып отыр.

Халық «ажал трассасы» деп атап кеткен жолда мерт болғандар саны  көп. Он жылда көлік апаты салдарынан 242 адам өмірімен қоштасты. 876 адам әртүрлі дәрежедегі жарақат алды. Трассада жүргендер үшін 2024 жылды ең қауіпті жыл деп айтуға болады. Былтыр 144 адам жараланған. Ал 2021 жылы қаза болған адам саны көп – 34 адам.

Көлік жүргізушілері ережені ескермейді

Комитеттің талдауы бойынша көлік апатына 94% жағдайда жүргізушілер кінәлі деген қорытынды жасалынған. 2025 жылы былтырғы көрсеткішпен салыстырғанда жолда мал мен көлік соқтығысуынан болатын оқиға саны көбейді.

Оқыңыз: Автожолда абайлаңыз: қараусыз мал мәселесін қалай шешеміз?

Жол апатына қатысты тұрғындар пікірі екіге жарылады. Кейбірі жол инфрақұрылымын жасқарта алмаған билік органдары мен жолға жауапты компанияларды кінәласа, кейбірі көлік тізгінін ұстағандар ережені ескермейді деп есептейді.

Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің есебі бойынша бес жыл ішінде автожолдардағы ақау кесірінен 24 ЖКО болды. Әсіресе 2021 жылдағы факт көп, сол жылы адам өлімі көп болғанын айттық.

Он жылда 500-ден астам көлік апаты орын алса да, бірде-бір шенеунік Қылмыстық кодекске тартылмаған.

Оқыңыз: Орал тұрғыны автожолды уақтылы жөндемеген әкімдіктен көлік шығынын өндіріп алды
 «Қазавтожолға» да әкімшілік істер қозғалды

«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Батыс Қазақстан облыстық филиалы жол қауіпсіздігін сақтау мақсатында трассаны үздіксіз күтіп-ұстау жұмысы жүргізіліп жатқанын, жол белгілерін орнатқанын хабарлады.

Компания міндетіне мына қызмет кіреді:

  • ағымдағы жөндеу жұмысы;
  • жол жиегін нығайту және профильдеу;
  • жол белгілерін жуу;
  • жолдарды таңбалау;
  • жол жиегіндегі шөптерді шабу;
  • жол бойындағы және іргелес аймағын қоқыстардан тазалау;
  • аялдамаларды күнделікті тазалау;
  • қысқы кезенде қарды аршу,
  • көктайғаққа қарсы материалдар себу.

Ресми органдар ұлттық компанияның филиалдары әкімшілік жауапкершілікке тартылғанын мәлім етті.

«Биыл жолдарды уақтылы жөндемеген және күтіп ұстау жұмысын тиісті деңгейде жүргізбегені үшін «ҚазАвтоЖол» ҰК АҚ Атырау облысы филиалына ҚР ӘҚБтК-ның 631-бабымен 5 хаттама, «КАЖ сервис» ЖШС-на 631-бабы 1-бөлігімен 3 хаттама және 631-бабы 2-бөлігімен 1 хаттама толтырылды», – деп хабарлады Ішкі істер министрлігі.

Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеттің дерегі бойынша Атырау-Орал автокөлік жолын күтіп-ұстау талабын бұзғаны үшін «ҚазАвтоЖолға» бес жылда 46 әкімшілік іс қозғалды.

Заңсыз такси нарығы жолаушы қауіпсіздігіне әсер етеді

Атырау облысы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары  басқармасының басшысының міндетін атқарушы Н.Маратов заңсыз такси нарығы жол-көлік апатын жиілетіп отыр деп есептейді.

«Атырау облысында лицензиясыз такси қызметін көрсету мәселесі өңірдегі көлік нарығында өзекті проблемалардың бірі болып табылады. Соңғы жылдары халық санының артуы, жолаушылар тасымалына деген сұраныстың көбеюі және онлайн платформалар арқылы жұмыс істейтін жүргізушілердің көбеюі заңсыз такси көліктерінің үлесін өсірді. Бұл, бірінші кезекте, жолаушылар қауіпсіздігіне, көлік қызметінің сапасына және салықтық тәртіпке қатысты қауіп-қатерді күшейтеді», — деді басқарма өкілі.

