Бәйтерек ауданының тұрғыны Ділбар Өтепбергенова Қарақалпақстаннан келгеніне 20 жылдан асқан. Оралман мәртебесін алып, аудан орталығы Переметный ауылына тұрақтаған. Қандаспен тілдескен кезімізде қалай сіңісіп кеткенін қысқа ғана әңгімеледі.
Қарақалпақстан Республикасының Қоңырат деген ауданында тұрдық. Жұбайымның есімі – Мұхамеджан. Қазақстанға үш баламен келдік. Пойызбен жеттік. Квоталар бөлген кезде Оралды таңдадық. Бізге ұнады. Алғашқы кезде қиналғанымыз рас. Тіпті көзімізге жас келіп, кері ораламын деген күндер де болды. Одан кейін мал басын құрай бастадық. Осында келген соң, тағы екі балам дүниеге келді, – дейді Ділбар Өтепбергенова.
– Қарақалпақстаннан елге келгісі келетіндер бар ма?
Бар, әрине. Бірақ қазіргі уақытта квота тоқтап қалғаннан кейін, қоныс аудару қиын. Ол жақта сом, мына жақта теңге. Сомды теңгеге шаққанда, едәуір құнсызданады. Үйін сатқанымен, оның пұлына Қазақстаннан баспана ала алмайды.
Ділбар отбасымен келгенде, Қазақстаннан үй алу үшін мемлекет біржолғы көтермеақы берген. Ауылға орналасқан соң мемлекеттік бағдарламаларға қатыса бастайды. Табысы аз отбасыларға арналған «Өрлеу» бағдарламасы бойынша құжат тапсырып, сауын сиыр алды. Бұдан кейін қайтарымсыз грант алып, 500 мың теңгеге екі ірі қара сатып алды.
Қанша дегенмен кіндік кескен жерінен жырақтаған соң, тіршілік түйісігі табыс табуға жетелемей қоймайды ғой. Оралман отбасы мал басын көбейтіп, аз-кем уақытта еңсе көтереді. Аудан орталығынан азық-түлік дүкенін ашады.
Көші-қон статистикасы
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметі бойынша Тәуелсіздік алғалы 1 млн 168,2 мың қандас елге оралған. Жыл басынан бері 3335 адам шетелден қоныс аударды.
Қандастарды қабылдау квотасы қарастырылатын өңірлер:
- Ақмола,
- Абай,
- Қостанай,
- Павлодар,
- Атырау,
- Батыс,
- Шығыс және Солтүстік Қазақстан облыстары.
Алғашқы екі айдың қорытындысы бойынша өңірлерге 569 кісі келді. Биыл өңірлерге баратын 2 281 адамға квота берілді.
Батыс Қазақстан облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мәліметі бойынша 1993-2026 жылдары 4562 отбасы, яғни 18 458 адам қандас мәртебесін алды. Олардың дені Ақжайық, Бөрлі, Бәйтерек, Теректі, Тасқала аудандары мен Орал қаласына орналасты.

2025 жылы облыста 47 адамға қандас мәртебесі берілді. Оның ішінде 10 адамның қандас мәртебесі мерзімі ұзартылды. Еңбекке жарамды 33 қандас тұрақты жұмысқа орналасты. Солардың қатарында 9 адам жоғары, 24 кісі орта кәсіптік білім алған. Ресейден 34, Өзбекстаннан 8 қандас келген. Бір қызығы, Иран, Йордания және Египеттен бір-бір қазақ отанына оралды.

Этникалық қазақ – шетелдік немесе азаматтығы жоқ ұлты қазақ адам.
Қандас – бұрын Қазақстан Республикасының азаматтығында болмаған, тарихи отанына келген және белгіленген тәртіппен тиісті мәртебе алған этникалық қазақ және (немесе) оның қазақ ұлты отбасының мүшелері
«Халықтың көші-қоны туралы» заңы
Қандастар көші баяулады
Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы жұмыспен қамту және көші-қон бөлімінің бас маманы Ерболат Сағыновтың айтуынша, 2010 жылдан кейін өңірге келетін қандастар саны сиреген.