Талдау нәтижелері көрсеткендей, лицензиясыз таксилердің басым бөлігі — тіркеусіз жеке тұлғалар, олардың көлік құралдарының техникалық жағдайы мен жүргізушілердің еңбек режимі ресми стандарттармен реттелмейді. Сондай-ақ олар қызметін келісімшарт негізінде жүзеге асырмайды. Жолаушы тасымалдаудың бірыңғай ережелеріне бағына бермейді.

Заңсыз тасымалға итермелейтін негізгі факторлар:
  •    ресми таксопарктерге бірігудің төмен деңгейі;
  •    рұқсат құжаттарын алу рәсімдерінің күрделілігі туралы қоғамдық пікір;
  •    жолаушылар тарапынан арзан тасымал қызметіне сұраныс;
  •    онлайн платформалар арқылы бақылаусыз жұмыс істеу.

2025 жылдың сәуір айы, Атырау облысы, Махамбет ауданы
«Көлік жүргізушілерін кінәлай беруге болмайды»

Батыс Қазақстан облысында жеке көлігімен жолаушы тасымалдайтын Жандос Әмірғали биліктің салғырттығы жол сапасына әсер етіп отыр деп есептейді.

«Чапайдан шыққаннан кейін Индерге дейін жол өте нашар. Томпақ пен Тайпақ, Чапай мен Ілбішін арасы шұрық тесік. Қазаншұңқырлар көп. Адам өміріне өте қауіпті. Оған тап болсаң, мәшинеңнің дөңгелегі шұңқыр ішінде қалып қоюы ғажап емес», — деп қынжылды Қаратөбе ауданының тұрғыны Жандос Әмірғали.

Оқыңыз: БҚО-да сапалы жол салуға не кедергі?

Оралдан шыққан көліктердің барлығы дерлік Индер ауданы арқылы жүреді. Яки автожол ортасына келгенде көліктер көпір арқылы Жайықтың екінші бетіне ауысады. Автокөліктерді Жайықтың сол жағында параллель жатқан Индер-Атырау жолы «құтқарып қалады» десек, қателеспейміз.

«Егер Индерден ары қарай, Махамбет ауданы арқылы Атырауға тіке тартсаң, көлігіңді қиратасың. Атырауды басқарып отырған әкім Серік Шәпкеновті танимын. Жерлесім. Қаратөбе ауданының тумасы. Менен жасы кіші. Бірақ осы әкімнің Индер мен Махамбет арасындағы жолда шаруасы жоқ секілді. Атырауға қарай жол бойында қаншама округ бар?! Жол қатынасы туралы шенеуніктер ойлай бермейді», – деді көлік жүргізші.

Таксистің пікірінше, Орал мен Чапай арасындағы автожолдың сапасы да көңіл көншітпейді. Қаладан шыққан бағытты есепке алғанда, трассаның оң жақ бөлігінде шұңқыр көп. Тәжірибелі жүргізушілер ол шұңқырлардан қалай айналып өтуге болатынын біледі. Сондықтан көліктер жүріп келе жатқанда, автожолдың орта тұсына қарай ығысып отырады. Ал мұның маневрға өте ыңғайсыз екені, көліктердің соқтығысуына себеп болатын қауіпті фактордың мейлінше көбеюіне әсер ететіні белгілі.

«Жолаушы тасымалымен шұғылданғаныма 15 жыл болды. Атырау мен Орал арасында жол жоқ деп үзілді-кесілді айта аламын. Лекерге келетіні – Орал қаласы мен Чапай ауылы орталығы. ЖКО кезінде көбінесе «Көлік иелері рөлге ие бола алмады» деген себепті алға тартады. Бірақ жол сапасының нашар екені, көліктердің шұңқырлардан қашуға мәжбүр болатыны, көктайғақ кезінде құм-тұз қоспасы себілмейтіні, жолды күтетін компаниялардың көзбояушылыққа баратыны туралы айтыла бермейді», – деді Жандос Әмірғали.

«Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» РМК БҚО филиалы мәліметі бойынша 2025 жылы автожолдардан 1539 сынама алынып, оның 564-і талапқа сай емес екенін анықтады. Орталық мамандары 233 бұзушылықты тіркеді.

Жедел жәрдем көліктері қаншалықты үлгеріп жүр?

Тас жол бойында көліктер қақтығысы жиі болады. Осы кезде жедел жәрдем бригадаларының жедел қимылдауы үлкен рөл атқаратыны анық.

БҚО денсаулық сақтау басқармасының мәліметі бойынша кейінгі бес жылда Атырау-Орал республикалық трассасында болған жол-көлік оқиғалары кезінде апат болған жерге жедел жәрдем көлігінің орташа жету уақыты 5-40 минутты құрады.

ЖКО-ның трассаның қай шақырымында орын алуына байланысты ауылдық елді мекендерден түскен шақыртуларға қызмет көрсету үшін облыстық жедел медициналық жәрдем станциясы аудандық кіші станциясының диспетчері жақын жердегі медициналық ұйымдардың мамандары мен санитариялық автокөлікті тартады.

ЖИ көмегімен жасалған коллаж

Қазақстанда шалғайда болатын апат орындарына бригаданың жету уақытына қатысты  арнайы нормативтер белгіленбеген. Агенттік сауалына жауап берген басқарма маманы елді мекен немесе медициналық көмек көрсету орындарының қаншалықты алшақ орналасқаны белгісіз болуына байланысты деп түсіндірді.

Атырау-Орал тас жолында Ақжайық аудандық ауруханасынан – 1 бригада, Тайпақ ауылдық ауруханасынан – 1 бригада, трасса бойындағы елді мекендердегі дәрігерлік амбулаториялардан – 6 бригада, облыстық жедел медициналық жәрдем станциясынан 26 бригада қызмет көрсетеді.

«Жедел жәрдем бригадалары жеткілікті болғандықтан оқиға орнына жету мерзімі ұзарып кеткен жағдайлар тіркелген жоқ. Апат болған жерге жақын орналасқан елді мекеннің медициналық мекемесінен бригада жолданады. Облыстық жедел жәрдем бригадасының құрамында 2 фельдшер, 1 парамедик-жүргізуші бар. Трасса бойындағы медициналық мекеме бригадаларының құрамында дәрігер, фельдшер және медбикелер қызмет етеді. Апат кезінде алғашқы медициналық көмекті көрсететін маманданған қызметкерлер саны жеткілікті», — деп хабарлады салалық басқарма.

Оқыңыз: Шалғайдағы аурухана: ауылдағы «жедел жәрдемге» неге сенім жоқ?

Орал-Атырау тас жолындағы ЖКО-ға түскен шақырту бойынша тіркелген адамдар саны:

2021 жылы – 91 адам,

2022 жылы — 62 адам,

2023 жылы — 43 адам,

2024 жылы — 87 адам,

2025 жылғы 11 айда  73 адам жарақат алды.

Басқарма мәліметіне сәйкес 2021-2025 жылдар ішінде 102 адам ауруханаға жатқызылды, олардың 66-сы ауыр жағдайда болды. Ауруханада көз жұмған науқас саны – 6. Ал төрт науқас жарақатының ауырылығына байланысты мекемеге жеткенше көз жұмды.

«Өлім-жітімге алып келетін негізгі себептер бірнеше жарақаттың болуы (политравма), травматикалық шок, тірі қалуға мүмкіндік бермейтін жарақаттар (травмы несовместимые с жизнью) болып табылады», – делінген басқарма жауабында.