Статистика ақпаратына үңілсек, 2022 жылы шекара арқылы 5000 этникалық қазақ өткен. Сол жылы 322 адам өңірде қандас мәртебесіне ие болды. Кейінгі бесжылдықта ең көп тіркелген көрсеткіш — осы. Оның себебін төрт жыл бұрын Ресейдің Украинаға қарсы соғыс ашып, бірден көші-қон ағынының көбейгенінен де іздеуге болатын шығар. Бір жағынан біздің облыс – транзиттік аймақтың бірі.

«Қазтестен» өту міндетті
Айта кетейік, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, Ішкі істер министрлігі, Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі 2026 жылдың 30 қаңтарында бірлескен бұйрықты қабылдады. Соған сәйкес «Шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға Қазақстан Республикасында тұрақты тұруға рұқсат беру», «Қандас мәртебесін беру және ұзарту» мемлекеттік қызметі бойынша пилоттық жоба іске қосылды.
– Аталған министрліктердің №41, №60, №47 бұйрықтары бойынша қандас мәртебесі бес жылға дейін ұзартылды. Бұған дейін қолданыстағы заң бойынша бір жыл болды. Қандас мәртебесін беру үдерісі өзгерді. Алдымен, қазақ тілінен («Қазтест») тест тапсыруы қажет. Егер «А» және «А1» деңгейінде тілді меңгергенін дәлелдесе, одан кейін әңгімелесуден өтіп, құқық қорғау құрылымдарына құжат тапсыру қажет. Тиісті органдар рұқсат берген жағдайда отыз күн ішінде өтінішін қараймыз. Ең соңында комиссия шешім шығарады, – деп түсіндірді басқарманың бас маманы Ерболат Сағынов.
Бағдарлама бұрынғыдай емес
2004 жылы Өзбекстаннан көшіп келген Нұрәділ Алдаров бірден қоғамдық жұмысқа белсене араласқан. Жігіт ағасы оралман қауымға көмектесуді азаматтық мұраты деп түсінгенін айтты. Еті тірі, ширақ азамат көп ұзамай шаруа қожалығын ашты. Оған қоса аударма орталығын да іске қосты.
– Алдымен қыркүйек айында зайыбым мен екі баламды жібердім. Өзім үйімді сатқан соң, қазан айында елге келдім. Бір жылдан кейін азаматтық алдым. Сол кезде Үкімет 550 мың теңге берді. Қыруар ақша ғой нарық есебімен.
2006 жылдан бастап оралмандарға көмектесу үшін қоғамдық жұмысқа араласа бастадым. Осы жақта нағашыларым тұратын. Бұрыннан араласатын адамдарым бар. Мекемелердің қайда орналасқанын жақсы білемін. Сол себепті шеттен келген қандастарға жол көрсетіп, бағыт-бағдар сілтеп, құжаттарын рәсімдеуге жәрдем бере бастадым, – деді Нұрәділ Абатұлы.
Сол жылдары «БҚО оралмандары» қоғамдық бірлестігі жұмыс істеген. Нұрәділ Алдаров аталған бірлестік төрағасының орынбасары болды. Бірнеше жыл өткен соң бірлестік төрағасы Жәңгір Ахметзада Астанаға көшкен. Одан кейін Нұрәділ Алдаров республикалық бірлестік жанынан ашылған «Отандастар» сервистік орталығына жетекшілік етті.
– Алғашқы кезде мемлекет үлкен қолдау көрсететін еді. Әр отбасыға, әр жанұя мүшесіне квота ұсынатын. Қандастардың көшіп келу шығынын өтейтін. Жер телімін беретін. Одан кейін бағдарлама тоқтап қалды. Қазіргі уақытта әкімдіктер ұсынатын көмек әркелкі. Шекарада орналасқан ауылдарға барған жағдайда жақсы жәрдем береді, – деді Нұрәділ Алдаров.
БҚО-ға қандастар неге тұрақтамайды?
Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы жұмыспен қамту және көші-қон бөлімінің бас маманы Ерболат Тілекқабылұлы қандастар Батыс өңірде Оралға көп тұрақтай бермейтінін айтты. Көбі көршілес Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау облыстарын таңдайды екен. Қандастардың дені оңтүстік өңірге шоғырланады.
Қазақ көшіне жанашыр азамат Нұрәділ Алдаровтың айтуынша, шеттен келетін қазақтардың аймақты таңдауы әртүрлі факторларға байланысты.