Жаңғырту жобасы бірнеше жылға шегерілді

Көлік министрлігі трассаны қайтадан салу жобасы бес жылдан кейін қолға алынатынын мәлімдеді.

«Атырау-Орал» бағытындағы республикалық маңызға ие тасжолына толыққанды қайта жаңарту бойынша жұмыстар жүргізу және жолды бірнеше жолаққа кеңейту жұмыстары қазіргі уақытта жоспарланбаған, мұндай ауқымды жоба 2030 жылдан кейін ғана қарастырылуы мүмкін. Қазіргі міндет – қолданыстағы жолдың жағдайын жақсарту, нормативтік талаптарды сақтау және қозғалыс қауіпсіздігін арттыру.

Осы мақсатта 364 шақырымдық орташа жөндеу жобасы жүзеге асырылуда: Атырау облысында 5-189 км аралығындағы 184 шақырым, ал Батыс Қазақстан облысында 180 шақырым жол жөнделмек. 189-249 км учаскеде нақты жұмыс басталды, 372-492 км бөлігінде жөндеу жұмысы жоспарланып жатыр», — деп хабарлады министрлік.

Орташа жөндеу аясында Атырау-Орал автожолында жол қауіпсіздігін арттыру үшін қауіпті учаскелерді қайта жоспарлау, жол жиегін нығайту, көріну аймақтарын кеңейту, қоршаулар орнату, су өткізу жүйелерін ретке келтіру және малмен соқтығысу қаупін азайтуға арналған инженерлік шаралар жүзеге асырылады.

«Автожол бойындағы бірнеше елді мекенде – Атырау облысының Махамбет, Индер аудандары және Батыс Қазақстан облысының Ақжайық, Бәйтерек аудандарында – жаяу жүргіншілер өткелдері, жарықтандыру, жол белгілері, жол жиегі және басқа да инфрақұрылымдық шаралар кезең-кезеңімен жүзеге асырылады, бұл жол сапасын жақсартып, үздіксіз, әрі қауіпсіз қозғалысты қамтамасыз етеді», – деп хабарлады ведомство.

2030 жылға дейін орташа жөндеу, одан кейін реконструкция

Атырау-Орал жолына қанша қаражат жұмсалады?

Жауабы беймәлім сұрақтар:

Атырау-Орал жолының жайы халыққа зары өткен, толғауы жеткен түйінің бірі. Реконструкция жобасының беймәлім мерзімге жылжуы тұрғындар үмітін үзетін түрі бар. Неге үкімет мембағдарламада көзделген жобаны дер кезінде орындамады?

Атырау-Орал жолында ЖКО себептері айқындайтын кешенді зерттеу жұмысы жоқ. Мәселен, трассаның «қауіпті учаскелері» туралы жол картасы жасақталмаған. Бірнеше салалық органдар мен оларға қарасты мекемелердің бірде-бірі бұл туралы дерек ұсынбады.

Атырау-Орал бағытында жолаушы тасымалдаумен айналысатын Alphard, Sienna, HiAce, Sprinter, Starex секілді көліктерді ІІМ қандай тәртіппен бақылайды? Олардың лицензиясы мен рұқсат құжаттары қаншалықты тексеріледі? Бұл бағытта ресми деректер түзілмеген.

Жол бойындағы жедел жәрдем бригадаларына қатысты сауал көп. БҚО денсаулық сақтау басқармасы оқиға орнына жету уақыты 40 минутқа дейін созылатынын хабарлады. Бұл цифрдың өзі көп жайтты аңғартады.

Жолды күтіп ұстайтын компаниялар туралы нақты дерек жоқ. Міндетін атқармайтын мердігер туралы ақпараттар аз. Республикалық автожолдарға жауапты оператор — «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы әсіресе қысқы кезеңде жолды күтіп-ұстау шарасы туралы мәліметтерді жиі жариялауы керек еді.

Батыс Қазақстан облысы мен Атырау облысы – ірі мұнай-газ конденсаттары орналасқан экономикалық аймақ. Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі ауқымында неге ірі компаниялар жолды жаңғырту жобасына қаражат құймайды? Sarapshy.info-ның екі өңірдің әкіміне жолдаған сауалдарына нақты жауап берілген жоқ. Әкімдіктердің қарамағындағы басқармаларға ресми хатты ысыра салғанынан жол тағдыры аса толғандыра қоймайтыны байқалады.

Ең бастысы, Атырау-Орал жолына бюджеттен бөлінетін қаражаттың бірнеше есе көбейетіні белгілі болды. Сонда 60% жасақталған жобалық-сметалық құжаттаманың мерзімі өтіп кететіні мәлім. Келесі бесжылдықта оған қанша қаражат бөлінеді? Орташа жөндеу жобасы бойынша бір учаскеге 8 млрд теңге жұмсалатын болса, орасан қаражат тендер арқылы кімдерге жылыстайын деп тұр?

 

Автор

  • Нұртай Текебаев

    Нұртай Текебаев - 2013-2015 жылдары аудандық «Шұғыла» газетінің тілшісі, 2015 жылдан бастап облыстық қоғамдық-саяси «Орал өңірі» газеті редакциясының тілшісі, арнаулы тілшісі, бөлім басшысы, бас редактордың орынбасары, республикалық kursiv.media, durbi.kz сайттарының тілшісі болды.
    2021-2023 жылдары «Sarapshy.info» сараптамалық ақпараттық агентігінің шеф-редакторы, 2024 жылдан бас редакторы қызметін атқарады.

    Барлығын қарау
Басты ақпарат
Бөлісу Facebook Twitter Pinterest LinkedIn Tumblr Email VKontakte Telegram WhatsApp Copy Link

Оқи отырыңыз...

жаңалық

Ресейдегі порттағы жаппай төбелестен кейін Қазақстан азаматтары қамауға алынды

30/03/2026
жаңалық

БҚО-да жасөспірім қызды зорлау ісіне байланысты тергеу жүргізілген шенеунік қайтыс болды

18/03/2026
Біздің сараптама

Қандастарға көші-қон саясаты қаншалықты тиімді?

28/02/2026

Жаңа мақалалар

БҚО-да жүрек ауруына шалдыққандар саны 4000-нан асты

жаңалық 09/04/2026

Алматыда көлік апатына кінәлі деп танылған күдікті абақтыға қамалды

жаңалық 07/04/2026

Биыл БҚО-да үй кезегінде тұрғандарға 776 пәтер беріледі

жаңалық 01/04/2026

БҚО-да балалар отырған автобус апатқа ұшырады

жаңалық 31/03/2026

Оралда алаяқтықпен тапқан ақшаны дропперлер арқылы айырбастамақ болған топ ұсталды

жаңалық 31/03/2026
Сайт мұрағаты
Сәуір 2026
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
27282930  
« Мар    
Advertisement

Сайт материалдарын пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті.
Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

ҚР Ақпарат және Қоғамдық даму министрлігі Ақпарат комитетінің №KZ30VPY00040617 куәлігі берілген.

Поштамыз: sarapshy.info@gmail.com

Facebook Instagram YouTube WhatsApp TikTok Telegram

Соңғы жаңалықтар

БҚО-да жүрек ауруына шалдыққандар саны 4000-нан асты

09/04/2026

Алматыда көлік апатына кінәлі деп танылған күдікті абақтыға қамалды

07/04/2026

Биыл БҚО-да үй кезегінде тұрғандарға 776 пәтер беріледі

01/04/2026

Sarapshy.info-ға жазыламын

Сараптамалар мен шолуларды тұрақты оқимын десеңіз

© 2021- 2026 «Медиа білім» қоғамдық қоры. Авторлық және жанама құқықтар толық сақталған.

Іздеу үшін Enter пернесін басыңыз. Бас тарту үшін Esc пернесін басыңыз.