Біріншіден, ауа райына байланысты. Оңтүстікке қарағанда Батыста күн салқындау. Екіншіден, тума-туысы тұратын аймаққа баруға тырысады. Үшіншіден, қандастар саудаға бейім келеді. Ал қай өңірдің сауда қазаны қайнап жататыны мәлім. Төртіншіден, жұмыс табудың қиындығы, төмен жалақы төленетін жұмыс орындарының болуы қандастар таңдауына әсер етеді.
Нұрәділ Алдаров ауыл-аймақты дамытып, жұмыс орындарын ашуға көңіл бөлу керек деп есептейді. Егер ауылдарда өндіріс орындары көбейсе, қандастардың көшіп келуге ықылас-пейілі артатыны сөзсіз. Осы тұста атқамінерлерің, әкімқаралардың қолдау көрсетуі де зор рөл атқаратынын да атап өткен жөн.
– Облыс басшысы Нариман Төреғалиев 2012-2015 жылдары Ақжайық ауданының әкімі болған кезде қандастарға қолұшын бергені есімде. Одан бұрын облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасын басқарды. Тәжірибе бар. Содан ауданға әкім болған кезде қандастарды қоныстаныру үшін Чапаев ауылынан үй салуға 100 жер телімін бөліп берді. Барлық учаскеге инфрақұрылым желісі тартылды.
Одан бұрын мұндай тәжірибе қолға алынып, іске аспай қалған еді. 2010 жылы Бәйтерек ауданының Жаңатаң ауылында 100 үй салу жоспарда болды. Ол кезде «БҚО оралмандары» қоғамдық бірлестігі бар. Жаңатаңға қандастарды орналастыруды ойластырдық. Жобаға Үкімет 500 млн теңге бөлді. Бірақ 2011 жылы облыста су тасқыны болып, баспана салынбай қалды, – деп еске алды Нұрәділ Абатұлы.
Қандастарға насихат кемшін
Облыстық-тарихи өлкетану музейінің директоры, заңгер Жантас Сафуллин қандастарды өңірде қоныстандыру үшін насихат жұмысын күшейту керек деп есептейді. Үкімет қаулысымен этникалық қазақтарды қабылдайтын облыстар қатарына БҚО да енгізілді. Алайда осы облыста 2016 жылдан бері квота беру тоқтап қалған.
Жантас Набиоллаұлы былтыр «Отандастар» КЕАҚ БҚО бойынша фронт-офисінің сарапшысы болып қызмет атқарды. Белсенді азамат қор өкілі болмай тұрып, қандастарға квота беру бастамасын көтергенін айтты.
– Квота қаражаты бұрынғы кезде республикалық бюджеттен бөлінді. Қазіргі уақытта жергілікті бюджеттен қарастырылады. Облыс әкімі, басқа да мекеме басшыларымен кездесіп, мән-жайды түсіндірдім.
2025 жылы Еңбек министрлігінің келісімімен облыс әкімдігі бес отбасыға, яғни 30 адамға квота қаражатын бөлді. Өкінішке қарай, қандастарды үгіттеу, көшіріп алып келу ісі жолға қойылмағандықтан, квота қаражаты игерілмей қалды.
Биыл да қандастарға квота бөлініп отыр. Шетелдегі қазақтарға осы жөнінде кеңінен айтып, өңір ерекшелігін, сұлу табиғатын, елді мекендері өмір сүруге қолайлы екенін насихаттауымыз керек. Ең болмаса, бес отбасын көшіріп алсақ, жыл сайын квотаны көбейтуге болады, – деді Жантас Набиоллаұлы.
Қандастарға арналған квота:
- Квота бойынша көшіп келген отбасының әр мүшесіне 70 АЕК (302,8 мың теңге) көлемінде қаражат беріледі.
- Бір жыл бойы пәтер жалдауға және коммуналдық төлемін өтеуге 15-30 АЕК аралығында (64,9-ден 129,8 мың теңгеге дейін) ақша бөлінеді.
- Ұтқырлық сертификаты: Қазақстанға көшіп келген жағдайда сатып алатын үй бағасының 50%-ын Үкімет өтеп береді.
- Кәсіп бастау үшін 1 400 000 теңгеге дейін қайтарымсыз грант ала алады.
- Ипотекалық үй алу үшін бастапқы жарнаны төлеуге арналған сертификат беріледі.
Қытайдан келетін қазақтың саны көбейді
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жыл басынан бері Қазақстанға 3300-ден астам қандастың келгенін хабарлады.
Қазақстанға келген қандастар:
- Қытайдан – 47,8%,
- Өзбекстаннан – 43,6% ,
- Түрікменстаннан – 2,7%,
- Ресейден – 2%,
- Монғолиядан – 2,2%.
Бірінші кредиттік бюроның Data Hub арнасының талдауынша, былтыр Қытайдан көшіп келгендердің саны 29%-ға көбейді. Ал Ресейден келетін иммигранттар саны бір жылда 41%-ға азайды.
Бюрократия бүйірден қысады
Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының Алматы филиалының басшысы, ақын Мұратхан Шоқан қандастарды қабылдауға қатысты талаптың күшейгені көші-қон саясатына әсер етеді деп алаңдайды.
«Сыртта қалған қазақ – жай статистика емес, ол – тағдыр. Миллиондаған қандастардың туысы, бауыры әлі де шекара сыртында, атажұртқа аңсары ауып отыр. Осындай кезде Қазақстан азаматтығын алу үшін қазақтарға тест тапсыруды міндеттеу – ақылға қонбайтын талап.
Шетелдегі ағайынның жағдайын ескерейік: жасы үлкені бар, кішісі бар – онлайн тестілеуге дайын емес. Ортақ жүйе жоқ, кириллицаны танымайды, тілді білгенімен, қаріпті оқи алмайды. Соның салдарынан қарапайым рәсім олар үшін алынбас қамалға айналуда. Ал осы әлсіздікті пайдаланған делдалдар қалтасын қампайтумен әлек.
Бұл – тек бюрократиялық мәселе емес. Бұл – сенім мәселесі. Жуырда Астанада өткен дөңгелек үстелде де осы түйткілдер ашық айтылды. Өкінішке қарай, көші-қон саласындағы кейбір ережелер көштің баяулауына ғана емес, елге келген қандастардың көңіліне сызат түсіруге себеп болып отыр», – деді Мұратхан Шоқан.
Филиал басшысы билік шетелдегі қазақ мүддесін қорғау үшін батыл қимылдауы керек деп есептейді. Оған қоса қандастарды белгілі бір өңірлерде қоныстандыруды сарапқа салған жөн деп санайды.
«Мемлекеттің қандастарды сегіз өңірге орналастырып, қаржылай қолдау көрсетуі – құптарлық іс. Бірақ бәрін бір өлшемге салу дұрыс емес. Өз күнін өзі көре алатын азаматтарға таңдау еркіндігі берілуі тиіс. Олар қай өңірге барса да, азаматтық алуына кедергі болмауы керек. Бұл – әділет. Бұл – құқық. Бұл – мемлекет деңгейінің көрсеткіші».
Сұқбат:
«Қандастарға тест тапсыруды міндеттеу – ақылға қонбайтын талап»
Жантас Сафуллин, заңгер:
– Қандастарға арналған талапты күшейту жөнінде бұйрық қабылданды. Шетелдегі қазақтарға өзінің қоныс аударатын елінен «көшіп кетуіне қарсы еместігі жөнінде» белгілі бір мекеме басшысының қолы мен мөрі қойылған анықтама алып келуді сұраған. Қазақстанда ғана емес, басқа мемлекеттерде мұндай құжат берілмейді екен. Ең болмаса, сол елдегі Қазақстан Елшілігінен осындай қағаз алып келуді ұсынған. Мұның елеулі қиындық тудырып жатқанын айтып жатқан отандастарымыз бар. Одан бөлек шетелден енді келіп жатқан қазақтардың тіл біліктілігі жөнінен тестен өте алмай қалуы – психологиялық соққы алуына, күйзеліске ұшырауына сеп болуы мүмкін.
P.S. Тағдыр теперішінде қазақтар жер жүзіне тарыдай шашылып кетті. Әртүрлі дерек бойынша шетелдерде тұратын қазақтардың саны 4 миллионнан 8 миллионға дейін ауытқиды.
2022 жылы БҰҰ көші-қон агенттігінің қолдауымен «Диаспорамен өзара іс-қимыл жасау үшін Қазақстандағы тиісті саясат пен институттарға қатысты талдау және ұсынымдар» атты зерттеу еңбегі жарияланған. Осы материалда диаспорамен өзара іс-қимыл стратегиясын құру әлі кемшін екені жазылған.
«Қазақстанда әртүрлі елдердегі диаспоралардың саны, орналасқан жері және қолда бар дағдылары туралы нақты деректер жоқ. Диаспорамен жұмыс істеудің мақсатты стратегиясын әзірлеу үшін әлемнің әртүрлі елдеріндегі диаспораны, мүмкіндігінше профильдері туралы, картаға түсіруді және көбірек жүргізу қажет», — делінген талдауда.
Қазақстанда тікелей көші-қон саясатымен айналысатын агенттік болды. Одан кейін осы агенттік Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің құрамына енді. Бертін келе осы мекеме мен оның өңірлердегі құрылымдық бөлімшелері түгелімен таратылды. Бұл қандастар мәселесін шешуге кері әсер етті. Сондықтан Қазақстан билігі шетелдегі қазақтардың мүддесін қорғау, елге көшіру мәселесін тағы да пысықтап кешенді түрде қарастыру керек деп есептейміз.
Қандастар көші-қонының баяулауы және квота мәселесі. Соңғы жылдары Қазақстанға келетін қандастар саны айтарлықтай азайғаны байқалады. Бұған квотаның қысқаруы немесе кей өңірлерде мүлде тоқтап қалуы тікелей әсер еткен. Бұрын мемлекет тарапынан берілетін қаржылай және әлеуметтік қолдау ауқымды болса, қазіргі таңда ол біркелкі емес және жеткіліксіз деңгейде. Сонымен қатар, квота бөлінгеннің өзінде оны тиімді игеру мәселесі бар, өйткені үгіт-насихат жұмыстары әлсіз жүргізіледі. Нәтижесінде, көші-қон қарқыны төмендеп, тарихи отанына оралу процесі тежелуде.
Бюрократиялық кедергілер мен талаптардың күшеюі. Қандас мәртебесін алу үдерісі күрделеніп, жаңа талаптар енгізілген. Атап айтқанда, «Қазтест» тапсыру міндеттелуі, түрлі анықтамалар жинау қажеттілігі шетелдегі қазақтарға үлкен қиындық туғызады. Әсіресе, жасы үлкен немесе кириллицаны білмейтін азаматтар үшін бұл талаптар ауыр тиеді. Кей жағдайда бұл рәсімдер психологиялық қысым тудырып, адамдардың көшуге деген ниетін әлсіретеді. Сонымен қатар, бюрократиялық кедергілер делдалдардың пайда табуына жол ашып отыр.
Қоныстану және бейімделу. Қандастардың белгілі бір өңірлерде тұрақтамауы – маңызды проблема. Олар көбіне ауа райы, жұмыс табу мүмкіндігі, жалақы деңгейі және туыстық байланыстарға қарай басқа аймақтарды таңдайды. Батыс Қазақстан сияқты өңірлерде жұмыс орындарының тапшылығы мен экономикалық мүмкіндіктердің шектеулілігі әсер етеді. Ауылдық жерлерде инфрақұрылым мен өндіріс дамымағандықтан, қоныстанушылардың тұрақтап қалуы қиындайды. Сондықтан өңірлік даму мен жұмыспен қамту саясатын күшейту қажеттілігі туындайды.
Мемлекеттік саясаттың жүйесіздігі және стратегиялық кемшіліктер. Қандастарға қатысты саясатта жүйелілік пен ұзақ мерзімді стратегия жетіспейді. Диаспора туралы нақты деректер базасының болмауы, көші-қонмен айналысатын арнайы органдардың таратылуы мәселені күрделендірген. Сонымен қатар барлық өңірге бірдей саясат қолдану тиімді емес екені байқалады. Мемлекет шетелдегі қазақтардың жағдайын ескеріп, икемді әрі кешенді саясат жүргізуі тиіс. Жалпы, қандастар мәселесі тек әлеуметтік емес, ұлттық және стратегиялық деңгейде қарастырылуы қажет.

